Қызылордалық жас өрен Талап Али бүгінде технология, темір мен электрониканың тілін меңгерген жас маманға айналды. Қазір ол Nova Kazakhstan компаниясында инженер ретінде қызмет етеді.
Жас маманның күнделікті жұмысы көпшілікке көріне бермеуі мүмкін. Десе де дрон жасау – көптеген инженерлік бағытты біріктіретін күрделі технологиялық процесс. Ұшқышсыз аппараттың тұрақты ұшуы, басқару, байланыс, навигация, электроника және бағдарламалық жүйелері бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Мұның барлығы инженерден терең білім мен практикалық тәжірибені талап етеді.
Nova Kazakhstan командасының құрамында жұмыс істей отырып, жас инженер осы технологиялық процестердің дамуына өз үлесін қосып келеді. Оның жұмысы тек дайын құрылғыларды құрастырумен шектелмейді. Инженер үшін әрбір жаңа жоба – жаңа шешім іздеу, жүйені жетілдіру және отандық технологияның мүмкіндігін арттыру.
– Отандық дрон өндірісінің дамуына үлес қосу үлкен жауапкершілік. Мен үшін инженер болу тек белгілі бір технологияны меңгерумен шектелмейді. Елімізге дайын технологияны тұтынумен ғана шектелмей, өз технологиясын әзірлеп, оны жетілдіре алатын мамандар қажет. Мұндай мақсатқа жету үшін инженер үнемі ізденіп, білімін толықтырып, тәжірибесін шыңдап отыруы керек. Сондықтан өз саламдағы жаңа технологияларды меңгеруге және кәсіби тұрғыдан үнемі дамуға мән беремін, – дейді Nova Kazakhstan компаниясының инженері Талап Али.
Қазір мамандықтың шекарасы өзгерді. Бұрын белгілі бір салаға жол ашатын негізгі орталықтар санаулы болса, бүгінде білім мен қабілетке мүмкіндік көбейді. Әсіресе инженерия, цифрлық технология, робототехника секілді бағыттарда жас маманның қай өңірден шыққаны емес, өз ісін қаншалықты меңгергені маңызды. Осы жағынан алғанда Талап Алидің жолы кейінгі буынға ой салады.
Қызылордадан шыққан жас маманның Қазақстандағы жаңа технологиялық өндірістің бір бағытында еңбек етуі өңір жастарының да мүмкіндігі мол екенін көрсетеді. Ол үшін алдымен қызығушылық керек. Одан кейін білім, ал білімді қолданып, еңбектену қажет.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!