Ерлі-зайыптылар арасында балалы болу мәселесі жиі көтеріледі. Ол бір перзентке зар болып жүргендер арасында да, көпбалалы отбасына да кездесетін жайт. Сондықтан бүгінде «бала жоспарлау» түсінігі кең тарауда. Осыған орай аталған ойдың өзегін танып, бағытын анықтау үшін тақырыпты тарқату жөн секілді.
Қазіргі таңда «Ұл-қызым бар, әзірге нәрестелі болуды жоспарлап жүрген жоқпын» деген әңгімені жиі естиміз. Естісек те мәселенің астарына үңіліп қарамайтынымыз анық. Адамдар неліктен осындай ұстанымға келеді? Қандай жайт аталған шешімге әкелуі ықтимал? Міне, осы сауал басты орында болу қажет секілді. Себебі қаржылық қиындық, отбасылық жанжал, болашаққа деген сенімсіздік аталған олқылықты ушықтыра түсетіні бар.
Алдымен қаржылық қиындыққа келейік. Рас, көбі баланы қалай асыраймын деген үрейді бастан өткереді. Әрине, «Әр сәбидің өз несібесі бар» деген наным қазақ санасына сіңгенін ескерсек, бұл жай қорқынышты көрінбес. Алайда жалақының жарымы азық-түлікке кететін әлеуметтік деңгей аналардың алаңын күшейтіп отыр. Отбасындағы жанжал, ерлі-зайыптылардың ажырасуының негізгі себебінің бірі де осыған саяды. Оған қоса күн көру амалымен баланы үйге жалғыз қалдырып, өзі жұмысқа кететін ата-ана қаншама. Неге дейсіз? Әрине, жетіспеушілік себеп. Пәтерден-пәтер жағалап 5-6 баланы асырау кімге болмасын оңай емес. Сол себепті етек-жеңін жинап алғанша балалы болуды қаламайтындардың қатары көбеюде.
Сонымен қатар, ғалымдар дені сау ұрпақ өсіру үшін ана денсаулығын қадағалауды ұсынады. Яғни, жүктілік әйелдің өміріне қауіп төндірсе, бала мүгедек болуы ықтимал болса, анасы келесі баланы көтеруі үшін ағзасы біраз демалуы қажет болса, аталған қадамға баруға болады екен.
Писхолог Табиғат Қаутай баланы жоспарлау қажеттілігін жоққа шығармайды. Бірақ оның белгілі бір шарттары бар екенін алға тартады. «Мәселен соғыс, ашаршылық, финанстық, әлеуметтік қиыншылықтар, бала асырай алмайтын жағдайлар болған кезде кейінге қалдыруға болады. Имамдар мұны жоққа шығармайды. Бірақ біз қауым ретінде бұған әлі жеткен жоқпыз. Талай мәреден өтіп, оқып, зерттеп өзімізді дамыту керекпіз. Бұл үй салу секілді. Дизайнға ұқсас нәрселер. Оған жету үшін алдымен фундамент құю керекпіз», – дейді ол.
Акушер-гинекологтардың айтуынша, жүтілік өз еркімен және жақсы жоспарланған болуы керек. Мұндай тәсіл ана мен баланың денсаулығына төнетін қатерді барынша азайтады. Жүктілікті жоспарлаудың мақсаты ерлі-зайыптылар, бақытты ата-ана болуға және дені сау баланың дүниеге келуіне мүмкіндік береді. Кей аналарға демалыс керек. Психикалық және психологиялық тұрғыда да. Араға бір жыл салу тым аз екен.
«Менің бір қызым бар. Қазір ол кішкентай. Отағасы екеуміз ақылдаса келе, араға 5 жыл уақыт салуды дұрыс деп шештік. Мәселе қаржыға келіп тірелмейді. Студент атанамын дегенше өзіңе жаңа пәтер алып беруді мақсат етіп отырмыз. Бәрі уақыт еншісінде. Өзім көпбалалы ана атанып, балаларыма азық-түлік алуға ақша таппай, балаларымды қинағым келмейді. Баланы өмірге әкелу үлкен жауапкершілік. Ата-ана перзентін қамтамасыз етіп, ешкімге тәуелді қылмау керек. Бұл үшін де балалы болуды жоспарлағанды жөн деп санаймын. Менің пікірімді көп ата-аналар құптамасы анық» – дейді Айгүл есімді бойжеткен.

P.S. Әлеуметтік желіге «баланы жоспарлы түрде көтеруге бола ма?» деген сауал жолдадық. Бірқатар сайтты шолып шықтық, өзімізге қажеттісін тандадық. Алайда бәрінің түйіні бір. Үйленіп, дүниеге перзент әкелу – әркімнің түйсігіндегі табиғи құбылыс, еркі, ерлі-зайыптылардың қалауы. Сондықтан қандай қадамға барсақ та жауапкершілік пен болашақты ойлағанымыз абзал.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА