Құрметті редакция! Көпбалалы анамын. Бірақ көпбалалы екенмін деп, біреуге алақан жаюға құштар емеспін. Құдайдың берген несібесін теріп жеп жүрміз. Баланы да ізімізді жалғайды деп өмірге әкелдік. Ол үшін де міндетсінбеймін. Жас отбасылардың жай-күйін, олардың өмірі мен тыныс-тіршілігін көбіне тақырыпқа тиек етіп жүресіздер. Айтары бар «Ақмешіт жастарының» тұрақты оқырманымын. Сіздерге алдағы уақытта балалардың мектепке дайындығы туралы мақала жазуларыңызды сұраймын. Олай сұрауымның себебі мынада жатыр. Тамыз бастала сала ертеңгі күні қымбаттап кетеді деп, базар барып, балаларды киіндіріп қайттым. Құдай берген бес балама 500 мың теңге қаражатым кетті.
Иә, жер-жерде жәрмеңке басталады. Қыркүйек мойнын соза бастағанда ауылдағылар малын базарға шығарады, ала жаздай шөп шауып, оны сатады. Басшылығы жағдайға қарасқандар айлығын алдын ала жаздырып алып, саудагерлердің алдына барады. Міне, бұл бағзыдан қайталанып келе жатқан дәстүр ғой.
– Әй, Мырқымбай, тұр, қане? – деді енем жолдасыма. – Ертең қымбатына ұрынып қалады. Қызыл сиырды баспағымен қосып сатып кел. Қазір семіз, пұл болады. Сөйт те, келіншегіңе өткіз ақшасын. Балалар ешкімнен кем болмай, мектепке жарқырап барсын.
Осы сөзді естіп алған күйеуім алып ұшып базарға барып, сиырды баспағымен қосып сатқанда 750 мың теңгені алып келді. Бес жүзді қолыма қыстырып, қалғанына тоқты сатып алды. Бір мал сатсақ, орнына бір мал алып қоймасақ, орны толмай қалатыны тағы бар.
Базарға барсақ, әліптің артын бақпай, дер кезінде, болатты қызғанында соғатын біз сияқтылар бар екен. Аяқ алып жүру қиын. Саудагерлер де жарнамасымен жер жарып, жағадан алып тұр. Бір аралап шығып, ақшаны ышқырға салып, тобыр халықтың ортасынан суырылып шықтық, әйтеуір. Қолға жазып алған тізімді көзбен бір сүзіп, тағы бір айналдық. Базарды салыстырдық, бір жерде сағаттап тұрып, таңдау жасадық. Иә, қазір баланың киімі бастықтың тонынан қымбат болып тұр. Бес айналып, бес жүз мыңды саудагерлердің қалтасына сүңгіттік.
Ендігі ұсыныс, мектеп жәрмеңкесін көптеп өткізсе… Содан соң оны да базардағы саудагердің еркіне бермей, әкімдіктер өздері атсалысса екен. Өйткені, қазіргі жәрмеңке базардың ортасындағы затты шетке шығарып, маңдайына жәрмеңке деп жазудан әрі аспай тұр.
Өткен жылдары арзан ғой деп алғаным бар. Ай өтпей жатып, аяқ киім баламның аяғын терлетіп, иістендіріп, су жаңа бәтіңкені қоқысқа тастап едім. Үнемдеймін деп жүріп, екі шығындалдым. Мұны да ескеру керек шығар… Жәрмеңкеге сапалы тауарлар арзан бағамен шығарылса, нұр үстіне нұр болар еді… Өйткені, ауылдан ат терлетіп келген талайлар жәрмеңкеге маңдай тірейді. Сосын дені сау ұрпақ қайдан шығады?! Біз елдің әл-ауқатын көтергеннен бұрын дені сау ұрпақ қалыптастыруды ойлауымыз керек.
Ойдан ой туады ғой. Жеңіл өнеркәсіпті өзімізде де дамытуымызға қабілетіміз жеткілікті. Бірақ ынта жоқ тәрізді. Ата-анамыздан естіп өскен кезіндегі Қызылордадағы фабриканың ізі де жоқ қазір. Осы күні біз «мәссаған, түріктікі екен, сапалы» деп түрік ағайындарды төбеге көтеріп жүрміз ғой. Шын мәнінде сол түріктерге тері илеп, етік тігуді үйреткен біздің ата-бабамыз емес пе?! Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» кітабын оқысаңыз, намысын ажалынан биік қойып, өліп кетсем де намысымды аяққа таптатпаймын деген қазақтың қандай ержүрек болса, соншалықты өнерлі екенін білер едіңіз?!
Бірді айтып, екіге кетеміз. Осы жеңіл өнеркәсіп өңірде қолға алынса, қандай ғанибет?! Қазақтың дені сау ұрпағын өсіреміз десек, арзанды алдына ұсына бермей, бағасын төмендетіп, сапалы киім-кешек алуына жағдай жасайық! Бүгінгі елдің көзі ашық, көкірегі ояу. Олар бүгінмен өмір сүрмейді, ертеңді ойлайды. Олар алақан жаймайды, маңдай терін төгеді.
Махаббат САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
