«Қызылорда ОПД ЕҚКІБ
тарапынан жарияланған сайысына»
Қазіргі таңда, өкінішке орай, адамзат баласын аздыратын темекі, ішімдік, наша сияқты зиянды заттардың адам өмірінде кең етек алуы көңілді жабырқатады. Нашақорлыққа көбінесе, жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің зиянын шегіп жүрген адамдар көбейіп барады. Күні кешеге дейін қазақ ұғымында “нашақор”, “маскүнем” деген атау болған емес. Өздерінің бос уақыттары мен қызығушылықтарын пайдасына емес, залалына қарай бейімдеген жастар, бір-бірінен артық болып көрінгісі келген жасөспірімдер, жақсы мен жаманды ажырата білмеген адамзат қазақ қоғамына осындай дертті әкелді.
Ал енді есірткінің адам өміріне тигізер кері әсері жайында айтып берейін. Нашақор адамның денесі қалжырап, көзі бұлдырап, өмірге не үшін келгені, не үшін жүргені беймәлім болады. Денсаулығын жоғалтады, ата-анасына, туыстарына қайғы әкеледі, жұмысқа жарамсыз болып, қоғам үшін керексіз болады. Есірткі заттары адамды жансыздандыру ерекшелігіне ие болатындықтан, адам не істеп, не қойғанын білмейді, сондықтан нашақор адам өз денсаулығына ғана зиян келтіріп қоймайды, ол айналасындағы адамдарға да кесірін тигізеді. Бұзақылық жасап, зорлық-зомбылық, көрсетуге т.б теріс әрекеттерге бейім келетін нашақорлар қылмыс жасап, ақыр аяғында жауапқа тартылады. Нашақор есірткіге қажет қаражатты ұрлықпен табуды көздейді, ал ұрлық жазасыз болмайды.
Ғаламтор желісіндегі дереккөздерден, бейнероликтерден есірткі туралы көп мәлімет алуға болады. Есірткі сатушылар көп жағдайда ата-анасы ауқатты жасөспірімдерді есірткіге әуестендіріп, соның арқасында өзінің қалтасын қалыңдатуды мақсат етеді екен. Олар алдымен есірткі шегуді ұсынып, еліктегіш жастарды әуестендіріп алады. Бара-бара жасөспірімдер нашақорға, есірткінің құлына айналады.
Біздің мектебімізде оқушылардың есірткіге үйір болмауына бағытталған «Нашақорлық – Қазақстанның болашағы үшін қауіпті», «Өміріңді уландырма, жас өскін», «Есірткіні еккенің – ажалдан бұрын өлгенің», «Ессіздің еншісі – есірткі» тақырыптарымен іс-шаралар мен кештер жиі ұйымдастырылып тұрады. Осындай кештерде көрген бейнебаяндардан, театр сахналарындағы қойылымдардан сәулелі мынау өмірдің бар қызығын көре алмай, арманда кетіп бара жатқан пенденің өкінішін, ащы зарын естігенде төбе шашың шымырлап, осы бір тажал дертке лағынет айтпасқа шараң жоқ. Осындай сәттерде жарық дүние, өмір, тірлік жайлы ойлана келе, «Бір-ақ рет берілген өміріңде қартайғанша жүріп, одүниеге аттансаң арманың бар ма?» – дейсің. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, өкініш өзегін өртеген, тығырықтан шығар жол іздеген пендені құтқаратын күш бар ма екен?! Әрине, рухы күшті ада бұл кесірдің құрсауынан шыға алады! Аурудың алдын алуға болады емес пе?!
Осындай қауіпті қатерден жастарды арашалап қалу мақсатымен құқық қорғау органдары айналысады. Олар өз мойындарына елдегі қоғам тыныштығын сақтау мен заңнамаларды қорғауда үлкен жауапкершілік алған. Полиция қызметкерлері өзге салаларға қарағанда халықпен тығыз жұмыс жасайды, ал жедел және арнайы бөлімшелер қылмысқа қарсы күресте ең алдыңғы шепте аянбай қызмет етеді. Полиция қатарында адал, ар-ұяты терең, қажет болған жағдайда әділдік пен заңдылықты сақтау жолында өз басын қатерге тіге алатын азаматтар жұмыс жасайды. Дегенмен есірткі, нашақорлық сияқты қатерлі дертпен тиісті мекемелер ғана айналысу аздық етеді. Біз мұның бүкілхалықтық іс екенін, бірігіп жұмыс істеу керектігін жете түсінуіміз керек. Сондықтан, есірткіге қарсы күреске бәріміз жұмылған жұдырықша кіріскеніміз абзал.
Ұлы Абай атамыз, «Әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып, адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жинақтау, бұл адамға нұр болады» деген екен.Олай болса, біз «Салауатты өмір салтын» насихаттап, келеңсіз жағдайлардың алдын алып, «ХХІ ғасыр – салауатты қоғам ғасырын» құруымыз керек. Салауатты өмір салтын ұстану – өз болашағымызды биікке көтерудің басты құралы екенін мойындап, өздігімізден білім алу арқылы сананы соған бағыттап отыруымыз қажет. Себебі, мемлекетіміздің күш-қуатының артып, халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы үшін оған дені сау, білімді, мәдениетті ұрпақ керек. Ал, сол ұрпақтарымыздың бүгінгі кездегі денсаулығы салауаттылық шараларды үздіксіз ұстануды қажет етеді.
Жас жеткіншек! Сен өзіңді-өзің құрметтеуге тиіссің. Бойыңдағы бар қабілетіңді тек жақсылыққа бағыттай біл. Зиянды әдеттерден, ішімдіктен, шылымнан, есірткіден аулақ бол. Бойыңды ластамай, жан-дүниеңді таза ұста. Өзіңнің бос уақытыңды пайдалы іске арна. Ар намысыңды биік ұста. Өз тағдырың өз қолыңда. Өзіңе сен. Өзіне сенімді адам ғана өзгелердің теріс әсеріне бағынбай, өзін сақтай алады. Денсаулығым мықты болсын десең, спортпен айналыс. Сен ел үшін керексің. Себебі біз – тәуелсіз еліміздің болашағымыз!
Өз замандастарымды салауатты өмір салтын сақтауға шақыра келе, «Кімде-кім өзіне өмір беріп, әлпештеп өсірген ата-анама қарыздармын деп білсе, соларға адал ұл-қыз болам десе зиянды әдеттерден аулақ болсын.
Нұрқожа ТӨРЕБЕК,
М.Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп-лицейінің
8 «Ә» сынып оқушысы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!