31 мамыр ‒ Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

        Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады» деген еді Президент үндеуінде.

Енді «Қазақстанда іс жүзінде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізбесін анықтау, оның ішінде: қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттары; заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттарын» анықтау тапсырылған мемлекеттік комиссия жұмысы кем дегенде екі-үш жылға жалғасуы мүмкін. Бұл жөнінде бізге тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяғанов толығырақ айтып берді:

‒ Мемлекеттік комиссия жұмысы былтыр мамыр айында басталды. Белгілі тарихшылармен бірігіп: «Реабилитация мәселесі соңына дейін жетпеді. Талай адам әлі ақталмады» деп жоғарыға хат жаздық. Содан бұл бастаманы Президент қостаған соң мемлекеттік комиссия құрылды. Бір жыл ішінде көп жұмыс атқарылды. Бірақ бұл жұмысқа әлі күнге дейін қаржы бөлінген емес. Ғалымдардың көбі архивте жұмыс істеп жатыр. Үкімет жанынан офис орталығын берді, сосын КГБ-дан жұмыс істеуге рұқсат алдық. Бұл комиссия кем дегенде екі-үш жыл жұмыс істеуі керек. Зерттеудің негізгі мақсаты ‒ толық реаблитация жасау. Неге толық ақтау деп айтылады? Себебі сыртқа кеткен азаматтар, одан кейін  «бай, кулак» деп сотталғандар ақталмаған. Соғыс кезінде тұтқынға түскендердің бәрі бірдей опасыз емес қой. Олардың да көбі ақталмаған. Тарихты қарап отырсаңыз, әлі күнгі ақталмаған категория көп. Соған байланысты қазір жұмыс жүріп жатыр. Зерттеу әдіснамасы реттелді, ғалымдардың тізімі нақтыланды. Комиссия құрамында ғалымдар мен тарихшылардан бөлек прокуратура мамандары да бар. Оған қоса облыстық және өңірлік комиссиялар да жұмыс істеуде.

Совет дәуірі  тақырыбы ‒ қазақтар үшін ауыр мәселе. Кезіндегі партиялық комитеттер, бұрынғы саяси полиция көптеген құжаттарды жоқ қылып жіберген. Екіншіден, тізім анық емес. Олар адамды атуға шебер, бірақ істің ізін жасырып отырған. Сондықтан көп құжат Ресейде болуы мүмкін. Себебі, талай қазақ азаматы Ресей территориясында сотталған. Олардың да тізімін табу оңай емес. Бірақ соған қарамастан жұмыс істеп, реабилитация талап еткен адамдардың тарихын бір жөнге келтіру керек. Кезінде қазақтар көршілес Өзбекстан, Ресей, одан әрі Түркия, Америкаға дейін кеткен. Сол үшін осы мемлекеттермен де хат жазысып жатырмыз. Журналистерге айтуға ғана оңай, бірақ құжат дегенің миллиондаған қағаз ғой. Онымен жұмыс істеу оңай нәрсе емес, ‒ дейді тарихшы.

     Тарихшымен тілдеспес бұрын бізді «Зерттеу соңында ел күткен нәтиже қандай болады және бұл зерттеу қандай құжатпен бекітілуі мүмкін?» сауалдың ойландырғаны рас. Көкейдегі сұраққа келесідей жауап алдық:

     ‒ Зерттеу аяқталған соң Президент Жарлығы шығу керек немесе Парламенттік комиссия құрылу қажет. Дұрысы, әрине, Парламенттің қарағаны. Зерттеу соңында  саяси және моральдық, заңдық шешім қабылдап беру керек.

Біз бастапқыда сот прокуратурасымен сөйлескенде олар «іс қозғалды, бәрі ақталды ғой» деп айтты. Сөйтсе  1989-1990 жылдары көп адам ақталған екен. Бірақ ең сұмдығы, көп адам сот шешімімен емес, НКВД яғни милицияның шешімімен қудаланған. Оларды ешқандай адвокат қорғамаған, прокуратура көрмеген. Ол кезде милиция ойына келгенін істеп, адамдарды «Халық жауы» деп он, жиырма жылға айдай берген. «Халық жауының» әйелі, баласы деп қаншама адамды айдаған. Ешқандай дәлел жоқ, соның көбі кінәсіз кеткен. Тіпті олардың 100 пайызы заңсыз сотталған, бұл ешқандай халықаралық заңдарға сәйкес емес. Мысалы, жазған кітабы үшін, бай болғаны үшін немесе біреудің әйелі болғаны үшін соттайды. Біздің қазақты «коммунизм саламыз, социализм құрамыз» деп алдаған. Сөйтіп адамның құқығын бұза берген, ‒ дейді Б.Ғелманұлы.  

1993 жылы 14 сәуірде қабылданып, 2018 жылы 2 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңның бары екені белгілі. Бірақ саяси тақырып осы кезге дейін неге өз деңгейінде көтерілмеді? Көпшілікті мазалаған осы сауалдың да жауабын білуге тырыстық:

 ‒ Менің ойымша, оның екі себебі бар. Біріншіден, біздің ішімізде баяғы Совет үкіметін ақтайтын адам әлі көп. Кезінде оларды «Совет үкіметі ‒ ең керемет жүйе» деп сендірген ғой. Содан олар бүгінге дейін «Кеңес үкіметі бекер соттамайды, қудаласа бір себебі бар шығар» деп қарсы шыққан. Қазақтың ішінде сондай кереғар пікірдегі адамдар бар. Екіншіден, осы сталиндік топтар көрші мемлекетте де кездеседі. Оның саясатын қолдап, Кеңес үкіметін құрғысы келетіндер де жоқ емес. Сондықтан олар тарихтағы кемшіліктерін көрсетпеуге тырысады, ‒ дейді ҚР Ұлттық Кеңесінің мүшесі.

Енді өңірдегі комиссияның жұмысына тоқталсақ. Қызылорда облысы әкімдігінің № 185 қаулысымен биыл 20 қаңтарда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құрылған. Комиссия құрамында 21 адам бар. Төрағасы ‒ облыс әкімінің орынбасары Серік Әбжәліұлы. Комиссияның жұмысшы органы ‒  Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы. Комиссия құрамында өз саласының білікті мамандары, ғалым-зерттеушілер, қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары бар. Өңірлік комиссияның бүгінгі атқарып жатқан жұмысын облыстық «Рухани Жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев келесідей тарқатты:

     ‒ Бүгінде комиссия мүшелері мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында құрылған жұмысшы топ өкілдері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінде және облыстық Полиция Департаментінің архивтерінде сақтаулы тұрған зұлмат жылдар тарихына қатысты құпия құжаттармен жұмыс жүргізуде.

       Кеңестік кезеңде нақақтан-нақақ жала жабылып, жазықсыз құрбан болған азаматтардың шынайы есімін қайтару ‒ жүйелі әрі кешенді жұмыстарды талап ететін ұзақ процесс.  Осы ретте, Мемлекет басшысының Жарлығымен Мемлекеттік комиссия алдына құрбандар мен зардап шеккендердің барлық санаттарын толық заңдық және саяси ақтауды аяқтау міндеті қойылған. Сондықтан өңірлік комиссияның барлық іздеу, зерттеу және талдау қызметі осы міндетті орындауға бағытталып отыр.

Комиссия жұмысы барысында ескеретін негізгі мәселе өңірлік комиссия мүшелері әрдайым мемлекеттік ұстанымда тұрып, оқиғалар мен фактілерге, сондай-ақ тарихи тұлғалардың қызметіне, субъективизм көріністеріне жол бермейді. Жалпы, жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша өңірлік комиссияның талдамалық анықтамалары әзірленеді. Анықтамалардың негізінде халқымыздың жартысының өліміне әкеп соққан мемлекеттік зорлық-зомбылық пен қуғын-сүргіндерге ұласқан  большевиктік-сталиндік биліктің негізгі саяси, әлеуметтік-экономикалық қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді саяси науқандары, ірі қуғын-сүргін ошақтары болған жерлерде, қалалар мен аудандар бөлінісінде құрбандар мен зардап шеккендер саны бойынша ғылыми негізделген саяси-құқықтық қорытынды дайындалатын болады. Комиссия жұмысының маңыздылығын ескере отырып, барша оқырманды ұлттық тарихымыздағы ақтаңдақ беттерді бірлесе ашуға шақырамын, ‒ дейді У.Ибраев.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!