Жаңа заманның жағдайы уақыт өткен сайын күрделенуде. Қамсыздар қатардан қалып, сауаттылар сағаттың тілінен қалыспайды. Бүгінгі жаңа атау ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл заманда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Соңғы кезде білімді өз елінен емес, шет елден іздейтін жастардың қатары көбеюде. Неліктен? Шекара асып,  білім қуамын деген сылтаумен елден кетіп, басқа мемлекеттің болашағы үшін жұмыс жасауға жастар неге сонша құмар?

Мемлекет әр баланың 11 жыл бойы білім алуына 3 млн 200 мың теңге көлеміндегі қомақты қаражат қарастырған. Сонымен қатар бір тұлғаның қалыптасуы үшін қаншама тер төгілуде. Жалпы жастардың шет елдерге кетуі ел үшін үлкен шығын. Шетелде оқыған студент пен қазақстандық студенттің бір-бірінен артық немесе кем деп айту қиын. Дегенмен шетел студенттерінің ойлау қабілеті мен адамға деген қарым-қатынасы ерекше. Сіз шетелде жүрсеңіз, ұлтыңыз, дініңіз, киім үлгіңіз ешкімді қызықтырмайды. Әр адамға жеке тұлға ретінде қарайды. Қарым-қатынас өзіңнің қандай екеніңді көрсете білсең, соған лайық сыйға ие боласың. Олар әрбір ақпаратты сүзгіден өткізе біледі, яғни сараптап, оның рас-өтірігін тексере алады.

Мысалы, біздің мектептерде бір тапсырма берілсе, оқушы оны жаттап, мұғалімнің өзіне қайтып айтып береді. Жақсы бағаласа, соған қуанады. Біз бір түнде орындайтын тапсырманы дамыған мемлекеттердің мектебінде бір-екі апта көлемінде зерттеу, сараптау тапсырмасы жүктеледі. Бір сөзбен айтқанда, білім беру жүйесі күрделі. Басты айырмашылық – осында.

Шетелдік оқу орнын бітіріп, елге оралған жастар жұмыс таппай жатыр дегенді жиі естиміз. Жұмыс жоқ емес, бар ғой. 100-150 мың теңгені азсынып, жұмыссыз жүрген жастарымыз көп. “Болашақ” бағдарламасына тапсырғанда елге келгеннен кейін жұмыс істеу туралы арнайы келісім-шарт бар. Осы шарт бойынша шетелден алған біліміңді, тәжірибеңді бөлісуің керек. Егер құжатты қалалық жерден тапсырған болсаң, бес жыл, ауылдық жерден тапсырсаң, екі жыл көлемінде мемлекетке жұмыс істеуің қажет. Ол жерде түрлі талап бар. Бірақ аталмыш талаптардың өзі жастарымыздың елге қайта оралуына кепілдік бере алмай тұрғандай көрінеді.

Бүгінгі замандастарда патриотизм кемшін. Менің ойымша, әрбір адам осы сезімге, рухқа ие болуы керек, әсіресе біздің бүгінгі мақалаға арқау болып жатқан жастар. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы, қыз-жігіттері мемлекеттің дамуына үлес қосу деген идеяны бірінші орынға қойып  өмір сүруі қажет. Әрбір жас қазақстандықтың санасында: “Мен – қазақстандықпын! Мен – елімнің патриотымын! Өзімнің бар білімімді, еңбегімді, тәжірибемді осы мемлекеттің бүгіні мен болашағына арнауым керек!” деген ойы қалыптасу керек. Сондықтан да жастарымыз бар жинаған білімін де, мейірімін де туған елдің көркеюіне жұмсауы қажет.

Балауса Алдабергенова,

№107 орта мектептің 11-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!