Қай қоғамда болсын ақпарат құралдарының алар орны ерекше. Бүгінгі жаһандану заманында да БАҚ саласының маңызы бұрынғыдан арта түспесе, кемімейтіні түсінікті. Бүгінге дейін журналистика саласына қатысты қазақ баспасөзінің тарихы, тәжірибесі жайында бірқатар зерделі зерттеулер жасалды. Жақында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының да тұсаукесер рәсімі өтті. Оған облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев бастаған журналистер қауымы мұрындық болды.

Ауқымды шара барысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалық журналистердің қуанышына ортақтасып келген ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріппен кездесті.

– Сыр журналистикасы үшін құнды жинақты Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жарыққа шығаруымыз кездейсоқтық емес. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген қанатты сөз бар. Қалам иелері қашанда еліміздің даму тарихындағы небір қиын-қыстау кезеңдерде де ұлт ұйытқысы, адам тағдырының жанашыры, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білдіңіздер. Сондықтан да, облыс журналистикасындағы таланттардың құрметіне «Сыр журналистикасының тарихы» деген атаумен 5 томдық кітап жарық көріп отыр.Бұл, мерейлі мереке қарсаңында еңбектеріңізге сый-құрмет көрсету деп қабылдаңыздар, – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.

Елбасы-ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында да тарихты түгендеу – әрбір азаматқа парыз екені айтылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!