Бекарыс НҰРИМАН, PhD докторы,ғалым-аудармашы:

Көктемнің шуақты аптасында «Құтадғу білік» еңбегінің жаңа аудармасы жарыққа шықты» деген сүйінші хабар жетті бізге. Қарахандар дәуірінде жазылған құнды жәдігерді PhD докторы Бекарыс Нұриманов аударған. Еңбектің атауы –  «Құтты билік: «Құтадғу біліктен» таңдамалы бәйіттер». Аударма кітаптың мазмұны, осыған дейінгі еңбектерден ерекшелігі турасында толығырақ білу үшін автормен емен-жарқын әңгімелестік.

Үш жазба да түпнұсқаның көшірмесі

‒ Бекарыс, бірнеше жылдан бері ежелгі дәуір әдебиетін зерттеп келесіз. Жалпы түркі ғылымына деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

‒ Ең алдымен, ғылыми зерттеу жұмысыма назар аударып, халыққа жеткізу үшін сұхбатқа шақырғаныңызға рақмет!

Ғылым саласына кездейсоқ емес, саналы түрде табанды шешім қабылдап келдім. 2012 жылы магистратураға құжат тапсырмас бұрын көп ойландым. Оған дейін әдебиеттің, өнердің, айтыстың маңайында жүргеннен кейін әдебиетті жай біліп қана қоймай, зерттеу саласындағы маңызды тақырыптарды тереңірек білу үшін оқуды жалғастыруға бел будым. Сол уақытта көне дәуір әдебиетін зерттесем деген ниетім болды. Алайда магистрлік диссертациямды айтыс тақырыбында дайындадым. 2012-2014 жыл аралығында зерттеген бұл жұмысымды сәтті қорғадым. Арада бір жыл өткен соң докторантурадағы оқуымды бастадым. Орта ғасыр, көне дәуір әдебиетін зерттесем деген ниетім, ежелгі дәуір әдебиетіне деген ықыласым бәрібір осы тақырыпқа алып келді. Ежелгі дәуір әдебиеті, оның ішінде «Құтадағу білік» тақырыбын ғылыми зерттеуге бекітіп бергеннен кейін шығарманы түпнұсқадан оқуға бар уақытымды арнадым. Негізгі қызығушылық өз алдына, менде үлкен жауапкершілік пайда болды. Өйткені осы уақытқа дейін ежелгі дәуір, орта ғасыр әдебиетін зерттеген мамандар өте аз екені жасырын емес. Неге біздің ешкімге құл болмаған, әлемге әмір жүргізген кездегі және сондай дүниетанымнан туған әдеби шығармаларымыз кеңінен насихатталмайды? Иә, кейінгі дәуір, әсіресе кеңестік психологияны сипаттайтын әдебиетті зерттеп жүрген ғалымдар бар, мен оларды жоққа шығармаймын. Бірақ арада тепе-теңдік болуы керек қой. Біз оған дейінгі әдебиетті де насихаттап, зерттеуіміз керек емес пе? Осыны ескере отырып, бірінші кезекте көне дәуірдің психологиясын түсінуге деген қызығушылығым одан әрі жауапкершілікке әкелді, ғылымға терең бойлауыма негіз болды.

‒ Тарихи деректерге сүйенсек, «Құтадғу біліктің» бізге жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі, Вена қаласындағы Корольдік кітапханада, екіншісі Каирдың Хидив кітапхана қорында, ал келесі қолжазба Ташкенттегі Шығыстану институтында сақтаулы тұрғаны айтылады. Сіздің еңбегіңіз қай нұсқадан аударылды?

‒ Иә, қазір «Құтадғу біліктің» үш қолжазбасы бар.Үш нұсқаны да Баласағұндық Жүсіп еңбегін тануда өте маңызды қолжазба деп есептейміз. Бұл жерде ескеретін маңызды жайт, зерттеуші ғалымдар үшеуінің де көшірме екенін айтады. Енді біз мына мәселеге мән берейік, көне дәуірдің өзінде жазылған кітаптар көшіріліп, көбейтіліп, елден елге, жерден жерге таратылып отырған. Мінекей, бұл да сол дәуірдегі кітаптың қайта басылуы, таралуы сынды кітап мәдениетінің түркі даласындағы көрінісі деуге болады. Ол дәуірде графика да әртүрлі болған, оған осы кітаптар дәлел. Мысалы, Вена нұсқасы соғды жазуы негізінде жасалған көне ұйғыр графикасымен көшірілген. Ал Каир мен Ферғана нұсқасы араб графикасымен хатқа түскен. Қай-қайсысын алсақ та, араларында аса бір алшақтық жоқ. Мәселен, бір нұсқадағы кейбір түсіп қалған беттер келесі нұсқада кездесіп отырады. Жалпы мәтін бір, тек арасында аз-маз айырмашылық бар. Түрік ғалымы Рашид Рахмет Арат осы үш нұсқаны салыстыра отырып, бірінде жоқ үзіндіні екіншісімен толықтырып, «Құтадғу біліктің» толық мәтінін құрастырып шыққан. Нәтижесінде 6645 бәйіттің тізімін жасаған.

Аударма жұмысын жасаған кезде мен үш нұсқаның екеуін негізге алдым, өйткені көне ұйғыр графикасын оқи алмаймын. Бәлкім, алдағы уақытта үйренуге болатын шығар. Ал араб графикасындағы екі қолжазбаны толықтай оқыдым, аударманы да осы екі нұсқаға қарап жасадым. Дегенмен тек осы екі нұсқамен шектелмей, Рашид Рахмет Араттың еңбегіне, қырғыз, ұйғыр, әзірбайжан және қазақ тіліндегі А.Егеубаев пен Ә.Құрышжановтың аудармасына қарап отырдым. Аударма жасауыма белгілі түркітанушы ғалым, Профессор, доктор Хүлия Касапоғлу Ченгел апайымның дәрісі себеп болды. Анкарада екі семестр бойы апайымның Қарахан дәуірінің жазба тіліне қатысты сабағын алғанмын. Сонда әуелі «Құтадғу біліктің» Ферғана нұсқасындағы араб қарпімен жазылған сөздерді латын графикасына аудартады, сосын әр сөздің түбірін, жалғауын, жұрнағын, мағынасын және жалпы бәйіттің мағынасын талдатады. Әр сөздің көк түрік жазбасынан бастап, қазірге дейінгі өзгерісіне назар аудартады. Соңында сол бәйіттің ұйғыр, қазақ, қырғыз, әзірбайжан және түрік тіліндегі, яғни бес тілдегі аудармасымен салыстырамыз. Сол сабақтың нәтижесінде «Құтадғу біліктің» жаңа аудармасы дүниеге келді деуге болады.

‒ ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов бұл еңбек жайлы «ХХ ғасырда «Құтадғу білік» ел басқару ісімен емес, біліммен байланыстырылды. Сол себепті кітап адамды екі дүниеде бақытқа жеткізетін дидактикалық, философиялық, әдеби көркем шығарма деп түсіндірілді» дегенді айтады. Көпшіліктің пікірі де осыған саяды. Бірақ аударма кітаптың атауы ‒ «Құтты билік». Осы жерде кітаптың мазмұны жайлы өзіңіз түсіндіріп беріңізші…

‒ Иә, менің ұстазым, академик Сейіт Қасқабасов «Құтадғу білікке» қатысты ақыл-кеңесін үнемі айтып отырады. Жақында жарияланған кітаптың алғы сөзін де ұстазым жазды. Бұл жерде ескеретін бір жайт, кітаптың атауы «Құтты билік» қана емес. «Құтты билік:«Құтадғу біліктен» таңдамалы бәйіттер» деп аталады. Оның себебі «Құтадғу білік» сөзін қазақ тіліне немесе басқа тілге тура мағынасында аудару өте қиын. «Құт» пен «білік»  сөздері сол заманда бірнеше мағынада қолданылған.

Сейіт ағайдың айтып отырғаны негізсіз емес. ХХ ғасырдың басында Кеңес ғалымдары «Құтадғу білік» сөзін қалай аударамыз деп ойланып, көп талқылаған. Сосын В.Бартольд, В.Радлов, С.Малов, А.Валитова сынды түркітанушы ғалымдар бірнеше нұсқа ұсынды. Мысалы, олар «Наука об управлении», «Знание, образующее царей», «Осчастливливающее управление» деп атаған. Былай қарасақ, кеңес түркітанушыларының өзі бұл еңбекті билікпен байланыстырған. Алайда «білімге қатысты» деген пікірлер де жетерлік еді. Сол талқының соңында ғалымдар «Благодатное знание» деген атауға тоқтаған. Әрі қарай «Құтадғу білік» халыққа насихат, уағыз мазмұндағы кітап ретінде кеңінен таныстырылды. Біздің елде де осы тақырыпқа байланысты көптеген зерттеу жүргізілді. Мен де билікке қатысты пікірді ұстанған ғалымдардың пікірмен келісіп, сол көзқарасқа басымдық бердім. Неге? Өйткені біз «Құтадғу білікті» адамды бақытқа жеткізетін білім, уағыз-насихат үлгісіндегі шығарма ретінде жан-жақты таныттық. Бірақ билікке, мемлекет басқару ісіне қатысты кітап екенін насихаттау жағы кемшін болды ма деп ойлаймын. Сол себепті осы бағытқа көбірек мән беріп, ел басқаруға қатысты айтылған бәйіттерді топтастырып жарияладық. Осы жерде «он ғасыр бұрын бабаларымыз құрған мемлекет және оның құрылымы, басқару жүйесі, ел басқару философиясы, билік пен халықтың қарым-қатынасы қандай болды?» деген заңды сұрақ туады. Бұл еңбек сол сұрақтың жауабын көрсететін бірден-бір дәлел. Яғни, біз мемлекет құрып көрмеген, мәдениеттен жұрдай, малдың соңында жүрген халық емеспіз.

Бұл шынымен тарихи оқиға

‒ Еңбекті дайындау барысында бұрын-соңды білмеген, таңсық дүниелерді де байқаған боларсыз… Кітаптың өзіңіз үшін де «жаңалық» болған тұстары болса оқырманмен бөліссеңіз…

‒ Аудару барысында мені бұрынғы мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымы жөніндегі деректер ерекше таң қалдырды. Сол үшін осы бағытқа басымдық бергенім рас. «Құтадғу білікте» жаңалық деп айтатын дүние өте көп. Сол дәуірдегі лауазым түрлері өз алдына, ұл мен қызды бөліп-жармай оқыту туралы ең өзекті мәселелер қамтылған. Ал сіз сол заманда қыз баланы оқыту жөніндегі деректі қай халықтың тарихынан таба аласыз?! Орта ғасырда білім берудің өзі көп елде өте төмен деңгейде болғанын ескерсек, бұл шынымен тарихи оқиға деп айтар едім.

Осыған дейін Асқар Егеубаев пен Әбжан Құрышжанов «Құтадғу біліктің» поэтикалық аудармасын жасаса, Берікбай Сағындықов кей бөлімін тәржімалады. Осы еңбектерден сіздің аудармаңыздың басты ерекшелігі неде?

Маған дейінгі үш ғалымның қазақша аудармасын жоғары деңгейдегі еңбек деп бағалаймын. Неге десеңіз, үшеуі де «Құтадғу білікті» тануда өте үлкен еңбек сіңірді. Ең алғаш 1986 жылы Асқар Егеубаев Рашид Рахмет Араттың үш нұсқасын біріктірген толық нұсқасын тәржімалады. Баласағұндық Жүсіп шығарманы бәйіт (екі жолдан тұратын өлең) үлгісінде жазған болса, Асқар Егеубаев тура сол өлең үлгісінде аударды. Екінші аударманы 1991 жылы белгілі тілші ғалым Берікбай Сағындықов жасады. «Құтадғу біліктегі» ақыл, білім, тіл өнеріне қатысты бәйіттерді мағыналық тұрғыда жолма-жол аударды. Сонымен қатар, кирилл графикасында транкрипциясын беріп, оқу құралында жариялады. Үшінші аударманы 2004 жылы белгілі түркітанушы ғалым Әбжан Құрышжанов жасады. Ол «Құтадғу біліктің» Ферғана нұсқасын ғана аударды. Негізінде әр нұсқа осылай жеке-жеке аударылуы керек. Осы орайда Әбжан Құрышжановтың еңбегі өте жоғары деп айтуға болады.

Аударма жасайтын тұста маған «осыған дейінгі жасалған аудармаларды қайталап немесе оларды жоққа шығарғандай болып қайтемін» деген ой келді. Сол себепті шығарманың мағыналық аудармасын жасағым келді. Сол үшін аудару барысында ұйқас, буын деген секілді өлеңнің талаптарын сақтаған жоқпын. Екі жол өлеңде айтылған сөздің мағынасын ғана аударып отырдым. Менің аудармамның ерекшелігі осы.

Екі жыл бұрын Анкарада «Құтадғу білік» шығармасының жазылғанына 950 жыл толуына орай балаларға арналған «Құтты білік» шығармасы қазақ тіліне аударылды. Бұл бастама өз елімізде қолдау тапты ма? Жалпы осы құнды жәдігерді мектеп оқушылары мен жастар арасында насихаттау жұмыстары туралы не айтар едіңіз?

‒ ЮНЕСКО 2019  жылды бүкіл әлемдік деңгейде «Құтадғу білік» жылы деп жариялады. Осы орайда дүниежүзіндегі ғалымдар жыл соңына дейін әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жоғары деңгейде атап өтті. Соның аясында Түркияда «Құтадғу біліктің» балаларға арналған түрікше нұсқасы жарық көрді. Кейін оны Ержан Арғынбаев бауырым мен Айнұр Ахметова қарындасым қазақшалап, ол Түркияда жарық көрді. Жинақтың ел арасында насихатталуына аудармашылар, құрастырушылар барынша тырысты. Осындай аударманың дайындалғанына шынымен қуанамын. Себебі бабалар мұрасын жан-жақты танытуымыз керек.

Президент ‒ кітаптың ең бірінші оқырманы

Ғылымға ден қойған жастардың бірісіз. Соңғы уақытта ғылымға қолдау жоқ деп жиі айтылады. Бұл тұрғыда не айтасыз, мәселен, сіздің еңбегіңіз лайықты бағаланды ма?

‒ Кейінгі кезде ғылымға бет бұрушы жастардың аз екені жиі айтылып жүр. Солай екені де рас. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға келсек, ғылыми жобалардың конкурсы жиі жүргізіліп жатыр. Осыған дейін үш жылда бір рет өтетін еді, министр болып А.Аймағамбетов мырза келгелі жылда өтетін болды. 2020 жылдың өзінде бес конкурс жарияланды. Бұрын жалпы конкурс ұйымдастырылса, қазір жастарға арналған жеке конкурс өтті. Оған 40 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Өз басым Қазақстаннан ғылыми жоба ұта алмадым. Бірақ шетелден 2 рет жоба жеңіп алғаным бар. Соның нәтижесінде аударма кітабым жарыққа  шықты.

Онан бөлек әр аймақта облыс бюджеті қаржыландырылатын қаншама ғылыми жоба бар. Алайда олардың нәтижесі қандай? Жақсы жоба дайындайтын ғалымдар жоқ емес. Бірақ кейбір жобалардың жүзеге асуына менің көңілім толмайды әрі елдің азаматы ретінде де алаңдаймын. Сондықтан ғылымға әлде де тереңірек көңіл бөлінсе екен деп ойлаймын.

Өз еңбегім жайлы «бағаланбай қалды» дейтін ренішім жоқ немесе «керемет бағаланып жатырмын» деп те айта алмаймын. Ең бастысы, ғылыми жұмысымның нәтижесіне халық тарапынан сұраныс бар. «Құтты билік:«Құтадғу біліктен» таңдамалы бәйіттер» кітабымды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы оқыды. Кітаптың ең бірінші оқырманы да сол кісі болды. Мұның өзі мен үшін үлкен жетістік. Бірақ мен «қалайда Президентке жеткізсем, сол кісі оқыса екен» деп мүлде ойлаған емеспін. «Құтадғу білік» жайлы телеарналарда айтып, газеттерде мақала жазып, әлеуметтік желіде ақпарат тарата бастадым, одан Президент әкімшілігі де хабардар екен. Өздері хабарласып, кітап жайлы сұрады. Тезірек баспадан шығарып бердім. Мұның өзі маған зор шабыт сыйлады. Көп ұзамай шетелден кітапты қаржыландыру туралы хабар келді.

‒ Аударманы кітап етіп шығардыңыз. Тұсаукесері де өтті. Ендігі жоспарыңыз қандай?

Иә, кітаптыңтаныстырылымы Нұр-Сұлтанда өтті. Жиынға ұстазымдарым, елге белгілі ғалымдар қатысты. Атап айтқанда, елімізден белгілі ғалым, ф.ғ.д., профессор, академик Сейіт Асқарұлы, белгілі алаштанушы ғалым, ф.ғ.д., профессор, академик Дихан Қамзабекұлы, руна жазуының нағыз маманы, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, Анадолыдан профессор, доктор Өжал Оғуз бен профессор, доктор Хүлия Касапоғлу Ченгел сынды ұстаздарым және профессор, доктор Абдулуақап Қара есімді тарихшы ағам сөз сөйлеп, пікірін білдірді.

Кітап жайлы сын-ескертпелер де, шабыт беретін жылы сөздер де айтылып жатыр. Мен мұның бәрін қуана қабылдаймын. Себебі сын-пікірлер қатемді түзеп, мені одан әрі дамытады деп ойлаймын. Ал алдағы жоспарға келсек, қолға алған бастамаларымыз баршылық. Оны уақыты келгенде айтармыз.

‒ Жалпылама алып қарасақ, ежелгі дәуір әдебиетінің барлық мәселесі зерттеліп болғандай көрінеді. Ғалым ретінде мұны жақсы білесіз. Мәселен, қазір дипломдық, диссертациялық жұмыс қорғайтын, қызығушылығы бар жастарға ұсынатын қандай актуалды тақырыптар бар? Бұл салада нендей мәселелер өзекті?

‒ Ежелгі дәуір әдебиеті толық зерттелді деп айту қиын. Мәселен, бір ғана «Құтадғу біліктің» айналасында зерттелмеген қаншама дүние бар. Сол сияқты басқа да ежелгі дәуір ескерткіштерін алып қарасақ, зерттеу қажет тақырыптың көп екенін байқауға болады. Қазір осы салаға жастарды қызықтыру жолдарын барынша қарастырып жатырмыз. Бірақ олардың қызығушылығы әртүрлі екенін де ескерген жөн. Ал ғылымға шын ниеті бар жастарға бағыт-бағдар беруге қашанда дайынбыз.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!