Қиялға қанат бітірсем, болашақ әлемнің кеңістігін шарлаймын. Айнала әсем, жан-жағым құлпырған табиғат. Біз күткен бақыт пен сенген арман орындалып, мемлекеттің де мерейі тасыпты. Шат-шадыман тұрғындардың қуанышы жалын атқан жанардан, басқан ізден, сөйлеген сөзден байқалатындай. Ілгері жылжу көңіл қуантқаны сонша, бәрі адам танымастай өзгергенін көз көрді. Әр қалада зәулім ғимараттың саны артып, еліміз дамыған 10 елдің қатарына енген екен.
Барлығы қазақ тілінде сөйлеп, жұмысшылардың жалақысы да өсіпті. Заманауи технология мен сапалы білім, үздік медицина мен озық қорғаныс Қазақстанның ажырамас бөлшегіне айналған. Мұнан өзге көптеген оң жаңалық орын алғанын тағы байқадым. Көкіректі қуаныш кернеп, осы кезеңге тез жетуді тілегенім жасырын емес.
Мен де қиял әлемінде бос жүрмей, кездескен жаннан болашақтың мәнін, гүлденудің жолын сұрап әлекпін. Бізді өзгеріске жетелеген қандай күш екенін білуге талпынып, сауал қоюға кірістім. «Жетістіктің сыры неде?» деген сұраққа бәрі бір жауап қайтарды. Айтатыны: «Жеңістің құпиясы бірлікте». Расында, ынтымақтың алмайтын қамалы жоқ. Кез келген қиындықты бірлесе еңсеру оңай. Содан болар, қазақ атамыз «Ынтымақ істі бітірер» деп өсиет қалдырыпты.
Қиял әлемінен бүгінге келгенімде армандаған болашақты қалыптастыру үшін бірліктің ауадай қажет екенін, елдің өркендеуі үшін аянбай еңбек ету керегін түсіндім.


Жібек БЕЙБІТШІЛІК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!