Қоңырау шыр ете қалды. Диспетчер дереу тұтқаны көтергенде шырылдаған ананың жанайқайын естіп, жан дүниесі алай-дүлей болды. Иә, өмір болған соң түрлі шақыру болады. Бірақ бұл жолғы ананың жанайқайы жан дүниеңді шырқыратардай еді. Дайын тұрған топқа хабар берді де, жолға шығарып салды. Бұл топтың ішінде фельдшер Ардақ Әлішерқызы бар еді…

Қызылорда-Жезқазған жолы… Мұндайда жол дегеніңіз жеткізбейді. Бірақ диспетчер тікелей шығып, тездетуін сұрады. Ардақтың ойында «алда бізді не жағдай күтіп тұр, мен оған дайын болуым керек» деген мақсат қана тұрды.
– Бізге алты жастағы баланы көлік қаққаны туралы ақпарат келіп түсті. Баланың бір аяғы жұлынып қалған екен. Біз барғанда бала жылап жатқан жоқ. Дереу қажетті шараны жасадық. Әрбір минут, тіпті секунд та адам тағдырын шешеді. Көп ойланбадық. Көлікке мінгізіп, жолға шықтық. Бұл жерде жүргізушінің мойнына көп жауапкершілік артылады. Жүргізушінің шеберлігінің арқасында облыстық балалар ауруханасына 8 минутта кіріп келдік, – медициналық дейді облыстық жедел-жәрдем стансасының №1 бөлімшесінің фельдшері Ардақ Нұралиева.
Қиындық адамды тез есейтіп жібереді ғой. Алты жастағы балақай ауық-ауық «тәте, жетіп қалдық па?» деп үлкен адамша сұрап келеді. Арасында «ауырғаны басылды» деп анасын да жұбатып қояды. Қасқағым сәтте облыстық балалар ауруханасының ауласына жеткенін естіген балақайдың көзқарасы әлі күнге дейін фельдшердің көз алдында.
– Мен сол сөзді айтқанда бала маған қарап, «доқтыр тәте, рақмет» деді. Менің жанарыма жас келді. Бір тамшы жас көзімнен төмен сырғанап бара жатқанда өң бойымды күйдіріп өткендей еді. Содан кейін сол бала ауруханада 3 ай емделіпті. Бір шақырумен барып, іздеп соға кеткенімде бала ұйықтап жатыр екен. Анасын жұбатпақ болып, жылы сөздер айттым. Баланың «аяғым қайда?» деген сұрағына анасының айтқан жауабын білесіз бе? «Сені бір бөлек, аяғыңды бір бөлек емдеп жатыр. Жазылған соң жалғап береді» депті. Ана сөзді естігенде жүрегім ауырып кетті, – дейді ақ халатты.
Ардақ Әлішерқызы жеделжәрдем қызметінде 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның тәжірибесінде мұндай оқиға көптеп кездеседі. Бірде жүрек талмасының алдын алыпты. Пациенттің өзі жағдайдың күрделі екенін сезінбесе керек.
– Шақырту бойынша бардық. Орта жастағы ер адам екен. «Құса берем» деп шағым жасапты. Бір уақытта қан қысымын, жүрек соғысын тексердім. «Аға, жүрегіңіз қатты соғып тұр» десем, оны білетінін, ондай жағдай болып тұратынын айтты. Бірақ терең тыныс алғанда қоятын көрінеді, бұл жолы ол әдісі өтпепті. Дереу ем-дом жасап, жүрек талмасының алдын алдық. Өз денсаулығына бейжай қараған, он күн бойы қатарынан алкоголь өнімін тұтынған, – дейді фельдшер.

Кез келген жағдайда салқынқандылық танытып, тез шешім қабылдай алу қабілеті болуы керек. Мұның барлығы жедел-жәрдем қыз меткерінің бойында болғаны ләзім.
– Әрине, жағдайға салқын қанды қарамасаңыз, жұмыс істеу мүмкін емес. Оның үстіне, көлік жүргізуші мен көмек шінің ықпалы өте зор болады. Жалғыз өзің дәрменсіз күй кешесің. Осы он төрт жылда ойға түйгенім көп. Салқынқанды болғанмен, жүрегіміз қатайып кеткен жоқ. Науқастың ауырсынуын өз жаныңмен түсінесің, ол тыныс ала алмай жатса, өзіңе ауа жетпегендей қиналасың. Үнемі арпалыс үстінде жүресің. Адамның жанын алып қалу оңай емес. Бірде шақыртумен үш жасар қызға барғанбыз. Бойында жан жоқ сияқты, былқ-сылқ етіп қалған. Сөйтсек, әкесінің жүрек қантамырына ішетін дәрісін ішіп қойыпты. Оны да аман алып қалдық. Көп шақыртуда ажалмен бетпе-бет келіп, адам жаны үшін ашық шайқасқа шығасың. Әрбір шақыртуда барамын дегенше, не болып жатыр екен деп қалың ой да барасың, – дейді Ардақ Әлішерқызы.
Маманның айтуынша, көп көлік жол бермей жатады. Адамды құтқаруға бара жатқанда осындай кедергілер көп болмаса екен деген тілегін де жеткізді. Мұндай мәдениет енді-енді қалыптасып келе жатқаны да жасырын емес. Осы мәселені айтқанда таяуда ғана Астанадағы өрт кезінде өрт сөндірушілер тұрғын үйге жете алмай, алдында кесе көлденең қойылған автокөліктен өте алмай, жиырма минутын жоғалтып алғаны ойға келді. Сонда әлгі өрт болған үйдегі үш бірдей балақайдың өмірі қиылды ғой. Бәлкім, жиырма минут бұрын кедергісіз кіргенде әлгі үш баланың өмірін аман алып қалар ма еді?! Кім білсін?!

Бейбіт күннің батырлары деп айтуға тұрарлық Ардақ тәрізді мамандар ортамызда жүр. Олар өзінің қызметін ерлік санамайды, елдің алдындағы жауапкершілігі деп ұғады. Біз қайтуға жиналғанда Ардақ Әлішерқызы мүлдем бос уақытының жоғын айтып, кешірім өтінді.
Иә, ол тағы да бір адамның өмірін аман алып қалуға аттанды. Сәттілік тіледік.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!