Фото: ашық дереккөзден

Қаржы табудың түрі көп. Мемлекеттік қызметтен жеке жұмыс істеу бүгіннің басты тренді. Ондайда әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Төбеңнен төнген бастық та болмайды, ешкімге есеп беріп жатпайсың. Мұндай жұмыстың бірін фриланс деп атайды. Фрилансердің табатын табысы мен атқаратын қызметі бәріне қызық.

Фрилансер – ұйымнан, мемлекеттік қызмет, немесе компаниядан тәуелсіз жұмыс істейтін адам. Ол уақытша болмаса келісімшарт негізінде қызмет ұсынады. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде қашықтықта еңбек істеуге мүмкіндік береді. Жұмыспен қамтудың бұл түрі кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға, өзіндік қалыптасуға ықпал етеді. Себебі, фрилансерлер көбінесе өз бизнесін басқарып, жаңа бастамаларды жүзеге асырады. Фриланс – ол тек табыс көзі ғана емес, жаңа таныстық және мол тәжірибе жинауға көмектесетін оңтайлы орта.

Егер сізге арнайы бір тақырыпта мәтін қажет болып, алайда оны жазуға мүмкіндігіңіз болмаса, копирайтер қызметіне жүгінсеңіз болады. IT саласы, таргет, аудармашы, журналист, программалау, дизайн, заң аясында, тіпті мектеп пәндерін де игеруге көмек көрсететін мамандарды фриланс саласынан тапсаңыз болады. Қазіргі кезде 68% қазақстандық 150 мыңнан 340 мыңға дейін табыс табады. 2022 жылдан бастап фрилансерлерге жұмыстың сапасы мен түріне қарай 200 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылатын болды.

– Тұрақты жұмысы бар әр адамның міндетті түрде бөлек табыс көзі бар. Бұл өмірдің кез келген жағдайына дайын болуды үйретеді. Мен студентпін, сабақтан бөлек уақытымды тиімді пайдалану мақсатында қосымша табыс көздерін іздестірдім. Қазір копирайтерлікпен айналысамын, одан бөлек орыс тілінен онлайн сабақ өтемін. Күнделікті табыс қаржылай тәуелсіздікке де, сауаттылыққа да әкеледі. Сондай-ақ көп ізденіс үстінде болғандықтан кез келген салаға машықтанған қызметкер боласың. Ол сенің кәсіби шеберлігіңді арттырып, маман ретіндегі сұранысыңды жоғарылатады, – дейді студент Луиза Рашидқызы.

Үйде отырып-ақ күніне 10-15 мың табу туралы әлеуметтік желілерде пост көрген боларсыздар. Жұмыс табуға арналған арнайы аккаунттар бар. Мәселен, WhatsApp, Telegram желілерінде хабарламаларға жауап беру, онлайн сату менеджері, оператор, SEO мамандарға сұраныс басым. Ғаламтор кеңістігінен арнайы сайттарды да іздеп табуға болады.

Егер фриланс саласына енді аяқ басқан болсаңыз, арнайы биржалар арқылы қадам жасаған дұрыс. Қазақстандағы ең үздік фриланс биржаларының бірін атап өтейік.

Аllfreelance.kz фрилансер мен тұтынушыға оңтайлы және ұтымды қызмет түрін ұсынады. Бұл биржада географиялық шектеулер жоқ. Тапсырыс берушілер әлемнің кез келген нүктесінен маман көмегіне жүгіне алады.

MegaMaster – Қазақстан бойынша қызметтерге онлайн тапсырыс беру сервисі. Қосымшада тұрмыстық немесе іскерлік тапсырмаларды орындау үшін 7 мыңнан астам тұрақты және дәлелденген мамандар бар. Осы немесе мұнан да бөлек биржалардан тапсырыс беруге немесе тапсырыс алуға мүмкіндік көп.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!