Жуырда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыру ая­сында гранттар мен шәкіртақылар беруге конкурс жарияланды. Аталған бағдарлама 2022-2023 оқу жылында жүзеге асырылады. Жастардың білім алуына мүмкіндік ұсынған бағдарлама жайлы жауапты мамандардан толығырақ білуге тырыстық.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының шәкіртақысын иелену үшін үміткерлер өзі таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына 10-17 тамыз аралығында өтінім береді. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін таңдаған талапкерлер университеттің қабылдау комиссиясына келіп өтінім беруі тиіс. Осы орайда ескеру керек маңызды жайт, үміткер өтінімді өз бетінше береді және осы үдеріс үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Бұл ретте ҰБТ-ға қойылатын талаптар жыл сайын өзгеруі мүмкін екенін ескеріп, қабылдаушы жоғары оқу орнынан алдын ала нақтылауы қажет.
Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоры ақылы бөлімде оқитын студенттерге де білім грантын беруге конкурс жариялайды. Конкурстан өткен студенттерге қордың қаражаты есебінен оқуын жалғастыруға, шәкіртақы алуға мүмкіндік беріледі. Айта кетейік, үміткер студенттер өздігінен 1-15 тамыз аралығында «Taiburyl» ҚБ-ң taiburyl.kz сайтына онлайн-өтінім береді.Осы орайда бағдарламаға қатысты басқа да маңызды сауалдарға жеке-жеке тоқталуды жөн көрдік.
− Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
− мүмкіндігі шектеулі, мүгедектігі бар студенттер;
− жетім бала санатына жататын және кәмелеттік жасқа дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер;
− ауылдық жердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер;
− толық емес отбасыдан шыққан студенттер;
– 1 және 2 топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп жүрген отбасыдан шыққан студенттер;
– ата-анасы немесе ата-анасының бірі 1 және 2 топ мүгедектігі бар студенттер.
− Оқу құны бойынша шектеме бар ма?
− Шәкіртақы төленетін грант бағдарламаның аясында шарт жасалған сәттен бастап бакалавриат бағдарламалары бойынша толық оқу кезеңін қамтиды. Оқу құны бойынша шектеме әрбір грант алушы студент үшін 1 млн теңге мөлшерін құрайды, егер студенттің жылдық оқуының құны 1 млн теңгеден артық болса, онда 1 млн теңгеден асатын айырмашылықты грант алушы студенттің өзі төлеуі тиіс.
− Грант алушы­лардың қордың алдында қандай да бір міндеттемелері бар ма?
− Қор бөлетін гранттар өтеусіз көмек болып табылады. Сондықтан талапкерге берілген қаржы қайтарылмайды және грант алушы оқуын аяқтағаннан кейін оның оқуына жұмсалған қаражатты «өтеуге» міндетті емес.
− Грант беру туралы кесімді шешімді кім қабылдайды?
− Ағымдағы оқу жылында түлектердің арасынан үміткерлерді іріктеуді білім беру гранттарын жүзеге асыру аясында ЖЖОКБҰ (университеттер) жанында әрекет ететін қабылдау комиссиясы немесе кез келген басқа комиссия жүзеге асырады. Яғни, түпкілікті шешімді ЖЖОКБҰ жанындағы комиссия қабылдайды. Қорға қабылдау комиссиясының отырысындағы хаттаманың көшірмесі және іріктеуден өткен үміткерлердің тізімі беріледі.
– «Қазақстан халқына» қорының грантына үміткер басқа бағдарламаларға қатыса ала ма? Не болмаса мемлекеттік грантқа үміткер бола ала ма?
− Иә, үміткер мемлекеттік грант берілетін конкурсқа қатыса алады, себебі «Қазақстан халқына» қорының грантын алуға қатысты өтінім республикалық конкурстық комиссия республикалық бюджеттен білім беру гранттарын беру конкурсын өткізгеннен кейін беріледі, яғни грантқа өтінім 10 тамыздан бастап 17 тамыз аралығында (5 күн ішінде) қабылданады;
− конкурстарды өткізу мерзімдері бір-біріне сай болмаған жағдайда басқа бағдарламалар бойынша (жергілікті атқарушы органдардың гранттары және басқалары), конкурстарды өткізу мерзімдері сай болған жағдайда қандай да бір конкурстың пайдасына таңдау жасалады.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!