Алматыда балаларына дұрыс тәрбие бермеген 23 адам ата-ана құқығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ашық дереккөз

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен жалпықалалық 13 жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген.

Нәтижесінде 357 жасөспірім, сондай-ақ 380 қолайсыз отбасы анықталып, есепке алынған.  

“Бүгінгі таңда ІІО-да есепте 393 кәмелетке толмаған жасөспірім және 583 қолайсыз отбасы бар. Қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына 653 кәмелетке толмаған бала орналастырылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде (сағат 22.00-ден кейін) және тұрғын үйлерден тыс жерде (сағат 23.00-ден кейін) болғаны үшін 5640 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің басшысы Жанна Шонжанова. 

Сондай-ақ спикер қала және аудандар әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялармен өзара іс-қимылдың кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алудың негізгі тұтқаларының бірі саналатынын айтты.

Жыл басынан бері комиссия отырыстарында кәмелетке толмағандардың мүдделеріне қатысты түрлі деректер бойынша 250 материал қаралып, 23 ата-анаға ата-ана құқығынан айыру түріндегі шара қолданылды. Тағы 539 ата-ана балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!