Бірі мұны өнер мен спорт дейді. Енді бірі стриптиз дейді. Ал сіз қалай ойлайсыз?
Иә, бүгін әлеуметтік желіде кеңінен таралған видео туралы айтпақпыз. Ұлттық киіммен темірді айнала билеген 36 жастағы астаналықтың әрекеті көптің ашуына тиді. Бақыт Қадірованың айтуынша, бұл тек контент.
– Қазақтың дәстүрі мен мәдениетін құрметтеймін. Ал бейнедегі дүниенің ешқандай әбестігі жоқ. Түсірілім алдында қоғамның кері реакция білдіретінін білдім. Дегенмен дәл мұндай хейтке тап боламын деп ойламадым, – деп пікір білдірген еді биші сұхбаттарының бірінде.
Темірге оратылған бұл би халық топшалаған стриптиз емес екен. Пол спорт деп аталатын көрінеді. Пол спорт – гимнастика, акробатика, хореография және актерлік дағдыларды біріктіретін спорт түрі. Тек спорттық гимнастика секілді қимыл-қозғалыстар жасалады.
Алайда бұл спорттың айналасындағы дау азаймай тұр. Бір тарап дене сымбатын қалыптастыруға көмектесетін спорт түрі десе, енді бірі ұлттық болмысқа жат әрекет ретінде қабылдайды. Әсіресе, ұлттық киіммен пол спорт көрсету көпшіліктің қызу талқысына түсті. Бұл жерде мәселе бидің мазмұнында емес, оны көрсетудің формасы мен контекстінде сияқты. Иә, әлеуметтік желі әркім өз ойын ашық білдіретін, көңілден шыққан дүниемен бөлісетін алаң. Сондықтан кез келген ақпараттың түпкі мақсаты мен мәнін түсінуге тырысқан жөн.
Мұндайда ел ішінде «Ұлттық киім – тек шапан мен сәукеле емес, халықтың рухани мұрасы» деген пікір басым. Себебі әрбір ою-өрнек, әрбір элемент ата-бабамыздың өмір сүру салты мен дүниетанымының көрінісі. Киімнің эстетикалық қана емес, символикалық мәні бар. Сол себепті оны кез келген дүниеге бейберекет пайдалануға болмайды.
Динара ЖҰМАДІЛ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!