Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануына байланысты ауаға тиісті нормадан артық ластаушы заттар шығаратын автокөліктерге салынатын айыппұл мөлшері артады. Бұл Кодекстің «ластаушы төлейді» принципіне сәйкес келеді.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (334 бап) енгізілген өзгерістерге сәйкес, шығарындылардағы ластаушы заттардың мөлшері белгiленген нормативтен асса, жеке көлік иесі 10 айлық, заңды тұлға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса – жеке тұлға 20, заңды тұлға 200 АЕК айыппұл салынады. Жаңа норма шілде айында күшіне енеді. Ал әзірге қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 2, қайталанған жағдайда 5 АЕК қана айыппұл жазылады.

Атап өтейік, елімізде экологиялық талапқа сәйкес келмейтін автокөліктер техбайқау кезінде, Экология департаменттерінің Ішкі істер басқармасымен немесе көліктік бақылау органдарымен бірлескен рейд барысында және кәсіпорындарға жүргізілетін профилактикалық тексеру кезінде анықталады. Автокөліктен шығатын ластаушы заттар нормативтерінің сақталуын Экология департаменті газталдағыш «Автотест», «Мета-01», т.б. өлшеу құралы арқылы тексереді.