Грецияның Салоники қаласында өткен Самбодан жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жерлесіміз Ақтоты Зарип күміс медаль жеңіп алды.

14-18 қазан аралығында ұйымдастырылған тартысты додада  30-дан аса елдің  спортшылары бақ сынаған болатын.  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Ақтоты Зарип 59 кг салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.

  •  Әлем чемпионатына әр елдің үздік деген спортшылары жиылады.  Жартылай финалда франциялық спортшымен жекпе-жекке шығып, 8-0 есебімен жеңіске жеттім. Ал ақтық  кездесуде украиналық қызға есе жібердім.

 Алда талай байрақты бәсекелер күтіп тұрғаны белгілі. Сондықтан елімді әлі талай жеңістеріммен қуанту үшін аянып қалмаймын, – деді спортшы.

Бүгінде оқу орнында аймақтың ғана емес, тұтас елдің намысын қорғап жүрген студенттер қатары артып келеді. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасына университеттің 33 студенті қабылданған.