Фото: Спортни ривожлантириш дирекцияси

KAZINFORM – Кеше қазақ спортшыларына аспаннан Олимпиада ойындарының жолдамалары жауған күн болды. Бір күнде атлеттеріміз тоғыз жолдамаға қол жеткізді.

Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынған әлемнің әр түкпірінде өтіп жатқан лицензиялық турнирде отандастарымыз сәтті өнер көрсетті.

Ең алдымен Жапония астанасы Токио қаласында каноэ мен байдаркада ескек есуден Азия чемпионатында Париж олимпиадасының жолдамларын сарапқа салған спортшыларымыздан сүйіншілі жаңалықтар келді. Онда отандастарымыз бірден төртжылдық басты додаға 6 лицензия жеңіп алып, жалпы жолдамалар санын 39-ға жеткізді.

Айта кетсек, каноэде 500 метрге ескек есуде Қазақстан әйелдер құрамасы (Мария Бровкова, Руфина Искакова) чемпион атанып, жазғы ойындарға жолдама олжалады.

500 метрге жарыста Қазақстан ерлер құрамасы (Бекарыс Раматулла, Сергей Токарницкий) мәреге бірінші жетіп, Париждегі кешенді жарыстың билетіне иелік етті.

500 метрге жарыста Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы Олимпиада жолдамасын жеңіп алған.

Спорттың бұл түрінде жұптық сында лицензия алған екі ескекші Олимпиадада жекелей сында өнер көрсетеді.
Одан кейін Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық турнирде қос қазақстандық балуан тағы ел қоржынына екі жолдаманы сыйлады. 97 келі салмақта Әлішер Ерғали мен 125 келі салмақта Юсуп Батырмұрзаев жанкүйерлерінің үмітін ақтады.

Осылайша балуандарымыздың жетістігін жарыса жазып жатқанда Қатар астанасы Дохадан да жағымды жаңалық келіп жетті. Онда спорттық гимнастикадан өтіп жатқан әлем кубогының шешуші кезеңінде ат снарядындағы жаттығуы бойынша Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алды.

Міне, аптаның соңғы күні осылай қазақ спортшылары үшін сәтті аяқтады. Бір күнде қазақ спортшылары 9 лицензияға қол жеткізіп, жалпы жолдамалар санын 42-ге жеткізді.

Енді, ертең Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық турнирде бұрымды балуандарымыз Париж Олимпиадасының жоламаларын сарапқа салады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!