«Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөзді баспана тауқыметін сезінген әрбір жан түсінетіні сөзсіз. Елдегі тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешу үшін 10 жыл және 25 трлн теңге керек екен. Ал 300 мыңға жуық тұрғыны бар шаһарымыздың 30 мың тұрғыны баспанаға мұқтаж. Десе де жыл сайын қаламызда бірнеше көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілуде. Бірақ мұқтаждар саны да күн санап артуда. Бұған бірнеше себеп бар. Мәселен, өңірімізде ел тәуелсіздігін алған жылдардан 2010 жылға дейін тұрғын үй құрылысы біршама тоқтаған. Яғни басымдық басқа бағыттарға берілген. Осы олқылықтардың орнын толықтыру мақсатында мемлекет тұрғын үй алуда біршама оңтайлы бағдарламаларды жүзеге асыруда. Нәтижесінде облысымызда тұрғын үй құрылысында өсім байқалады. Мысалы, биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 815 пәтерлі 20 үй сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй болса, 755 пәтерлі 68 кредиттік тұрғын үй және 376 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жеке компаниялар есебінен жүргізілуде. Жыл соңына дейін 698 отбасы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін, 115 отбасы несиелік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Осылайша жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 987 пәтерлі 75 тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру жоспарланған. Қазір елімізде тұрғын үй құрылысына жыл сайын 1 трлн 300 млрд теңге бағытталады. Оның 40 пайызы – жекеменшік үй салатындардың үлесі. Қаржының 20 пайызы мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген. 40 пайызы – құрылыс салушылардың қаржысы. Енді мемлекет ұсынған бағдарламалардың қайсысы тиімді екенін саралап көрсек.

БАҒДАРЛАМАДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Екінші деңгейлі банктер жүзеге асыратын «Баспана хит» бағдарламасы көпшілік көңілінен шыққан. Тиімді тұсы бағдарлама талабы бойынша бастапқы тұрғын үйден немесе қайталама нарықта да баспана алуға болады. Сондай-ақ атыңызда тұрғын үйдің болмауы қажет деген талап жоқ. Баспанаңыз болса да, екінші баспана алуға болады. Үйдің бастапқы 20 пайыз жарнасын салып, 7 пайызбын несие рәсімделеді. Айлық табысыңыздың мөлшеріне қарай несие мерзімі 15 жылдан 25 жылға дейін ұзартылады. Биылдың өзінде аталған бағдарлама шеңберінде 388,1 млрд теңгеге 44 228 өтінім мақұлданған. Тұрғын үйге сұраныс артуына, бағаның өсуіне байланысты бағдарлама талабына біршама өзгеріс енді. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласында бастапқы нарықта сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құнының лимиті 25 млн теңгеден 35 млн теңгеге ұлғайды. Ал бұл шекті сомма Қызылорда қаласында 10 миллионнан 15 миллионға артты. Сонымен қатар салынып жатқан тұрғын үйді үлестік қатысу шеңберінде сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Осы тұста ескеретін мәселе, тұрғын үйді жалға алу жылы қаншалықты жоғары болса, пайызы да артатынын ескерген жөн.

– «Баспана хит» бағдарламасы бойынша 12 миллион теңгеге баспана алсаңыз, оның бастапқы жарнасы 2 миллион 400 мың теңге. Қалған 9,6 млн теңгесіне пайыздық үстеме ретінде шамамен 9,8 млн теңге қосылады да, оны алдағы 15 жыл бойы айына 107 611 теңгеден төлейсіз. Ал пайыздық үстеме төлеп біткенше өзгеріссіз қалады, – дейді экономист Света Қасымова.

Бағдарлама шеңберінде екінші деңгейлі банктер арқылы 4 493,9 млн.теңге сомасына 495 өтініш түсіп, оның ішінде 2 334,1 млн теңгеге 252 несие мақұлданып, тұрғын үй алуға берілді.

ШАҢЫРАҚ НЕМЕСЕ 5-10-20

«Шаңырақ» пилоттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, баспаналы болуды армандаған қазақстандық азаматтарға жеңілдетілген шартпен несие беру мақсатында әзірленген. Несие тек ғана Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы рәсімделеді. Бүгінде бағдарлама аясында баспанаға мұқтаж ретінде әкімдік кезегінде тұрған азаматтардан өтініш қабылдаудың төртінші кезеңі басталды. Енді жобаға 1986-2020 жыл аралығында кезекке тұрғандар қатыса алады. Бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспау тиіс.

– «Шаңырақ» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін ҚР Ұлттық банкінің еншілес ұйымының қаражатынан 210 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Оның 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне түсті. Осы бюджетке сәйкес, шамамен 7-8 мыңдай отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызға тең. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі жинақ шоттарында займ мөлшерінің 10 пайызы көлеміндегі соманы бастапқы жарна ретінде жинау қажет. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін. Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйді тек жаңадан соғылған үйден ғана алады, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Әлібекұлы.

Облысы­мыздағы тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі 160 мың теңгеге дейінгі үйлер бағдарламаға қатыса алады. Пәтерлер жеке құрылыс компаниялары соққан үйлерден сатып алынған жағдайда ең жоғары заем сомасы – 12 млн теңге.

– «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша кезекке тұрған 30 азамат банктен төлем қабілетін растап, 5 отбасы баспаналы болды. Қаламыздың сол жағалауынан №35, №42, №43-ші көпқабатты тұрғын үйлерге өтініш қабылдау аяқталды. Ал 23 қазан мен 22 қараша аралығында сол жағалаудағы №44, 48, 49, 37 көпқабатты тұрғын үйге «Тікелей сатылым» жарияланып, қазір baspana.kz сайты арқылы брондау жүргізілуде. Тікелей сатылымның ерекшелігі, айлық табысқа шектеу қойылмаған және өтініш беру барысында жеке меншігіңізде ҚР аумағында тіркелген баспанаңыз болмаса, пәтер сатып алуға мүмкіндік беріледі. Қазіргі таңда облыс бойынша 25 000-ға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұрса, соның ішінде 7 200 адам Тұрғын үй құрылыс жинақ салымшысы болып есептеледі, белсенді депозит толықтырып отырған азаматт ар саны 1953. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Себебі Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Шаңырақ» пилоттық жобасының негізгі мақсаты кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету. Осы мақсатқа жету үшін халықтың белсенділігі өте маңызды, – деді Тұрғын ­үй құрылыс­ жинақ банкінің филиал директоры Әділжан Сәулебаев.

НҰРЛЫ ЖЕР

Бүгінде қаламыздың сол жағалауында орналасқан үйлердің басым бөлігі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілуде. Бағдарламаны Тұрғын үй­құрылыс жи­нақ­та­ры жүйесі арқы­лы кредиттік баспана салу» бағыты бойынша жаңа үйлерді салу ісін жергілікті атқарушы органдар ұйымдас­тырады. Бағдарлама аясында салынған пәтерлердің кем дегенде 50%-ы жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Ал қалған пәтерлер кезекте тұрмаған банк салымшылары арасында тікелей сатылым негізінде үлестіріледі. Бастанаға қол жеткізу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, кемі үш жыл жинақтау қажет. Сонымен қатар пәтер тек депозитті ай сайын толықтырып отырғандарға емес, есепшотына бірден қомақты қаржы салған азаматтарға да беріледі. Бастапқы жарна 20 пайыз, несие 14-16 жылға 7 пайызбен рәсімделеді. Егер банктың тұрақты салымшысы болып, бағалау көрсеткішіңіз яғни ОП 16 пайызға жетсе, аталған бағдарлама аясында 4 пайызбен несие алуға болады. Тағы айта кететін бір жайт, қажетті соманы мейлінше тез жинау үшін отбасының әр мүшесіне жеке есепшот ашуға болады. Мұндай жағдайда мемлекеттік сыйақы әр шотқа бөлек тағайындалады. Мысалы, отбасыңызда төрт адам делік, жарыңызбен екі балаңыз бар. Осы отбасы мүшесінің барлығына есепшот ашып, толықтыруға болады. Әр есепшотқа 550 мың көлемінде қаржы құйсаңыз, жыл соңында әр шотқа 101 мың теңге көлемінде қаражат түседі. Баспана алатын кезде төрт шотты біріктіріп, 2 миллион 200 мың қаражатыңызды 2 млн 604 мыңға арттырып алуға болады.

– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 75 тұрғын үйдің 987-і пәтері халық игілігіне пайдалануға беріледі. Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде 1946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 815 пәтерлі 20 үй сатып алу құқығынсыз жалға берілсе, 755 пәтерлі 68 үй кредиттік және 10 тұрғын үйдің 376 пәтері жеке компания есебінен салынуда, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Әлібекұлы.

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА КІМ ҚАТЫСАДЫ?

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде табысы төмен көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың тұрғын үй алуға қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылдық 2 пайызбен тұрғын үй беру жоспарланған. Бұл мақсатта биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне Үкіметтен 3,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға облыс бойынша тұрғын үй алуға 309 өтінім қабылдау жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде жергілікті әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтардан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 315 өтінім тапсырылған, 273 отбасы баспаналы болды.

Бағдарламаның шартына сәйкес, үш категория бойынша әлеуметтік аз қамтылған мына отбасылар кіреді. 4 және одан көп баласы бар отбасылар. Бір немесе одан да көп бала бағып отырған жалғызбасты әке немесе ана. Мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасы қатысады. Ол үшін міндетті түрде тұрғылықты жеріңіз бойынша әкімдікте кезекте тұру қажет. Мысалы, егер сіз мемлекеттік қызметкер ретінде кезекте тұрсаңыз, бұл бағдарламаға қатысу үшін кезектегі мәртебеңізді өзгерту керек. Баспанаға мұқтаж отбасылар санатына жататыныңызды дәлелдеу үшін атқарушы органнан көп балалы отбасы екенін дәлелдейтін анықтама алып, оны банкке тапсырасыз. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болу. Егер салымшы болмасаңыз, құжат тапсырар сәтте банктен дербес шот ашасыз. Пәтердің құны кез келген сомада болуы мүмкін, алайда банк сізге тек 12 миллион теңгеге дейін несие береді. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын құрайды. Несие мөлшерлемесі 19 жылға 2%. Егер бастапқы жарнаға ақшаңыз болмаса, әкімдіктен ақшалай төлем ретінде 1 миллион теңгелік сертификатқа арыз жазуға болады. Бастапқы жарнаны әкімдік көмегімен емес, өз қалтаңыздан төлесеңіз, тұрғын үйді таңдау мүмкіндігі жоғары болады. Тұрғын үйді бірінші нарықтан, қайталама нарықтан немесе жеке үйден ала аласыз. Егер сіз әкімдіктен 1 миллион теңге сертификат алған болсаңыз, тек бірінші нарықтан ғана үй аласыз. Төлем қабілетіңізді соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары бойынша растай аласыз. Жеке кәсіпкерлер үшін соңғы бір жылдың декларациясы табысталады.

– Егер жан басына шаққандағы табыстың мөлшері 42500 теңгеден асып кетсе, ол отбасы жылжымайтын мүлікке мұқтаждар қатарына кірмейді. Мысалы, 15 млн теңгеге несие алмақ болсаңыз, шамамен 104 250 теңге табыс көзі расталуы тиіс. Несиені төлеп қайтару екі кезеңге бөлінеді: алғашқы 8 жылда – 79 000 теңгеден, қалған 11 жылда – 57 000 теңгеден төлейді. Ал егер 12 млн теңгеге несие алған жағдайда, алғашқы 8 жылда – 88 450 теңге, қалған 11 жылда – 44 000 теңге төлейсіз. Ескеретін жайт, бір отбасында 5 адам болса, олардың жиынтық табысы 212500 теңгеден аспау керек, – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің І санатты маманы Мархабат Сынасапова.

Ал құны 10 миллион теңге болатын пәтерге бастапқы сегіз жылда ай сайын 52 700 теңге, қалған 11 жылда 36 000 теңгеден төлейсіз. Егер бастапқы жарнаны 10 пайыздан көп төлесеңіз, ай сайын төлейтін сома азая түседі.

БАСТАПҚЫ ЖАРНА 36 ПАЙЫЗ

Қазір тұрғын үй құрылысы қиын кезеңді бастан өткеруде. Біріншіден, девальвация мен инфляцияға байланысты жылжымайтын мүліктің құны өсуде. Ал халықтың жалақысы сол қалпында. Яғни халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін банктер бастапқы жарнаны түсіруге мәжбүр. Мысалы, елдегі баспана алудағы ең жоғарғы жарна 50 пайыз болатын. Енді бұл көрсеткіш 36 пайызға төмендеді. Яғни Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 36% бастапқы жарна құйып, 7 пайызбен несие беріледі. Осы уақытқа дейін банк салымшысы болып тұрақты қаржы аударымын жасасаңыз, бағалау көрсеткішіңізге қарай пайыз мөлшері төмендейді. Ол үшін табыс көзін растау міндетті. Үй кезегінде болу міндеттелмейді.

–Тұрғын үй құрылысы 2000 жылдардан бастап қарқынды дамуда. Өкінішке қарай, содан бері баспана бағасы бір рет те төмендеген емес, төмендемейді де. Себебі біздің елде инфляция жоғары. Ресми деректерде инфляция 6-8 пайыз деп көрсетілген. Ал шын мәніндегі көрсеткіш 12-15 пайызды құрайды. Бұл жердегі мәселе инфляцияның дұрыс есептелмеуінде. Екіншіден, жұмыс күші жетіспеуде. Карантинге байланысты Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді елдерден келетін арзан жұмыс күшінің тартылуына тыйым салынды. Осы фактордың өзі тұрғын үй бағасына тікелей әсер етуде. Сонымен қатар шикізаттың басым бөлігі доллар бағамына сай қымбаттады. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері жаңа үйлер 9,5 пайызға екінші нарықтағы үйлер 6,6 пайызға қымбаттаған, – дейді экономист сарапшы Асылхан Аңдашов.

ОП ДЕГЕН НЕ?

Егер сіз зейнетақы қорының салымшысы болмасаңыз, табыс көзін растамай үй алудың бір ғана жолы бар. Ол үшін банкке тұрақты түрде 3 жыл қатарынан қаржы жинақтау қажет. Сол кезде ОП яғни бағалау көрсеткішіңіз 16-20-24 пайызға өседі. ОП өскен сайын несие пайызы 5%, 4.8%, 4.5% деп төмендей береді. Мұның тиімді тағы бір тұсы, несие проценті тек сіз алатын сомаға есептеледі. Бүкіл үй сомасына есептелмейді. Осы уақытқа дейін атыңызда 5-6 несие болса да, бар-жоғы 10 минутта банк келісімін ала аласыз. Тіпті қара тізім де әсер ете алмайды. Ал ОП жоғарыламаса, онда банкке жұмыс істеуге тура келеді. 3 жыл банкке қаржы жинақтамаған соң, бастапқы үш жыл несие пайызын төлеуге міндеттелесіз. 3 жылдан соң ғана негізгі қарызды өтейсіз. Мұны халықтың көпшілігі түсіне бермейді. Оны нақты білу үшін жеке кабинетке кіргенде ай сайын сізге ай соңында тиын түсіп жатады. Ол дегеніміз банктың сыйақысы. Сыйақы өскен сайын ОП өседі. Сіз ақша салған сайын, жатқан ақшаңыз айына 0.167% өсуде. Ол қайдан шықты? Ол банктің 2% жылдық мөлшерлемесі. Яғни 2%-ды 12 айға бөлсек, 0.167% деген сан шығады. Осылайша, ОП 16 толғанша, 3 жыл уақыт кетеді. Неге? Себебі 10 млн үйін алу үшін сіз осы қарқынмен 160000 сыйақы жинау қажет. Шарт сомасы мен үй бағасы теңескенде ОП 16 болса, онда жоғарыдағыдай табыс көзін растамай, 3,5 пайызбен баспана аласыз.

ӘЙЕЛДЕР ИПОТЕКАСЫ

Жақын күндері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әйелдерге арналған ипотекалық бағдарламаны іске қосады. Бағдарлама шарттары бойынша 200 мың теңгеден төмен айлық алатын әйелдер 15% бастапқы жарна салса, 200 мың теңгеден жоғары жалақы алатындар 20% салу керек. Бұл ипотека бойынша жаңа үйден де, қайталама нарықтан да баспана алуға болады.

– Жыл басында «Әйелдер ипотекасы» жобасын жоспарлаған едік. Белгілі бір себептерге байланысты бағдарлама уақыты шегерілді. Елімізде 9,1 миллион әйел бар, олардың 4,4 миллионы жұмыспен қамтылған, жартысы өз отбасын өздері асырап отыр. Сондай-ақ әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда үш есеге аз екенін ескеру керек. Бұл әйелдердің ерлерге қарағанда пәтер алу мүмкіндігі төмен екенін білдіреді. Сондықтан біз “Азия Даму Банкімен” бірге қазақстандық әйелдерді қолдай отырып, гендерлік жобаны жүзеге асырамыз”, – деді “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” басшысы Ләззат Ибрагимова

Қаржыландыру көзіне келер болсақ, Азия даму банкі Тұрғынүй құрылысжинақбанкіне 38 млрд теңге бөледі. Осы қаржының есебінен 4 мыңға жуық әйел жеңілдетілген ипотека рәсімдей алады.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА