Маусым басталғалы көпшіліктен маза қашты. Күн сәулесінен қорған іздеген жұрт көлеңке мен салқындатқышты жағалап әлек. Бірақ шілденің шіліңгірі мен нағыз аптап ыстық әлі алда. Осы орайда «Ауа температурасының жоғарылаған шағында ағзаға қандай қауіп төнуі мүмкін?» деген сауалмен мамандар зерттеуін шолып шықтық.

Оңтүстік аймақтағы тұрғындар үшін жаз ұзақ мезгілдің бірі саналады. Күнтізбедегі үш ай ыстықтың әсерінен тағы бір тоқсанды қосып алғандай тағатты тауысады. Осы сәтте жиі жасалатын қателік – көпшілік шөлін қант мөлшері көп газдалған сусынмен басады. Бұл сауда иелері үшін үлкен мүмкіндік екені рас. Алайда ағза ауа температурасының әсерінен қызып, шөл қысқанда кәдімгі таза суды таңдаған дұрыс. Мұны мамандар да растайды. Ал қатты терлеген кезде минералды немесе электролиттері бар сусындар пайдалы әсер береді. Қарбыз, қауын, қияр сияқты суы мол жеміс-көкөністер де шөл басуға ықпал етеді. Ертеректе үлкендер айран, қымыз, шұбат сияқты дәстүрлі сусындар ағзадағы сұйықтықты толықтыратынын білген.

Күн көкжиекке көтерілген сәтте-ақ теріні күйдіріп, керек десеңіз күлдіретіп жіберетіні бар. Десек те аймақта қолшатыр ұстау дағдысы қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан кең жиекті бас киім мен күннен қорғайтын көзілдірікті тастамаған абзал. Осы орайда мамандар ашық түсті, кең әрі жеңіл киімді таңдауға кеңес береді. Жаздық киім ауа өткізетін мақта немесе зығыр матадан тігілсе, тіпті жақсы.

Әдетте күннің ең ыстық сәті 12.00-17.00 аралығында жалғасады. Дәл осы уақытта сақтық шараларына салғырт қарамаған жөн. Үлкен кісілер мен балалардың күн астында көп жүрмеуін қадағалау – қан қысымының көтерілуі мен іш ауруларының алдын алады. Бас ауру, айналу, әлсіздік, жүрек айну, қатты шөлдеу, дене қызуының көтерілуі секілді белгілер байқалса дене еңбегін азайтқан дұрыс. Ал егер адам есінен танып қалса, санасы шатасса немесе дене қызуы өте жоғары болса, шұғыл медициналық көмек қажет. Қызылорда секілді құрғақ әрі өте ыстық климатта (+40°C және одан жоғары) көбірек сақтық қажет. Себебі мұндай ыстықта шөлдеу сезімі ағзаның су жоғалтып үлгергенін білдіруі мүмкін. Аптап ыстықта ағза ауыр тағамдарды қорытуға қосымша энергия жұмсайды. Сол үшін тамақты жеңілдету ыстықтың аз да болса ықпалын төмендетеді. Жиі су ішу, көбірек көлеңкеде болу, жеңіл киім секілді аптап ыстықтан қорғанудың үш қағидасын қаперде ұстасақ, салқын күндерге сергек жетеріміз анық.

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!