Фото: islam.kz
Ислам дінінде тыйым салған ауыр күнәлардың бірі – ұрлық жасау. Бұл адам баласын екі дүниеде де құрдымға ұшырататын жиіркенішті амал. Ғалымдарымыз ұрлық жасап, кісі ақысын жеуді Аллаға серік келтіруден кейінгі үлкен күнәға жатқызған. Себебі, кісі Құдай Тағаланың құзырына біреудің ақысын арқалап баратын болса, ақысы кеткен адам «мен оны кештім» демейінше әлгі пендені Алла Тағала да кешірмейді.
Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 188-аятында: «Бір-біріңнің малыңды нақақтан-нақақ жемеңдер…», – деп ескертсе, «Ниса» сүресі, 112-аятында:«Сондай-ақ кімде-кім кішігірім күнә істеп немесе (ұрлық-қарлық, кісі өлтіру сынды) кісі ақысына қатысты ауыр күнә істеп, кейін оны бейкүнә біреуге жаба салса, шүбәсіз, жала жапқан һәм анық әрі үлкен күнә арқалаған болады», – деп кісі ақысын аяқ-асты етуді ауыр күнәға жатқызған.
Дана халқымыз ұрпағына қалдырған өсиеттерінде кісі ақысына қатты көңіл бөлген. Бұқар жырау: «Кісі ақысын көп жеген арам емей немене?», – деп бұл істің «арам» екенін айтса, Құлтума Сармұратұлы: «…Харам іске жұмсайсың өнеріңді, Зар жылатып момынның жейсің малын, Иманыңнан білмейсің төлеріңді…», – деп ақыреттегі жазасы ауыр екенін айтқан.
Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан: «Мүфлис деген кім екенін білесіңдер ме?»– деп сұрады. Сахабалар: «Мүфлис дегеніміз – ақшасы, мал-дүниесі жоқ адам»,– деп жауап берді. Қазіргі терминмен айтсақ «кедей адам». Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүфлис деген – олар менің үмметтерімнен, қиямет күні намаз, зекет, қажылық, ораза сияқты құлшылықтарымен келеді. Бірақ елге зиян шеккізген, ұрлық жасап біреудің ақысын жеген, балағаттаған адамнан кейін жапа шеккендер келіп ол адамнан өз ақыларын алады (әр адам келіп, оның істеген сауаптарынан алады). Кейін оның істеген жақсы амалдары бітеді, бірақ ақысын сұрап кезекте тұрғандар бітпейді. Сол кезде олардың күнәлары алынып, бұл кісінің күнәларына артылады», – дейді.
Ұрлықпен келген дүние, жиналған мал ешқашан адамға пайда алып келмейді. Қайта берекетсіздік пен бақытсыздыққа душар етеді. Хакім Абай атамыз:
Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиналмас,
Сұм нәпсiң үйiр болса, тез тыйылмас.
Зиян шекпей қалмайсың, ондай iстен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас, – деп ұрлық жасаудың зиянын атап өтеді.
Дана халқымызда: «Сұқ семірмес, ұры байымас» немесе «жолдасың ұры болса қазаның таза болмас» деп ұрпақты осындай әрекеттің берекесіз екенін ескертіп, әрқашан жирендіріп отырған.
Пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұры адам ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес», – деп ұрлық жасаудың мұсылманға тән емес сипат екендігін айтқан.
Тағы бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңда бауырына қиянат жасағандар болса, онда оны осы дүниеде шешсін! Өйткені, Қиямет күні динар да, дирхам да болмайды. Ол күні тек істеген амалдар ғана жауапқа тартылады», – дейді. Сондықтан кісі ақысына кіріп, нақақтан ұрлық жасаған адам тәубе етіп, ұрлаған затын қайтарып, кешірімін алуы тиіс.
Ертеректе ғұмыр кешкен, ислам әлеміндегі білім мен ғылымның биік дәрежесіне жеткен әйгілі тұлғалардың бірі Фудойл ибн Иадтың ғұмыры бізге өнеге. Ол Хақтың жолына түсіп, тәубеге келгенге дейін елді қан қақсатып, керуенді тонап, ұрлықпен айналысатын.
Бір күні Фудойл ибн Иад бір үйді тонау үшін сол үйдің қабырғасына өрмелеп шығады. Үй иесі кәрі адам еді. Қария сол сәтте қолындағы кітабын ашып, кішкентай шырағын жағып, жүзін құбыла жаққа бұрды. Кітапты оқыған кездерде көзінен жас моншақтап ағып, бүкіл денесін жуып кетті. Қарт адамның оқыған кітабы – Алланың сөзі, қасиетті Құран Кәрім болатын. Бұл көріністі көз алдыңызға елестетіңіз, яғни екі түрлі әлемді, екі түрлі өмірдің айшықтарына куә болатыныңыз хақ.
Бірі – әйгілі қарақшы, оның намазы да, оразасы да, құлшылығы да, жүрегінде зікірі де жоқ. Тіпті Фудойлдің Хақ Тағалаға жақындайын деген ниеті де болмаған.
Ал екіншісі – іңкәр жүрекпен, Аллаға деген риясыз көңілмен, шексіз махаббатпен Ұлы Жаратушысын еске алады. Тәубенің көз жасы бүкіл тұла бойын тебірентіп, жан дүниесі елжіреп Құран оқиды, Алла сөзінің нұрымен жүрегін тірілтеді. Үйдің иесі төмендегі аяттарды оқыды:«Әлде саған (уа, Пайғамбар) Раббыңнан түсірілгеннің ақиқат екендігін білетін жан соқыр біреу сияқты бола ма? Асылында, ақыл иелері үгіт алады» (Рағыд, 19).
Келесі ретте Фудойл тағы да мынадай аяттарды тыңдады:«(Сол кәпір жақсы ма) әлде түні бойы ақыреттен сақтанып, Раббысының рақымынан үміт ете (намазда) сәжде қылып һәм тік тұрып бойұсынатын жан ба? (Уа, Мұхаммед!) «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» – деп айт. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт алады»(Зүмар, 9).
Фудойл екі қолын төмен түсіріп, жерге отырған күйде дана қарттың жүзіне қадала қарады. Бұл ізгі адамның қасында әкесіне ас пісіріп жатқан қызы бар болатын. Алайда Фудойл оларды тонамақ мақсатпен келсе де, белгісіз себеппен оларға ешбір батылдығы жетпеді. Мысы басылып, бастапқы райынан қайтқан-ды. Ол өте қуатты адам болса, үй иесі өзін ешкімнен қорғай алмайтын қаусаған әлсіз қарт еді. Осы тұста Ұлы Жаратушының даналығы мен шексіз мейіріміне қараңыз. Көкірегі ізгілікке тұнған қария келесі кезекте мына аяттарды оқыды:«Әлде иман келтіргендерге жүректері Алланың зікірінен және Оның ақиқаттан түсіргенінен (Құраннан) қорқатын уақыт әлі келмеген бе?»(Хадид, 16).
Алланың ақиқат сөздері, аталмыш аят, қарақшы Фудойлдың ғапылдықта қалған жүрегін жібітіп, жан әлемін қалың ұйқыдан оятты. Бір сәтте-ақ жаралы адамға ұқсап, жүзі құбылып, жан дүниесі өзгеріп сала берді.
Фудойл жүзін көкке бұрып:«Уа, Алла Тағала! Менің уақытым да жетті. Бүгіннен бастап, мен өзіңнің алдыңда тәубеме келдім», – деп өткен өмірдің күңгірт һәм көңілсіз тұстарынан қашықтап, терең ықыласпен өкініш білдірді. Содан кейін ол шатырдан түсіп, жуынып, таза киімдерін киіп, мешітке қарай қадам басты. Жүрегі өкініш пен тәубенің жасына толған болатын. Мейірімді, жарылқаушы Алла оның шынайы тәубесін қабыл етіп, оны ислам тарихындағы көрнекті ғалым мен имам дәрежесіне жеткізді.
Алла Тағала біздерге ұрлық жасамақ тұрмақ, біреудің дүниесіне көз сұғуымыз жөнсіз әрекет екенін ескертеді. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Таһа» сүресінің 131 аятында:
«Біз олардың кейбіріне сынау үшін берген байлыққа көзіңді сүзбе. Раббыңның несібесі қайырлы да тұрақты», – деп айтқан.
Яғни, ұрлық жасаудың себептерінің бірі өзгенің қолындағы дүниеге қызығу, адал жолмен қол жеткізе алмағандықтан арам жолмен иемденуге тырысу. Ардақты Пайғамбар (с.ғ.с) да осыны ескертіп: «Мұсылманның қаны, дүние мүлкі және ар-намысы келесі мұсылман үшін харам», – деген.
Баяғыда кедей тұратын, бірақ та бала тәрбиесіне, әдет-ғұрыпқа үлкен мән беретін үйдің аяғы ауыр жас келіні қымызға жерік болса керек. Үйінде сауып ішетін биесі жоқ, көрші үйге қымыз ішкісі келіп бара қалса, есік ашық, үйде ешкім жоқ екен. Ілулі тұрған торсықтағы қымызға көзі түседі. Алып ішейін десе, бойы жетпейді, торсықтың бүйірін тесіп, түтік шимен бірер жұтып, тесікті қайта бекітіп шығып кетеді.
Қаншама жылдар өткенде сол келіншектің баласы тура сол көрші үйдің балаларымен ойнап жүріп, әлдебір затты ұрлап кеткені белгілі болады. Баяғыда қымызды тесіп, ұрлап ішкені болмаса, ол келіншек баласын тағылымды тәрбиемен өсірген, қай жерден қателескенін есіне түсіре алмайды. Сонда баяғы көрші үйдің бәйбішесі келіншекті ұлымен бірге үйіне шақырып, алдымен екеуінен кешірім сұрайды. Мән-жайды түсінбеген келіншек: «Неге кешірім сұрайсыз, біз сіздің үйдің мүлкін ұрлап, кірерге тесік таппай тұрмыз емес пе?» – дейді. Сонда бәйбіше бір шындықтың бетін ашып: «Осы балаға аяғың ауыр кезде қымызға жерік болып, біздің үйге қымыз ішкің келіп кірген болатынсың. Мен сыртта жүр едім, сен үйде біз жоқ болсақ та, жерік асың ұятқа жеңістік бермей торсықтағы қымызды түтікпен бірер ұрттадың. Соны мен сыртта жүріп көріп қалдым, бірақ қылмысқа баламап едім, ұялып қалар деп өтірік көрмеген болдым. Сонда өзім шақырып алып, жерік асыңды сұратпай, ұрлатпай ұсынуым керек еді, кішкентай түтікпен жұтқан бір жұтым қымызың мына баланың болмашы қылығы болып шығып тұрғанын қарасайшы!..» – деген екен.
Бұл ғибратты оқиғадан ұрлық үлкен-кіші деп бөлінбейтінін, ұрлық жасау ұрпағымызға тікелей әсер ететінін ұғынсақ болады. Алла елшісі: «Алла Тағала (болмайтын бір) жіп ұрлап қолы кесілген ұрлықшыны лағынет атады», – деген. Яғни хадисте «жіп» деуі арқылы мардымсыз дүниенің өзі ұрлық екенін, тіпті,үлкен күнәға жататынын айтуда.
Хәкім Абай мал табуды қалаған, алайда оны арам жолмен табуды көздейтіндерді сынап: «Мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен», – дейді.
Ендеше әрқайсымыз Алла Тағаланың мейірімінен алыс ететін, адамды екі дүниеде қор қылатын ұрлық деген сипаттан ада болуымыз қажет.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, күнәлі әрекеттерден аулақ болайық!
Айтжан МҰСАҰЛЫ,
ҚМДБ «Жастар ісі» секторының, Қызылорда
облысы бойынша меңгерушісі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!