Фото: скрин
«Сарыағаш емдеу-оңалту орталығын» жекешелендіру сол жерде жұмыс істейтін және емделуге келетін қазақстандықтардың ахуалына кері әсер етуі мүмкін. Сенатор Мұрат Қадырбек сауықтыру курортының бәсекелестік ортаға берілуіне байланысты азаматтардың алаңдаушылығы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутаттың айтуынша, бүгінде шипажай демалуға және емделуге келетін жылына 20 000-ға дейін келушілерді қабылдайды, тұру құны тәулігіне 14 000-нан 25 000 теңгеге дейін барады.
Қазіргі кезде шипажаймен қатар сол аумақта 50-ден астам жекеменшік шипажайлар бар. Олардын қызмет көрсету бағасы 40 000 – 120 000 теңге арасында, яғни қарапайым халық үшін қол жетімсіз. «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес, шипажай бәсекелестік ортаға беруге ұсынылған ұйымдардың тізбесіне енгізілген. Шипажайдың кешенді жоспарға енуі ауыл тұрғындарын қатты алаңдатуда. Себебі, ауыл тұрғындары осы шипажайда қызмет атқарып келеді. Ол жекешелендірілген жағдайда сатып алушы пайданы ұлғайту мақсатында оңтайландыру жұмыстарын жүргізуі мүмкін. Бұл өз кезегінде қарапайым қызметкерлердің қысқаруына алып келеді, – деді депутат.
Сенатор Мұрат Қадырбек осыған байланысты еліміздің Премьер-министрі Олжас Бектеновтен шипажайды жекешелендірудің кешенді жоспарынан шығаруға жәрдемдесуді сұрады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!