Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Halyq Uni. Халел Досмұхаммедов атындағы Атырау университетінің студенттері археологиялық қазбадан көне кесененің дромосын тапты. Ғалымдар бұндай нысан бұрынғы зерттеулерде кездеспегендігін айтады.

Биыл тарихшы-зерттеуші мамандығының студенттері «Сарайшық» музей-қорығындағы археологиялық қазба жұмыстарына барып қатысқан. ХV-XVI ғасырға тән нысан күйдірілген кірпіштен берік әрі сәнді қаланған. Алайда, кесененің күмбезі қирағанмен жабық дәлізі сол қалпында сақталған.

Бұндай түрде салынған кесенелер Сарайшық қаласында бұрын да анықталған, бірақ олар қатты бүлінген еді. Бұл кесененің ерекшелігі – дромосының толық сақталуында. Әзірге алдын-ала болжам бойынша белгілі, қоғамдағы статусы жоғары адамдар жерленген болуы мүмкін, – деді археолог Амангелді Заинов.

Есігі оңтүстік-шығысқа қараған дромостың ұзындығы – 170 сантиметр, ал биікті – 60 сантиметр. Археологтың айтуынша, бұл – дәліздің жартылай қазылған бөлігі.

Археологтар қазба жұмысын үш бөлікке бөліп жүргізген. Бірінде дәлізге жалғасқан көлемді қабірдің қабырғалары табылды. Анықталған қабырғаның ұзындығы 6 метр болса, биіктігі – 1 метр, ал қалыңдығы – 55 сантиметр.

Бұл кесенені салуға сары және қызыл кірпіштер пайдаланылған. Сары кірпіштер – Алтын орда дәуірінің ескі кірпіштері, ал қызыл кірпіштер құрылыс салынарда күйдіріліп жасалғаны анық. Бұл – Сарайшықтағы ең сирек кездесетін нысан, – деді археологиялық қазбаға қатысқан студент Ерасыл Өмірбек.

Дромостың оңтүстік бөлігінен шаруашылық бөлме де анықталған. Ондағы қазба кезінде қыш құмыралар мен түрлі бұйымдар және орта ғасырлық сәндік жапсырмалар, мыс тиындар табылған. Археолгиялық нысан алдағы уақытта терең зерттелемек. Орта ғасырлық қалада студенттердің оқу-практикасын жүрзігіп тың деректерді табуы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен «Сарайшық» музей-қорығы арасындағы екіжақты келісім негізінде іске асқан. Практика кезінде белсенді жұмыс істеп тарихи кесенені қазуға атсалысқан 19 студентті музей-қорық басшылығы алғыс хаттармен марапаттады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!