Венгрияның астанасы Будапешттегі WKF каратэден Әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалды. Байрақты бәсекеде 50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз Мөлдір Әлем чемпионы атанып, аймақ абыройын артырды.
Атап айтарлығы, Мөлдір – спорттың осы түрінен ересектер арасында бұл атаққа қол жеткізген тұңғыш қазақ. Бұған дейін ересектер арасында Қазақстаннан әлем чемпионы шықпаған. Мөлдір сол жетістік шыңын алғаш болып бағындырды. Жуырда ғана Ханчжоуда өткен Азия ойындарындағы бәсекеге қарамастан, араға ай салмай, кезекті байрақты бәсекеде бой көрсетті.
– Таяуда Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында күміс жүлдені қанағат тұттым. Алтын медаль үшін айқаста 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы тайпейлік Шиау Шуанг Гумен 5:5 есебімен тең түстім. Алайда соңғы нәтижелі әдісті қарсыласым жасағандықтан, жеңіс соған бұйырды. Бірақ сол жеңілістен соң, осы додада ел қоржынына алтын саламын деп өзіме уәде бердім. Жеңіске жету үшін жаттығу залында да жанымды салып дайындалдым. Арманым ұзақ күттірген жоқ. Екі айда екі жүлде жеңдім. Дегенмен, осы жеңістің орны бөлек. Ерекше қуандым. Осы жолда маған сенім артқан еліме алғысым шексіз, – деді ол.
Мажарстан астанасы Будапештегі WKF каратэден әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалды. Кумите бағдарламасында 50 келі дейінгі салмақта Ұлттық құрама спортшысы Мөлдір Жаңбырбай ешкімге дес бермеді.Осылайша тарихта тұңғыш рет қазақ қызы каратеден «алтын» иеленді.
Мөлдір Жаңбырбай – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2014-2018 жылдар аралығында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алған. Каратэден Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының мүшесі.

Еске салайық, 50 келі салмақта 56 елдің таңдаулы спортшылары күш сынасты. Мөлдір алғашқы кездесулерінде Алжир мен Жапония және Словакия каратэшісін қапы қалдырса, жартылай финалда әлем рейтингінің көшбасшысы венесуэлалық Салазар Йоргелисті айқын басымдықпен тізе бүктіріп (11-3), сенсация жасаған. Ал ақтық сында тәжірибелі италиялық Эрминия Перфоттадан айласын асырды.

– Алғаш рет екі спортшымыз Әлем чемпионатының финалына шығып, бірі Әлем чемпионы атанды. Осыған дейінгі ірі жетістігіміз Дархан Асаділовтің 2008 жылғы күміс медалі еді. Жалпы, ересектер арасында бізден Мөлдірге дейін WKF каратэден Әлем чемпионы шықпаған. Жастар, жасөспірімдер санатында ғана жеңімпаздар бар еді. Мөлдірдің жеңісі – біздің еліміз үшін тарихи сәт, – деді WKF каратэден халықаралық дәрежедегі төреші, ұлттық құраманың бас бапкері Асқар Молдағали.

Иә, бапкер кеңесі спортшыны жеңіске жетелейтін бірден-бір күш екені анық. Мөлдір де бапкер ақылын назарда ұстап, ұрымтал тұсты дөп басқанын айтады.

– Бапкердің ақыл-кеңесін қаперде ұстау қажет. Десе де спортта жағдайға қарай шешім қабылдау – басты артықшылық. Бапкерлер де қолайлы сәтте қапы қалмауды ескертіп, сақ болуға шақырады. Азия ойындарында бұл ұстанымға берік болып, барынша тиімді шешім қабылдадым деп ойлаймын. Алғашқы белдесулерге назар аударсақ, кіл мықтымен сайысқа түстім. Көбі әлем чемпионы, қатарының алды. Қарсыластырды ұтуыма тиімді тұсты дөп басып, орайлы сәтте шабуыл жасауым септесті, – дейді чемпион.

Айтпақшы, Мажарстанның бас шаһарында өтіп жатқан бұл Әлем чемпионатында каратэден Қазақстан құрамасы үш медаль жеңіп алды. Мөлдірден бөлек, 60 келіге дейінгі салмақ бойынша Қайсар Алпысбай күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дидар Әмірәлі әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.

– Әрбір жетістіктің кілті еңбекте. Спортшыны көпжылдық тәжірибе мен сәтсіздік қайрай түсері анық. Қытайда өткен бәсекеде күміс олжалағанда өкініш болды. Сол кезде Азия ойындарында кеткен есені Әлем чемпионатында қайтармын деп ел алдында да, өзіме де серт берген болатынмын. Міне, уәде орындалып, әлем чемпионы атандым. Қарсыластан басым түсіп, көк байрақты желбіретуге мүмкіндік туды. Жеңісімді Сыр еліне арнаймын!, – дейді жеңімпаз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!