Биыл бокстан әлем чемпионаты алғаш рет Ташкентте өтті. 20 сәуір – 14 мамыр аралығында аталған спорт жанкүйерлерінің басын қосқан дүбірлі додадан қазақстандық боксшылар жүлдесіз қайтқан жоқ. Төрт алтын және бір күміс медальмен Қазақстан құрамасы медальдық есепте екінші орынға табан тіреді.
Бокстан ауыз толтырып айтарлық­тай жетістіктеріміз бар болса да, мәселелер жоқ емес. Осы орайда спорт журналисі, блогер Аслан Қаженовпен сұқбаттасқан едік.

– Ұлттық құрамадағы 13 жігіттен бөлек 8 қазақстандық өзге елдің атынан бокстан әлем чемпионатына қатысты. Олардың арасында фавориттер де бар. Неге қазақ баласы өзге елдің атынан қатысу керек?
– Иә, ұлттық құрамадағы 13 боксшыдан бөлек басқа елдің атынан қатысқан тағы 8 қазақ баласы бар. Ташкентке сапарым кезінде бірқатарын кездестірдім. Соның ішінде осында туып-өсіп, кейін Бахрейн еліне азаматтығын ауыстырып біржола кеткен боксшымыз бар. Өзбекстанда туған этникалық қазақ Руслан Абдуллаевты көрдім. Тоқтарбек Таңатқанды да кезіктірдік. Қазақстандықтардың басқа елдің атынан шығуына әртүрлі себеп бар. Мысалы, біреуі сол елде туған, кейбірі азаматтығын ауыстырған. Осы жігіттердің өздерінен елге деген өкпесі бар ма деп ашық сұрадым. Ұлттық құрамада әділетсіздік болып, шеттетілді ме? Немесе басқа да бір келеңсіз жайттар орын алды ма? Осы сынды сұрақтарыма өзім кезіктірген боксшылардың барлығы ешқандай мәселе жоқ екенін айтты. Басқа елдің атынан шығуын Қазақстандағы бокс спортында ішкі бәсекелестіктің жоғары болуымен тікелей байланыстырды.
Елімізде, әсіресе, жеңіл салмақтағы спортшылар арасында бәсеке жоғары. 3-4-ші нөмірлі боксшылардың бірінші болуына ұзақ уақыт керек. Олар өз кезегін күтуге мәжбүр. Біріншіден, уақытты жоғалтқысы келмейді. Екіншіден, әр боксшының өз мақсаты бар. Әлем чемпионы болғысы келетіндер қаншама. Сондықтан өзара келісімшартқа отыру арқылы өзге елдің атынан шығуды таңдайды. Меніңше, бұл жақсы нұсқа сияқты. Осының нәтижесінде биылғы әлем чемпионатында қаншама қазақ жүрді. Көрерменге Қазақстан чемпионаты өткендей әсер қалдырады. Ташкентке осынау дүбірлі доданы көру үшін барған қазақ жанкүйерлері ұлттық құрамаға да, басқа елден қатысушы қазақ боксшыларына да керемет қолдау көрсете білді. Спортшының басқа елге азаматтығын ауыстырып, жеке мансабын жоғарылатуы немесе материалдық жағдайын көтеруі – әлемдік тәжірибеде бар дүние. Сондықтан бұдан ешқандай ағаттық көріп тұрған жоқпын.
Жартылай финалға өткен 5 боксшы да жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Қоржынымызда алтын да, күміс те бар. Биылғы боксшылардың дайындығы мен нәтижесі сай ма?
– Аталған ӘЧ-ке дайындық жарты жыл бұрын басталды. Оның барысын бақылап отырдық. Біраз мәселелер болды, әрине. Бірақ бапкерлер құрамы, федерация басшысы, спорт министрлігі барлығының шешімін таба білді. Мәселен, Мырзағали Айтжановтың келуі үлкен сұрақ тудырды. Бұрында да талай жекпе-жекте жұдырықтасқан боксшы. Қайта келгенінен қандай пайда бар? Құлдырау болды. Ертең қайталанбасына кім кепіл? Осы секілді сұрақтар бокс жанкүйерлері мен мамандардың күмәнін арттыра түскені рас. Алайда ӘЧ барысында байқағаным, бапкерлер Мырзағалидың тактикасын мойындайды. Сонымен бірге ұлттық құрамаға шетелден алынған бірнеше маманның да еңбегі, боксшыларға әсері байқалды. Мәселен, Литвадан келген физиологияға жауапты маман бар. Біздің боксшылар жекпе-жек соңына дейін шыдамай, шаршап қалатын. Бұл жолы барлығы да белсенділік танытып, өзін жеңіл ұстады. Әрі боксшылармен арнайы жұмыс істейтін психолог маман да бар. Осындай командалық, бірлескен жұмыстың нәтижесінде үздік көрсеткіш болады деп ойлаймын. Осындай кешенді жұмыстар басқа спорт түрлерінде қолға алынса, жетістікке жету жолы қысқарар еді.
– Биыл аппеляция жоқ екенін естідім. Бұл чемпионаттың бұрынғылардан қандай айырмашылығы бар?
– Негізі аппеляция бар. Тек ерекшелігі – есепке қарайтынында. Яғни, 3:2 есебі тіркелсе, дауласуға болады. Ал 5:0, 4:1 деген сынды айқын айырмашылықтағы нәтижелер тіркелген кезде шағым тастауға болмайды. Қазіргі талап осындай. Сәйкесінше, бірнеше боксшымыз төрешілердің талапқа сай шешімі бойынша жеңілістің дәмін татты. Аталған ережеге сәйкес дауласуға, көкейдегі сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік жоқ.
– Қамшыбектің жекпе-жегінде төрешілердің орыс баласына ықыласы ауып, жеңісті бұрмалағысы келгені байқалған еді. Жалпы осы жылғы бәсекеде басқа да әділетсіздіктер орын алды ма?

– Әрине, әділетсіздіктер орын алып жатады. Халықаралық бокс федерациясы үнемі әділетсіздікке қатысты сынға, дауға қалып жүр. Биыл да іріктеу кезеңдерінде байқадық. Жеребе тарту, кейбір боксшылардың жарыс жолынан шығып қалуы, өзбек боксшыларының лас әрекеттері биылғы әлем чемпионатынан көрініс тапты. Кеше өзіміздің жігіттермен осы тақырыпта сөйлескенмін. Өзбек боксшылары ережені сақтамай, жекпе-жек барысында баспен ұрады, қарсыласының аяғын басып тұрады, мұның бәрі суреттер мен бейнежазбаларда анық байқалады. Төрешілер осындай кішкентай сәттерді көрмей қалып жатады. Қамшыбекті жиі сынға алатын едік. Алайда үш раунд бойы қарсыласына тік тұрып, шыдай алған, лайықты жекпе-жек көрсеткен Қамшыбек қана.
– Головкиннің есімі арқылы Қазақстанды бокспен байланыстыратындай дәрежеге жеттік. Алайда боксшының аяқ киімін киіп, жүрген жолымен жүрмеген соң ұлттық құрама мен қазақстандық боксшылардың қандай мәселесі бар екенін біле бермейміз. Басты мәселелерге тоқталып өтсеңіз…
– Головкин – кәсіпқой боксшы. Өзіңіз де білетін шығарсыз, жанкүйерлердің де, боксшылардың да Головкинге реніші бар. Өйткені оның базасында ешкім дайындала алмады. Қазақ жігіттері көп үміт артып еді. Бірер жыл бұрын кәсіпқой боксқа ауысқан тұста Данияр Елеусінов те ренішін ашық білдірді. Кәсіпқой бокста ауызбіршілік болмай тұр. Қазіргі таңда жетістік жоқ емес. Жәнібек жақсы жекпе-жектер жасап жүр. Барлығы бір залда жаттығып, бір жекпе-жеу кешінде өнер көрсетсе деген тілек қой. Қазақстандық бокстың шетелде де жанкүйерлері көп.
Спорттың барлық түрін ақпараттандырып, бары мен жоғына қанық адам ретінде әуесқой бокста жағдай мен жүйе бар дегім келеді. Бір жолға қойылған. Мамандарға жалақы қосылған, боксшыларға арнайы сыйақы да бар. Мәселе – жемқорлық пен таныс-тамыр жүйесінде. Боксқа қатысты жиі еститінім осы. Тек бокста емес, кез келген салада кездесетінін мойындау керек. Дегенмен осы жемқорлықтан, аға-көкеден толықтай арылсақ, қарапайым бокстағы іріктеудің өзі әділ өтсе деген тілек бар. Әйтпесе, жоғарыда айтып өткенімдей, бокс спортында ғана арнайы қосымша мамандар, психологтар алынған. Боксшыларға жағдай жасалуда.
Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Д.БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!