Орал қаласында тхэквондо спорты бойынша ұйымдастырылған жасөспірімдер мен қыздар арасындағы республикалық чемпионат аяқталды. Батыс Қазақстан облысының Ғаламдық Тхэквондо федерациясы ұйымдастырған додада сырбойылық жас спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Әсіресе, сайыс чемпионы атанған Есен Мұратұлы Самұрат аймақ абыройын асқақтатты.

– Жарысқа аттанға әрбір жас спортшы тынымсыз еңбек пен күш-қайраттың өтемін көрсете білді. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған қарсыластар да осал емес. Бәрінің мақсаты – чемпион болу. Сондықтан өрендерге жеңіс оңай келмеді, – деді құрама бапкері Батырбек Зейнулла.

Екі күнге созылған жарыста 10-нан аса қызылордалық аймақ намысын қорғап, сайысқа түскен. Үздіктер қатарында күш сынасқан Есен Мұратұлы болса, қарсылас шақ келтірмей, алғашқы кезеңнен-ақ жеңістен үмітті екенін байқатты. Нәтижесінде спортшы өңір спортының абыройын асқақтата білді.

Е.ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!