Биыл қала күні мерекесі жылдағыдан ерекше тойлануда. Тұрғындар мәдени шаралардан бөлек спорт сайыстарының куәсі болуда. Өткен сенбіде мерекелік думанның легі бозкілемде жаоғасын тапты. Балаларды саламатты өмір салтына баулу мақсатында шаһарда тұңғыш рет «Бала барысы» өтті. Облыс аумағынан 30 жасөспірім қатысқан жас балуандар додасына «Абай-Дәулет», «Ер-Ару», «Шаған құрылыс заттар» компаниялары демеушілік жасады.

Балалардың белдесуі өткен «Евразия» спорт кешенінде жанкүйерлердің қарасы қалың болды. Бұл – көкжиегі кең қазақ күресінің соңғы уақытта Сыр өңірінде қарқынды дамып жатқанның көрінісі. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені 2011 жылы ұйымдастырылған алғашқы «Қазақстан барысы» турнирінде қызылордалық Ұлан Рысқұловтың топ жаруы айқын дәлелі. Ұланның жеңісті жолын жалғаған Еламан Ерғалиев, Нұрым Сәлімгереев, Мақсат Исағабыловтар бүгінде үлкен ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр.

Балалардың бабын байқауға шаһар басшысы Асылбек Шаменов арнайы келді.

– Жас балуандардың қызығушылығын байқап, қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын боларына сенемдімін. Алдағы уақытта «Бала барысы» турнирінің дәстүрлі сипат алуына жүйелі жұмыстар жасалып, бұл байрақты бәсекеде айрықша күш-жігерімен танылған темір қанат жас түлектер көптеген дүбірлі додаларда Алашқа олжа салады деп ойлаймын, – деді қала әкімі.

Иығына қасқыр терісін ілген жас балуандар боз кілемге спорт кешенінің ішіне бір-біріне қарама-қарсы тігілген қос киіз үйден шығып, өз қарсыластарын «соқыр» жеребе арқылы анықтады. Қалалық ашық біріншіліктің баса назар аударатын бір ерекшелігі, балуандардың әрбір қимылы жоғары технологиялы VAR жүйесі арқылы бақыланып, ютуб арнасында тікелей эфир жүргізілді.

Тартысты бәсекені ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, талантты ақын Ақжол Түменбай жүргізіп, рухты сөздерімен балуандарға дем берді. Жан алып, жан беріскен бәсекенің ақтық сыны әлемдік бәсекелерден кем болмады.  Жарыстың нәтижесінде «Жанқылыш» лақап атымен қатысқан қармақшылық Бақытжан Архар «Көрермен көзайымы» атанса, ІІІ орын 50 мың теңге және «Қола белбеу» «Ақұдай» лақап атын иеленген Қызылорда қаласынан Исламбек Баймулдаевқа бұйырды. Жартылай жеңіс ұпайымен алда тұрып, соңғы секундтарда қарсыласына есе жіберген «Жаңақорған барысы» Дінмұхамед Ержанов ІІ орын 100 мың теңге мен «Күміс белбеуді» қанағат тұтса, І орын 150 мың теңге және «Алтын белбеуді» қармақшылық «Семетей» Әлихан Әлиасқаров жеңіп алып, арнайы жасалған ауыспалы «Тайтұяқты» қанжығасына байлады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!