Қазақ тарихының өнер әлемінде тылсымнан тербеп күй төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Сүгір, Қазанғап сынды домбыра ұстаған дарабоздар, күйшілер қаншама. Ұлылардың ізін жалғауға талаптанған жерлесіміз Мұқағали Жақсанда хас таланттың бірі. Ұлттық аспапты ұлықтап, өзгелерге үлгі боп жүрген қызылордалық жас күйшімен сұқбаттасудың сәті туды.
– Мұқағали, өнерге алғашқы қадамың қашан басталды?
– Маған өнер әкемнен дарыған. Домбыраны алғаш 5 жасымда қолыма алдым. Әкем Құралбек Арал ауданы Шижаға ауылының азаматы. Жыршылар отбасынан шыққан әкемнің ел сыйлайтын, «Аралдың табанынан су кеткенмен, Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деп жырлайтын Бекұзақ Тәңірбергенов және Айбек Тәңірбергенов, Асылбек Тәңірбергенов деген ағалары бар. Мен әкемді, ағаларымды үлгі тұтып, өнердің өз адамы болғым келеді.
Қазіргі таңда кәсіби жетекшім – Ақзәуре Смағамбетова. Осы жылы Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебінің 5 сыныбын қызыл дипломмен аяқтадым. 5 жылдың ішінде Ақзәуре апайыммен бірге біршама жетістікке жетіп, тәжірибе жинадық.
– Халықаралық «BOZTORGAI» балалар шығармашылығы байқауының облыстық кезеңін бағындырып, республикалық кезеңде дипломат атаныпсың. Басқа да жетістіктерің мен жеңістеріңе тоқталсақ…
– Сырдың абызы, жырау Алмас Алматов: «Өнерге бір күнде және бір күнге келген жоқпыз» дейді. Бір күнде, бір күнге келмеген адамның ізденістен шаршамайтыны, үнемі біліміне білім қосып, жаңа деңгейге көтеріліп отыруы заңдылық. Елім маған не береді деген емес, мен елге, қоғамға не бере аламын деген ой күш-қуат сыйлайды. Сондықтан тұлға боп қалыптасып, қалаған мақсаттарыма қол жеткізу үшін үздіксіз қадам жасап келемін. Мәселен, осы жылы «Өңірлік XVII жастар дельфийлік ойындарына» қатысып, I орын алдым. Республикалық «Желбіре, Жеңіс жалауы!» атты өнер додасында бас жүлде иелендім. «QYZYLORDA» телеарнасы ұйымдастырған облыстық «Асыл мұра» телебайқауының финалисі атандым. Сондай-ақ Тасболат Сқақовтың 90 жылдығына орай өткен облыстық «Күй керуені» атты жас домбырашылар арасындағы байқауда жүлделі II орын бұйырды.
Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Құлақтан кіріп бойды алар» атты республикалық балалар мен жастар байқауында «Аспапта орындау» номинациясы бойынша бас жүлде алдым. Балалар музыка мектептері және өнер мектептерінің білім алушылары мен жас музыканттарының арасында өткен фестиваль-байқауының облыстық кезеңінде I орын алып, республикалық кезеңге жолдама алдым. Әр жетістік – еңбек пен сенімнің нәтижесі. Осы орайда ұстазым Ақзәуре Смағамбетоваға, қолдаушы ата-анама алғыс айтқым келеді.
– Күйді тыңдау – бөлек, түсіну – басқа дүние. Қанша күй білесің?
– Өзіме Дина апамыздың күйлері ұнайды. Оның шығармашылығындағы ерекшелік күйлердің бір екпінде басталып, уақыт өте өрбуінде жатыр. Қазір 30-дан астам күй білемін.
Күйді орындаудан бөлек тарихымен танысып, авторын зерттеп, ауқымды ақпарат алғанды ұнатамын.
Мәселен, Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйіне тоқталып өтейік. Бұл шертпе күйдің тарихы тереңде жатыр. Қаза мен тойсыз өмір бола ма? Бір күні Төлеген Момбековтың әйелі дүние салыпты. Артынан қалған қызы Салтанат біраз уақытқа дейін анасының қазасын қабылдай алмай, қашан көрсең де жылап отырады екен. Қызының көз жасы әкесінің жанына батып, қолына домбыра алып, күй бастай жөнеледі. Ол күй қайғылы, баяу екпінде туындаған. Осы күйді орындаған кезде Салтанат жылауын тоқтатып, көңілі жайланыпты деседі. Сөйтіп дүниеге керемет күй келеді.
– Алда қандай жоспарлар бар?
– Жоспар көп. Ең бастысы – жоғары кәсіби музыкалық білім алу. Музыкалық мектептен соң Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне тапсырсам деген ниет бар. Ата-анам мен ұстазымның үмітін ақтап, колледжден кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсу жоспарда бар. Әр адамның сапалы өмір сүруі, өзі қалаған іспен айналысып, қоғамға пайдасын тигізуі –мемлекет болашағының іргетасы. Сол үшін өзімді дамыта отырып, елімді дамытуға қолдан келген жасаймын.
– Мұқағали, жеңісті күндерің көп болсын! Сұқбат үшін рақмет!
Әңгімелескен
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!