Фото: pixabay

Елімізде кальянға толық тыйым салынуы мүмкін. Осыған дейін мәжілісте көтерілген мәселе қазір талқыланып жатыр. Адам өміріне қауіпті саналатын қорқорды қазір қоғамдық орындарда тартуға шектеу қойылған. Десе де айыппұлдың аз мөлшері бұған тосқауыл бола алмай тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Былтырдан бері мыңдаған адамға айыппұл салынған. Бірақ соманың аздығы кәсіпкерлердің заңнан аттап өтуіне жол ашып жатыр, дейді мамандар. Мәселен тыйым салынған орындарда қорқор тартуға 55 мың теңгеден бастап, 185 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Енді денсаулық сақтау министрлігі елімізде кальянға толығымен тыйым салуды көздеп отыр. 

«Денсаулық сақтау министрлігі биыл реттеушілік әсерге талдау жүргізуді жоспарлап отыр. Оның нәтижесі бойынша кальянның, кальянға арналған темекі мен кальян қоспаларының айналымына толық тыйым салуды заңнамаға енгізу мәселесі қаралады», – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі. 

Азаматтар кальян шегу кезінде көптеген дертке душар болуы мүмкін екенін мәлімдеген министрлік өкілдері жоғары температурада химиялық реакция арқылы қыздырылған түтіннің тікелей өкпені зақымдайтынын талай мәрте айтқан. Денсаулығына алаңдаған жұртшылықтың басым бөлігі бұл тыйыммен толық келісеміз дейді. 

Қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынса да, оның іске аспай жатқанын бұған дейін депутаттар да көтерген еді. Себебі кәсіпкерлік субьектілерді тексеруге мораторий болғандықтан батыл қадамдар жасалмаған. Ал жаңа заңнама нәтижесі қалай болатыны алдағы уақытта белгілі болмақ. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!