Қымбатшылық қысқанда халықтың қалтасына ауыр тимейтін оңтайлы жол – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі. Себебі жиым-терім мезетінен бөлек, араға ай салып облыс орталығына келетін шалғайдағы шаруалар азық-түлік бағасын базар құннынан төмен қояды. Содан болар, аймақта жәрмеңке ұйымдастыру игі дәстүрге айналды. Бұл қала тұрғындары мен ауыл еңбеккерлері үшін тиімді екені сөзсіз. Экологиялық таза, құнарлы да сапалы өнімдерге қол жеткізуге болады. Жаз бойы бейнеттенген шаруаның өнімді тез әрі үлкен көлемде сатуға мүмкіндік алатын тұсы да осы. Тұрғындар да азық-түлікті делдалсыз, арзан бағамен алып, азын-аулақ ақшаға үнем жасай алады. Алайда әлемдік экономиканың құбылған шағында мұндай қадам қымбатшылықтан құтылуға сеп бола ма? Жәрмеңкенің жәрдемін толық сезіну үшін не істеу қажет? Осы сауалдарды саралап көрейік.

Расында тұрақты өткізілетін жәрмеңкеге жұртшылық үйренісіп қалған. Жиналатын маң, әкелінетін өнім, алатын затқа дейін нақтылап, қалыс қалмауға тырысады. Мұндай құлшынысқа қымбатшылықпен қатар құзырлы органдар мен тиісті мекемелердің мәлімдемесі себеп болса керек. Себебі министрден бастап жағдайдың ушығатынын жасырмай, қаржы үнемдеуге кеңес беруде. Мәселен, Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында да аталған мәселе ашық айтылды. Онда азық-түліктің әлемдік деңгейдегі бағасы 13-15 процентке көтерілетіні көрсетілген еді. Артынша, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та бағаның жаппай қымбаттауына әлемдегі инфляция ықпал ететінін жасырмады. 

«Геосаяси жағдайға байланысты әлемде бағаның жаппай өсуі бізге де кері ықпал етіп отыр. Әлемде жыл сайын 20 процентке азық түлік бағасы өсті. Еуропада да 5-7 процентке дейін инфляция тіркеліп отыр. Көршілес елдерде де бағаның өсуі 15 процентке жетіп отыр. Бұған қоса, теңгенің 18 процентке құлдырауы бағаның қымбаттауына әсер етеді», – дейді министр.

 Жасыратыны жоқ, бүгінгі өзекті тақырып – қымбатшылық. Қайда барсаң да, қай дүкенге бас сұқсаң да, алдыңнан көлбеңдей осы мәселе шығады. Ең қиыны, киім-кешек емес, күнделікті тұтынатын азық-түлік қымбатшылығы тұрғындарға қиындық тудыруда. Тіпті тапқан табыстың көп бөлігі азық-түлікке кететін отбасылардың қатары да артты. Аталған олқылықты мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин де мінберде көтеріп, назар аударған еді:

 «Статистикалық дерек бойынша қазақстандықтар табысының жартысынан көбін азық түлік алуға жұмсайды екен. Біздің азаматтардың еңбек ақысының өсу деңгейі әлеуметтік маңызы бар тамақтардың бағасының өсу деңгейіне ілесе алмай отыр. Бұған қоса, азық түлік көлемінің жеткілікті болу мәселесі де сұрақ тудырады», – деді депутат.

Міне, мәселенің мәніне үңілсек, жәрмеңкенің маңызы арта түсетіндей. Әрине, бір жәрмеңкемен бағаны тұрақтандыру, төмендету мүмкін емесі анық. Себебі жәрмеңкеде сатылмайтын азық-түліктің бағасына тұсау болу, жаңа арнаға бұру әзірше қолдан келмес. Мысалы, нарық бағасына көз салайық. Ет өнімдерінің елдегі бағасы 2 500-4 500 теңге, алма – 500-1 000, алмұрт – 800-1 500, қант – 800,  сабақты көк пияз (бумасы) – 200 теңге. Бұдан өзге нан бағасы да шарықтап, 100 теңгеге дейін көтерілді.

– Жолдасым екеуміздің зейнетақымыз 130 мың теңгеге жуық. Алайда жәрмеңке болмаса, ол қаржыға жарытып азық-түлік алу мүмкін емес. Жергілікті әкімдік тарапынан ұйымдастырылатын жәрмеңке айтарлықтай көмекке айналған еді. Алайда соңғы уақытта өту жиілігі алшақтап, жағдай қиындай түсті. Жәрмеңкені күтпей, дүкеннен алуға қаржат жетпей қалады, – дейді қала тұрғыны Нағима Құспанова.

 Тағамды сөз етпегеннің өзінде «енді нан қымбаттайды» дегенді естіген халықтың алаңы күшейді. Өйткені, ет жəне ет өнімдерін баға  қымбаттығына байланысты қаншама адам апталап айлап тұтына алмайды. Сондағы бар ішіп-жемі  – ас атасы. Сол себепті олардың «Нан қымбаттаса, не болғаны?!» деген қиналысы орынды. Қазірдің өзінде облыс орталығындағы нан бағасы 100 теңге көлемінде.

Бүгінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ ұйымдастыруымен өңірлік тұрақтандыру қорынан немесе шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің қатысуымен жәрмеңке өтуде. Аудан орталықтар мен Қызылорда қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арзан бағамен сатылып, жәрдем болуда.

Сатылымға облыстағы шаруа қожалықтары мен жергілікті кәсіпкерлер ұсынған күріш, ет, сүт, ұн, пияз, жұмыртқа, көкөніс пен жемістің саналуан түрі ұсынылады. Қажетті өнімді арзан бағада сатып алуға мүмкіндік мол. Кәсіпкерлердің ынтасы да жоғары. Мәселен, жақында Қызылорда қаласының «Арай-3» шағын ауданында өткен жәрмеңкеге 10-ға жуық жүк көлігімен 20 тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары әкелінген.

Айтып-айтпай не керек, жәрмеңке болса, қала жұртшылығы жайылған сөрелерден өздеріне қажеттің бәрін тауып, қалауы мен қалтасына қарай қоржын толтырады. Сатып алушы да, өнім ұсынушы да риза. Сондықтан болар, халық жәрмеңкенің жиі ұйымдастырылып, қымбатшылықтан құтқарғанын қалайды. Қазіргі ахуал мұндай талапқа мұрша бермесе де уақыт оздырмай жүйелі жәрмеңке өткізуді ұмытпаған жөн секілді.

Берен ШАҒЫРОВ