«Қанша рет құлағаның маңызды емес. Бастысы – қайта тұруға бойыңнан күш табу». Бұл – танымал кино немесе сериалдан алынған үзінді емес. Мұндай ойды сіз жапонның өміршең өнері – мангадан оқи аласыз.

Манга – жапондық комикс. Хоррор, романтика, триллер, фантастика, фэнтези – мұнда жанрдың кез келген түрі бар. Десе де көпшілік үшін бұл әлі де түсініксіз дүние. Қоғамда мангаға әуес балаларға ерекше көзқараспен қарайтындар да аз емес. Бірақ шынында манга дегеніміз не? Ол неге әлемді жаулап алды? Бірге білейік.

Жапон тілінен аударғанда «еркін суреттер» дегенді білдіретін бұл өнер түрі бүгінде әлемді бағындырған мәдени феноменге айналды. Манганың түрлі түсті болмауы – оның кемшілігі емес, басты фишкасы. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, олардың авторы – мангакалар апта сайын жаңа тарау шығаруға тиіс. Уақыттың тығыздығы үлкен рөл ойнайды. Екіншіден, ақ-қара формат оқырманның зейінін кейіпкердің ішкі толқынысына, көзқарасы мен сезіміне аударады. Сіз суретті өз қиялыңызбен бояйсыз. Мәселен «Мориартидің патриотизмі» сияқты детективтік шығармалардағы жұмбақ пен шиеленісті ақ-қара түстен артық ештеңе жеткізе алмас еді. Мұны оқығанда тура Шерлок Холмстың әлеміне енгендей күй кешесіз.

Мангака болу – темірдей тәртіпті талап ететін мамандық. Олар аптасына 20-30 бет сурет салып үлгеруі тиіс. Мысалы, әйгілі Эйитиро Ода «Ванпис» туындысын 1997 жылдан бері тоқтаусыз салып келеді.

Манга – тек балаларға арналған ермек емес. Оның сан алуан жанры бар. Мәселен, кодомо балаларға арналған. Балалықтың дәмін берген «Покемон» шығармасы осы санатқа жатады. Ал сёнэн болса, жасөспірім жігіттердің сенімді серігі. Мұнда күрес, шынайы достық және өмірлік мақсатқа назар басым. «Армандар орындалады! Ешкімнің саған «қолыңнан келмейді» деуіне жол берме!» Бұл – «Менің қаһармандық академиям» кейіпкері Изуку Мидорияның сөзі. Осы жанр арқылы жастардың қайсарлық идеологиясы қалыптасады. Сонымен қатар «Наруто» – бұл жанрдың алтын ордасына айналды. Оның «ешқашан берілмеу» принципі миллиондаған жастың жігерін жандырды. Ал алғашқы махаббат пен нәзік сезімдер туралы сёдзе баяндайды. Осы орайда талай қыздың сүйіктісі атанған «Сейлор мун» еске түседі. Сондай-ақ манга спортқа деген құлшынысты да оята алады. Мұнда волейбол, баскетбол, футбол, тіпті мұзда сырғанау туралы керемет туындылар бар. Сондықтан манга – қалағанға қолдау, ізденгенге ілім болатын дүние.

Манганың тамыры тым тереңде жатыр. XII ғасырда Тоба Сёдзо есімді монах жануарларды кейіпкер етіп, алғашқы шиыршық суреттерді жасаған. Содан бері бұл өнер үздіксіз дамып, II дүниежүзілік соғыстан кейін қазіргі заманауи кейпіне енді.

Манга – қағазға түскен кино. Ол туралы әлі де сөз қозғауға болады. Бірі достықтан дастан жазса, екіншісі өмірдің өлшемін өзек етеді.

P.S: Егер балаңыздың қолынан манга көрсеңіз, қорықпаңыз. Мүмкін, ол дәл қазір ұлы оқиғаның куәсі болып, өзіне рухани азық жинап жатқан шығар.

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!