Жақсы маркетинг экономиканың ғана емес, идеологияның да таптырмас құралы. Киноиндустрия арқылы өзінің мәдениетін өзгелерге сіңіріп отырған кореялықтардың әр туындысы миллиардтаған табыс әкеледі. Marvel студиясының да, оның контентін асыға күтетін көрерменнің де өз әлемі бар. Өмірінің ақырғы күніне дейін өзгеше кейіпкер жасау арқылы жаңа контент құрастыруды ойлап кеткен Стэн Лидің кейіпкерлеріне бүгінгі таңда кім жауапты? Марвелдің туындылары миллиардтап қаржы жинай ма? Ең бай «кейіпкер» кім?

Атышулы киностудияның қалыптасуы өткен ғасырдың 40-жылдарында басталды. Оның негізін қалаушы, алғашқы автор Мартин Гудман жас Стэн Лидің көмегіне жүгінеді. Осылайша Marvel-дің ең танымал кейіпкерлері пайда болады: «Өрмекші адам», «Халк», «Тор», «Темір адам», «Құмырсқа адам», «Деревиль», «Магнитто», «Уом», «Жасыл Гоблин», «Доктор Дум», «Сегізаяқ». Және олардың ішінде ең сәттісі – «Өрмекші адам» екенін мойындау керек. Кейін «Сақшылар», «Қара Рыцарь», «Адамдар» және «Қара Пантера» дүниеге келді.
«Өрмекші адамды» дүниеге әкелген әкесі Стэн Ли – американдық жазушы, актер, продюсер, сценарист, тележүргізуші, редактор және көптеген комикс кейіпкерлерінің авторы, Marvel Comics баспасының бұрынғы президенті және басқарма төрағасы. Одан бөлек Халк, доктор Страндж, фантастикалық төрттік, Темір адам, Даредевил, тор, X-Men және басқа да әлемге әйгілі кейіпкерлерді ойлап тапқан автор 2018 жылы өмірден озды. Тіпті, соңғы күндеріне дейін жаңа кейіпкерді құрастырып, өзінің жолын жалғаған сценарист қызына табыстап кеткен деседі.
«Стэн Ли» деген лақап атпен танылған Стэнли Мартин Либер 1922 жылы 28 желтоқсанда Нью-Йорк қаласында Джек Либер мен Селия Либердің отбасында дүниеге келген. Болашақ комикс авторының ата-анасы Румыниядан көшіп келген еврейлер еді. Кішкентай Стэн кітап оқуға, кино көруге көп уақытын жұмсайтын. Айта кету керек, Эррол Флинннің қатысуымен жасалған фильмдерді ерекше жақсы көрген. Бронкстағы Девитт Клинтон орта мектебінде оқыған ол бала кезінде адвокат болуды армандап, шешендік клуб пен заң қоғамының құрамында болды. Уақыт өте келе Либер жазуға қызығушылық танытып, ең танымал американдық роман жазуды армандаған.
Marvel Entertainment YouTube же­лі­сінде күніне 807,26 АҚШ доллары немесе айына 24 217 доллар табыс табады екен. Ал суперқаһармандардың табысы қанша? Кейіпкерлері арқылы аңызға айналған Marvel студиясының табысына тікелей қатысты адам екеніне қарамастан сценарист Стэн Ли ешқашан өзін кәсіпкер санаған емес. Ли комикс кейіпкерлерін құрастыруды 90-ға толғаннан кейін де жалғастыра берді.
60-жылдардың басында Ли «Фантастикалық төрттік» сериясын бастап, «Өрмекші адамды» жасөспірімдерге таныстырды және «Кек алушылар» кроссовер сериясының негізін қалады. Жарты ғасырдан кейін суперқаһармандар отряды туралы үш фильм кинематография тарихындағы ең көп табыс әкелген 10 картинаның қатарына еніп, кассасы шамамен 5 миллиард доллар жинаған. The Holliwood Reporter басылымының айтуынша, қосымша телешоуларды, бейнеойындарды және сатылымдарды есептемегенде Ли ойлап тапқан кейіпкерлердің қатысуымен түсірілген барлық фильм әлемдік кассада 21,3 миллиардтан астам доллар жинап үлгерген. Ал ең бай «кейіпкерлердің» үштігінде «қара пантера», «доктор Дум» мен «темір адам» тұр.
Лидің басқа авторлардан айырмашылығы – өзі де шоу-бизнестің кейіпкеріне айналды. Оның жанкүйерлерімен кездесу барысындағы әр қолтаңбасы 120 долларға бағаланды. Бірақ жеке компаниясына тиесілі суперқаһармандарды құру әрекеттері сәтсіз аяқталды. Автордың медиа стартапы 2000 жылы сәтсіздікке ұшырап, ал оның серіктесі бағалы қағаздар нарығындағы алаяқтық бойынша айыпталып, темірторға қамалды.
Қазіргі кезде Marvel-дің иесі – Walt Disney студиясы. Президенті – Кевин Фейдж. Дисней Marvel-ді 2009 жылы 4 миллиард АҚШ долларына сатып алды. Голливудтықтар аяқ астынан қабылданған күрделі шешімді түсінбей, таңданды. Бірақ Диснейдің үлкен инвестиция салуға маңызды себептері бар еді. Марвелді сатып алғанға дейін компания тек Pixar-ға иелік етіп келді. Сәйкесінше «Суперотбасы» сияқты комикстерге жауапты болды. Марвелді сатып алу Диснейге өз аудиториясын едәуір кеңейтуге мүмкіндік сыйлап, сонымен қатар қазіргі заманға таңдаулы және зұлым кейіпкерлердің қатарына қол жеткізді. Диснейліктер Өрмекші адам, X-Men, Hulk, Iron Man, Fantastic Four, Америка капитаны сияқты әлемдік иконикалық кейіпкерлерге жауапты. Дегенмен 4 миллиард долларды инвестициялай отырып, Дисней аталған сомадан бірнеше есе көп пайда табуда.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!