Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасы соттарының құқықтық көмек көрсетуі және шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмекпен жүгінуі туралы нұсқаулығы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының 2016 жылғы 11 мамырдағы бұйрығымен бекітіліп, 2019 жылғы 24 сәуірде өзгерістер енгізілді.

Нұсқаулық 3 тараудан, яғни, жалпы ережелер, Қазақстан Республикасы соттарының құқықтық көмек көрсетуі және шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек сұрап жүгіну деп аталатын тараулардан тұрады.

Аталған нұсқаулық – Қазақстан Республикасы соттарының халықаралық-құқықтық ынтымақтастық саласында шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек көрсету және құқықтық көмекпен жүгіну тәртібін нақтылайды.

Нұсқаулықта мынадай ұғымдар қамтылған:

Құзыретті орган – азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша, сондай-ақ халықаралық шартқа не тиісті мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік мекеме не Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің соты.

Қазақстан Республикасының халықаралық шарты – Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен не халықаралық ұйыммен жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжаттарда болуына қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан халықаралық құқықпен реттелетін халықаралық келісім.

Құқықтық көмек – бір мемлекет сотының басқа мемлекеттің құзыретті органдарынан келіп түскен тапсырма немесе өтінішхат бойынша істі сотта қарау немесе сот актісін орындауды тану және шешу үшін қажетті процестік әрекеттерді жүргізуі.

Тапсырма – басқа мемлекеттің аумағында құжаттарды тапсыру және жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы сот құжаты.

Өтінішхат – жеке немесе заңды тұлғаның не соттың басқа мемлекеттің аумағында сот актісін тану және оның орындалуын шешу туралы өтінішпен жүгінуі болып табылады.

Соттар нақты мән-жайларды, сот төрелігі мен жалпы қоғамның мүдделерін негізге ала отырып, заңнамаға және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес құқықтық көмек көрсетеді.

Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында қамтылатын қағидалардан өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттардың қағидалары қолданылады.

Нұсқаулықта айқындалғандай «1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияны және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Конвенцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1453 қаулысының 2-тармағын орындау үшін Қазақстан Республикасы соттарының, шет мемлекеттер соттарының тапсырмалары, азаматтық және отбасылық істер бойынша соттардың шешімдерін тану және орындау туралы өтінішхаттар бойынша аталған конвенциялардың ережелерін орындауға Соттар әкімшілері уәкілетті.

Нұсқаулыққа сәйкес, Соттар әкімшілерінің тапсырмаларды немесе өтінішхаттарды қарау нәтижелері бойынша шығарылған сот актілерін орындауға байланысты жасалған құжаттарды қарау мерзімі 10 жұмыс күнінен аспауға тиіс.

Департаментке келіп түскен шет мемлекеттердің соттары мен басқа мекемелерінің тапсырмалары, олардың орындалуына кедергі келтіретін себептер болмаған кезде, олардың орындалуын ұйымдастыру үшіншет мемлекеттің құзыретті органы хабардар етіле отырып, аумақтылығы бойынша Соттар әкімшісіне жіберіледі.

Тапсырмалар сот отырысы барысында орындалады және хаттама жасалады.

Шет мемлекеттердің соттары мен басқа мекемелерінің тапсырмаларын, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Соттары олар келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орындайды.

Тапсыруға жататын құжаттар шет тілінде жасалған немесе мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге болмаған жағдайларда, егер ол оларды өз еркімен қабылдауға келіссе, олар алушыға тапсырылады.

Құжаттарды тапсыру тапсырылған күні бар растаумен, құжат тапсырылған адамның соттың елтаңбалы мөрімен және судьяның қолымен бекітілген растау құжатымен куәландырылады. Алушы құжатты қабылдаудан бас тартқан жағдайда, тапсырманы орындаушы құжатты алудан бас тарту себебін көрсете отырып, соңғысы қол қойған және соттың мөрімен куәландырылған бас тарту туралы актіні толтырады.

Егер тапсырма соттылығына жатпайтындығынан сот оны орындай алмаса, онда сот 5 жұмыс күні ішінде тапсырманы аумақтылығы бойынша басқа сотқа жібереді, бұл туралы 5 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының құзыретті органына хабарлануы тиіс.

Қызылорда қаласының №2 сотының сот әкімшісі М.Жүсіпбекова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!