Неке – нәзік қарым-қатынас. Екі адамның бір бүтін болу жолында байыппен басатын қадамы. Отбасының іргесін ізгілікпен қалап, жұбайлардың жарасымды өмір сүруі. Қысқасы жанұя жайында сөз қозғай қалсақ, тарам-тарам мәселенің шеті көрінеді.

Қоғамда кең етек алған ажырасуды айтып сан мәрте дабыл қағып жүргенде, «азаматтық некені» алданыш етіп жаза басқандар да бар. Сезіміне сенімсіз жандар «танысып-білісеміз» дегенді желеу етіп, заңды түрде неке қимайды. Осылайша ортақ келісімнен опық жеп, ессіздіктен есеңгіреп қалып жатады. Шариғаттың шартына сай келмейтін, заң шеңберінде қарастырылмаған қатынастан соң шақшадай басы шарадай боп шарасыз күй кешкендер кездеседі. Батыстың бүлдіргі мәдениетіне бой беріп, өз тағдырын талқандағанына қарамастан әрекетін ақтап алатынын қайтерсің?
Ерікті түрде бірге тұрғанымен, сезім мен сенім жоқ ұяда бақыт та баянды болмайды. Ерлі-зайыптының міндетін жіті түсінбегендіктен де бір-біріне бағынбай, сыйластыққа сызат түсетіні даусыз. Сосын қалауы болмаған соң қабақ шытып, «жараспадық» деп жөніне кете барады. Ал жауапкершіліктен жалтару жағдайды жеңілдетпейді.
–Шариғатта некенің бір ғана түрі бар – ол өмірлік неке. Некенің басқа түрі жоқ. Ақ неке дегеніміз екі жастың шаңырақ көтеру үшін Алла Тағаланың алдында жасалатын келісім шарт. Бұған ата-ана, туған-туыс, жалпы көпшілік куә болады. Сол себепті неке құпия болмайды, жария жасалады. Қазақ дүркіретіп той жасайды. Бұған ауылдағы бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін қатысып, куәлік береді. Жас жұбайлар шаңырақты уақытша емес, ғұмыр бойы бірге тұру мақсатымен көтереді. Сол үшін өмір көрген қариялар жастарға «бірге қартайыңдар», «қосағыңмен қоса ағар» деп бата беріп жатады. Әрине, бұл дүние мұсылман үшін сынақ алаңы болғандықтан өмірдің қуанышты сәттерімен бірге қиындықтары да болады. Ерлі-зайыптылық өмірдің мақсаты да сол – барлық қиындықты бірге кешіп, жеңіп шығу. Өмір сынақтарына мойымай қол ұстасып, бірге қартаю.
Бақсақ, азаматтық некедегілер тез ажырасады.
Үйленуінен ажырасуы тез болған жастардан мұның себебін сұрай қалсаңыз: «Мінезіміз сәйкес келмеді», – дейді. Олардың мұндай қадамын ата-анасы да құптап, көп ұзатпай келесі біреуге үйленіп жатқанын жиі көріп те жүрміз. Бәлкім мұндай некедегі азаматтарымыз: «Мен дінді ұстанбаймын. Алланың алдында қалай жауапты болмақпын?» деп ойлайтын болар. Алланың алдында жауапты болу үшін дінді ұстанып-ұстанбау шарт емес. Бастысы, сіз саналы адамсыз, сол үшін сұраласыз. Адам тағдырымен ойнауға болмайды, – деді облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы, «Шариғат және пәтуа» бөлімінің жетекшісі Нұрдәулет Жалғасбекұлы.
Асылында, ерлі-зайыпты атану еріккеннің ермегі емес. Құндылықтың құнын жоғалтпау керегін қаперде ұстаған ләзім. Отбасы жауапкершілігін аяқ асты еткен екеудің кесірінен бала зардап шекпеу керек. Ересектің ерсі қылығына бейкүнә сәбидің не қатысы бар? Қиыны да сол. Азаматтық некеде тұрғандықтан заң сәбидің әкесін әлеуметтік те, материалдық та тұрғыдан міндеттей алмайды. Тегінен айырылу баланың да сүйегіне таңба болып басылмай ма? «Жаңа заман» деп желіккендер уақытша бірге тұруды құптап, таңдау жасау керектігін алға тартады. Бірақ таңдау соңы тексіздікке ұрындырса жаһандануға жұтылғанымыз сол емес пе? Әрі қоғамда тастанды сәби көбейсе қайсысының көз жасын сүртіп, басынан сипауға шама келеді? Жетім көңілді қаншалықты жұбата аламыз? Отбасылық жауапкершілікті сезінбеген соң әйел «ана» екенін ұмытып, ер «әкелік міндетін» естен шығарады.
Деректерге сүйенсек, шамамен 25%-ы азаматтық некеге оң көзқараспен және 30%-дан астамы бейтарап қарайды. Яғни Қазақстанда әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін. Қолдамайтындардың үлесі – 32,8%.
– Адамның аласы да, құласы да болады. Адамзаттың басты қажеттілігі – тұрмыс құру немесе үйлену. Бүгінде осы құндылықтар құнсызданып бара жатқан секілді. Өйткені екі адамның өмір жолын бір-біріне байлауы ойнайтын дүние емес. Ол ой шеңберінде жауапкершілікпен жүзеге асуы тиіс. Мұны бүгінгілер үш түрге бөліп қарастырып қойған. Оны мұсылмандық, азаматтық, мемлекеттік тіркеу деп жіктеп, жіліктеп алыпты. Осының ішінде адамзатты азғындыққа, теріске тартатын бағыт бар. Ол – азаматтық неке. Мұны біз жай ғана қарапайым көріп жүрміз. Бірақ оның астарында жауапкершілікті толық алмау, ұлы құндылыққа деген бей-жай қарау, азғындықтың профориесі бар екенін ойға алмаймыз. Өткенде осыған байланысты әлеуметтік желіден мынадай дүние оқып қалдым: «Ер мен әйел алдымен кемінде жарты жыл азаматтық некеде тұруы керек, жарасымды болса жақсы, болмаса, екі жаққа кеткен дұрыс» дейді. Біз осының өзімен үйлену дегеннің салмағын су татымайтындай етіп тастағандаймыз. Сол үшін отбасын құрарда мәңгілік дегенді ұстану керек. Сонда ажырасу да, азғындық да азаяр деп ойлаймын, – деді Д.Әділқызы.
Осы мәселеге қатысты әйел адамдар психолог пен заңгердің көмегіне жүгінетін көрінеді. Тіпті жиырмаға жуық әйел адам алданғанын айтып, ішкі сырысымен бөліседі екен. Қысқасы «азаматтық некені» еркіндік деп білген соң кез келген уақытта есікті тарс жауып кетуге болады деп ойлайды-ау, сірә? Иә, күйеуі яки жігіті деп қабылдарын білмей дал болу да санаға сыйымсыз. «Жар таңдауда қателеспеймін» дейтін ақылы асқандар түбінде жарға соғылатынын ескермейтіні өкінішті.
«Тамыры жоқ қаңбақтың ұшарын жел, қонарын сай біледі» демекші, тектілікті жоғалтып теңселіп кетуден сақтасын. Шаңырақтың шырқы бұзылып, уақытша одақтан мән кетсе ұлт ұсақталып, қоғам құбылып кетпей ме?

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!