Жаңа жылға қалғаны бір күн. 433-і нөмірді жарыққа шығаруға қамданып отырғанда артта қалған 364 күнге есеп берудің сәті жеткенін аңдамай да қалыппыз.

Бұл уақытта «Жастар газеті не атқарды, алдағы жоспар қандай?» деген сауалдарға тоқталар болсақ, шағын ғана ұжым, журналистиканың жаңа толқыны оқырман жүрегіне күн сайын жол табу жолында ізденіс үстінде. Әрі әдебиет пен өнер, тарих пен тіл, бір сөзбен айтқанда, руханият мәселесін ұдайы көтеріп, желікпеге салынбау, арзан дақпырт қумау деген секілді аға буын өкілі қалыптастырған дәстүрді жалғауды басты мақсат етіп келеді. Бұл ретте айта кетейік, біз бәріміз де газет бетінен қате кетпесе, ішінде іліп аларлық дүние болса, жұрт оқыса дейміз. Өзгелер жаза білсең болды деуі мүмкін. Алайда олар адамның ақпарат жинап, табанынан таусылатынын айтпағанда, бір орында тыпыршып отыра алмай кететінін, ойдың адамды жеп қоятынын сезбейді де.

Әріптестер білер, нөмір шығарар алдындағы қарбаласты айтып жеткізу мүмкін емес. Мақала жазылады. Оқылады. Тексеріледі. Түзеледі. Теріледі. Тазартылады. Оқылады. Тағы түзеледі. Тағы оқылады. Қол қойылады. Нөмір жоспарланады, макеттеледі. Мақалалар бетке түседі. Оны кезекші редактор оқиды. Тағы түзеледі. Бұл – күнделікті көз майын тауысатын жұмыс үдерісі. Жылжабар нөмір де дәл осылай «өліп-тірілумен» шықты.

Оған қоса басшылық қазір жеделдік мәселесіне жіті көңіл бөлуде. Тың талаптың көрінетін тұсы – интернет-редакцияның қызметі. Бүгінде газеттің сайты аптасына жеті күн жұмыс істейді. Сенбі, жексенбіде болған оқиға, жарқ еткен жаңалық міндетті түрде сайтқа салынып отырады. Сонымен қатар видеокөрсетілімдерді де тамашалап, жаңалықтардың аудио нұсқасын тыңдауға мүмкіндік қарастырылған. Сайттың өзіндік контенті қалыптасқан, оны аптасына мыңдаған адам оқиды. Осыған қарап, ел өмірінен, жастардың көңілінен орын алып келіп жатқан жастар басылымы дұрыс жолда деп айта аламыз. Ол – сүттей ұйыған, жастардың шығармашылық шоғырын қалыптастыра білген ұжымның еңбегі.

Халықтың тілі һәм көзіне айналған газеттің беделі бұдан кейін де арта түседі деген сенімдеміз. Алдағы Барыс жылында да Сіздің бізді таңдап, біздің газетке жазылды деген үмітіміз бар. Келер жылға жоспарымыз дайын, оның ішінде кәдеңізге жарайтын дүниелер болады. Өздеріңізден де хат-хабар күтеміз! Жаңа 2022 жыл баршамызға жақсылығымен келсін!

Мөлдір СНАДИН