Қазақ қоғамы қарқынды даму үстінде болғанымен, кей әлеуметтік мәселелер кең етек алып келеді. Сәбидің смартфонға тәуелді болуынан бастап, жас мамандардың жұмыс таба алмай табан тоздыруы мәселелер алаңдатады. Осы орайда біз жастар арасындағы түйіткілдер туралы пікір алдық. Ал оның шешімі мен белгілері туралы білу үшін маман пікірімен жалғадық.

Жастарды не алаңдатады?

Көркем Мұхамеджанова (16 жаста, оқушы):
– Бүгінгі қоғамдағы басты қауіп – смартфонға тәуелділік. Балалардың мультфильмсіз тамақ ішпейтін деңгейге жетуі үлкен дертке айналғандай. Көшеде, кофеханада немесе саябақта болсын, бүлдіршіннің назары үнемі көгілдір экранға байланғанын жиі байқаймын. Қоғам кітап оқудың немесе баламен шынайы тілдесудің орнына, әлеуметтік желілердегі жеңіл-желпі, мағынасыз контентті тұтынуды әдетке айналдырды. Біз ақпараттық технологияларды даму құралы ретінде емес, уақыт өлтіруші ермек немесе баланы алдау тәсілі ретінде пайдаланамыз. Сондықтан қоғамда беткейлік пен таяздық басым. Егер біз виртуалды әлемнің тұтқынынан босап, саналы түрде білім мен шынайы құндылықтарға бет бұрмасақ, технологиялық прогресс бізді рухани қараңғылыққа қамайды.

Иә, шынымен де телефон қолға емес, санаға еніп бара жатқандай. Бұл әуестікті мамандар да ескертуде. Мұның алдын алу үшін не істеу керек? Психолог пікірін білейік.

Индира Каниева (психолог):
– Телефон балалар үшін тек байланыс құралы емес, өзіндік бір әлем іспетті. Ол тез баурап алып, мидың ләззат алу қабілетіне әсер етеді. Бала уақытша дофаминге еріп, қысқа нұсқалы контентке әуестенеді. Кей жағдайда олар смартфонды жалғыздықтан арылу немесе эмоцияны толтыру үшін қолданады. Балаға ерте жастан шектеу қою маңызды. Бірақ жай ғана тыйым салу мәселені шешпейді. Нақты ережелер керек. Сабақ орындағанда, тамақ ішкенде, ұйықтар алдында телефон қарауға болмайды деген әдетті қалыптастыру қажет. Мәселені тыйыммен емес, баланы спорт пен кітапқа баулу арқылы шешкен абзал. Ең бастысы – ата-ана өзі балаға үлгі болуы тиіс. Егер тым қатты тәуелділік байқалса, психолог пен невролог мамандарына жүгінген дұрыс.

Жастарды не алаңдатады?

Бекзат Андрей (қала тұрғыны):
– Жастар арасында жұмыссыздық пен болашаққа сенімсіздік белең алған. Көбі оқу бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды немесе тәжірибесі жетіспегендіктен қиындыққа душар болады. Тағы бір маңызды мәселе – зиянды әдеттер. Кей жастар темекі, алкоголь, вейп немесе телефонға тәуелділікті ермек етеді. Уақытты тиімді пайдалана алмау да – үлкен проблема. Қазіргі жастардың көпшілігі болашағына алаңдайды. Бір танысым университетті жақсы бітірсе де, ұзақ уақыт жұмыс таппай жүрді. Сол кезде «Оқығаным бекер болды ма?» деген уайымға салынып, бойын сенімсіздік биледі. Әлеуметтік желіде өзгелердің жетістігін көріп, өзін салыстыратын. Кейін ол қосымша курстар оқып, тәжірибе жинап, өзіне ұнайтын жұмысқа орналасты. Осы жағдайдан кейін мен жастарға тек диплом емес, шыдамдылық пен сенім де өте маңызды екенін түсіндім.

Шынында да, жұмыссыздық мәселесі қоғамда белең алуда. Диплом болғанымен, тәжірибенің жоқтығы қолды байлайды. Бұл мәселені 2025 жылы депутат Нартай Аралбайұлы да көтерген еді. Ендеше, саясаткердің сөзіне құлақ түрейік.

Нартай Аралбайұлы (депутат):
– Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың бірінші тоқсаны бойынша Қазақстан халқының 4,6%-ы, яғни 451 515 азамат жұмыссыз деп көрсетеді. Бұған кім сенеді? Әр қаладағы жұмыссыз жандар жиналатын жетім бұрышты, табақтай дипломмен жұмыс таппай табанын таусылған жас мамандарды бәріміз көріп жүрміз ғой… Қазақстанда 11,5 миллион адам еңбекке қабілетті болса, оның 5,2 миллионында әлеуметтік аударым мүлдем жоқ болса, демек азаматтарымыздың тең жартысы жұмыссыз демеске амал бар ма? Жұмыссыздар саны 4,6% деген деректің шындыққа сәйкес келмейтініне осы дәлел емес пе?.. «Жастар практикасы» бағдарламасына 2024 жылы 33 300 жас қазақстандық қатысқан. Бағдарлама тәртібіне сәйкес олардың әрқайсысына айына 117 960 теңге төленді. Соған қарамастан тек 7400 жас азамат қана жұмысқа орналасыпты.

Ол Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, «Жұмыссыздықпен күресу үшін алдымен жалған статистиканы тоқтату керек», – деп тарқатқан еді.

Жастарды не алаңдатады?

Гүлнұр Бекмырзаева (қала тұрғыны):
– Қазір жастар арасындағы ең өзекті мәселе – әлімжеттілік. Мектеп қабырғасында, колледж бен жоғары оқу орындарында, тіпті әскерде де бұл дерт кең етек алған. Әлеуметтік желіден мұндай оқиғаларды оқығанда жағамды ұстаймын. Үш баланың анасы ретінде қатты уайымдаймын. Қорқамын. Олар мектепке емін-еркін бара ала ма? Буллингке ұшырамай ма? Әскерде жағдайы қалай болады? Қазір қоғам қауіпті болып бара жатқандай, мейірім мен адамгершілік азайған секілді… Ата-ана ретінде баланың қауіпсіздігі үшін қатты алаңдаймын.

Мәселе өзекті. Бұл жағдай тек Гүлнұрды ғана емес, барлық ата-ананы мазалайды. Баласы біреуге әлімжеттілік көрсетсе немесе өзі содан зардап шексе, ата-ана не істеуі керек? Маман кеңесіне жүгінейік.

Индира Мейрамбекова (психолог):
– Кейінгі кезде буллинг мәселесі жиілеп кетті. Оған әсер ететін түрлі факторлар бар. Соның бірі – балалар арасындағы психологиялық және эмоциялық тәрбиенің аздығы. Кейбір балалар ішіндегі агрессияны, қорқынышты, мазасыздықты немесе өз әлсіздігін өзгеге күш көрсету арқылы шығарады. Баланың ішкі күйзелісі сыртқа әлімжеттілік ретінде көрініс табады. Бұған дисфункционалды отбасы себеп болуы мүмкін: үйде зорлық-зомбылық көрген бала басқаларға қысым көрсетеді немесе керісінше, тұйықталып қалады. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі қатыгез контент пен айналасындағы адамдардың теріс пікірі де әсер етеді. Мұндай кезде ата-ана баласының өмірін, достарымен қарым-қатынасын жіті қадағалауы керек. Бала өз мәселесін айтқанда, сөзін бөлмей, түсінуге тырысу қажет. «Олай жасама», «сенікі дұрыс емес» деп бірден кінәлауға болмайды, себебі бала жабылып қалуы, мазасыздығы күшеюі мүмкін. Ата-ана мектеппен тығыз байланыста болып, сынып жетекшісімен және психологпен бірлесе жұмыс істегені жөн.

Дайындаған Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!