Достық үйінде облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен діни бірлестіктер клубының жылдық қорытынды отырысы өтті. Аталған шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып, көпұлтты мемлекеттің бүгінгі болмысына баға беруге жол ашты.
«Қазақстан Республикасына 30 жыл: конфессияаралық келісім моделін қалыптастыру жолдары мен жетістіктері» тақырыбындағы басқосу діни бірлестіктер арасында татулық пен тұрақтылықты одан әрі нығайту мақсатында ұйымдастырылған. Еркін форматта өткен шарада басқарма басшысы Қ.Жанұзақов сөз сөйлеп, діни бірлестіктер клубының мүшелерін мерекемен құттықтады.
– Егемен еліміздің татулық пен ынтымағы – болашақтың ұстыны. Бір шаңырақ астындағы ұлт пен ұлыс түрлі діни сенімде болғанымен, мақсаты бір, ол – Қазақстанның келешегін жарқын ету. Сондықтан бірлік пен татулық Тәуелсіз Қазақстанның мәңгі ұранына айналары анық, – деді басқарма басшысы.
Діни бірлестік жетекшілері мерейлі мерекеге орай ыстық лебізін білдіріп, татулықтың мән-маңызына ерекше тоқталды. Шара барысында Б.Қаржауова қыл қобыздан күй шертіп, С.Крюгер «Қазақ елі» және Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әндерін орындады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!