Әйелдердің тек ішкі ғана емес, сыртқы сұлулығы да маңызды. Өйткені трансформация адамның өзіне деген сенімділігін күшейтіп, сәттілікке жетелейді. Сондықтан сұлулық индустриясы жыл сайын дамып келеді. Облыс көлемінде де осы бизнесті бастап, өз ісін дөңгелетіп отырғандар жетерлік. Соның бірі – «ORKEN’S» сұлулық студиясының негізін қалаушы, мастер-инструктор Өркен Сейдахметова.

– Оқырманға түсінікті болу үшін, өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?                                        

– Бала күнімнен еңбекке жақын болдым. Оныншы сыныптан бастап жұмыс істедім. Үйдегілерден ақша сұрамайтын едім. Кішкентай кезімнен еңбектеніп, қиындықтарды көргеннен кейін шынығады екенсің. Ата-анам “ешкімнің ала жібін аттама, біліміңді жетілдір, қорықпа, ер-азаматтың алдын кесіп өтпе” деп тәрбиеледі. Күні-түні жұмыс істеумен қатар мектепте де үздік болдым. Осылайша  Қорқыт ата атындағы университетке грантқа оқуға түстім. Ол жақта информатика мамандығында білім алдым. Оқуды тәмамдаған соң, облыстық әкімшілікке жұмысқа орналасып, ол жақта жеті жыл қызмет атқардым. Осы жұмысыма байланысты мамандығымды ауыстыруға тура келді. Сосын Алматы қаласында экономика университетінде тағы да білім алдым.

– Облыстық әкімшілікте мамандық бойынша жұмыс жасауға не кедергі болды?

– Облыстық әкімшілікте демалыссыз жұмыс істедім. Кейде түскі асқа да шыға алмайтын күндер болды. Қандай тапсырма берсе де кейінге қалдырмай, сол мезетте бітіруге тырыстым. Сондықтан мен де қызмет жолында көтеріліп, еңбегімнің бағаланғанын қаладым. Себебі мен штаттан тыс қызметкер болсам да, толықтай бір бөлімнің жұмысын атқардым. Солай барлығын меңгеріп алдым десем де болады. Осылай “мен неге көтерілмеймін, неге штатқа кіріп маман болмасқа” деп, өзімді өзім көтеріп, тест тапсырам деген шешімге келдім. Күні-түні тыңғылықты дайындалып, бес-алты рет тапсырып, одан өттім десем де болады. Ол тест ешқандай да таныс дегенге қарамайды, өзіңнің біліміңмен ғана тапсырасың. 125 сұрақтан тұратын тесттің 120 сұрағына дұрыс жауап бердім. Бір тапсырам, екі тапсырам, солай бірнеше рет тапсырып құлай бердім. Жоғарылау мүмкін болмады. Менде ол жаққа кіру үшін таныс та болмады. Бірінші кездері практиканттар секілді жүрдім. Жаңағыдай көп жұмыс жасаймын, алайда алатыным 60 мың теңге, тіпті сыйақының өзі өте төмен болды. Ол жұмыста мені ешкім бағаламады. Мен осыдан кейін ойлана бастадым «Мен неге бұлай жүруім керек? Мені бағаламайтын жерде жүргенше, өзіме ұнайтын жерде, халыққа жұмыс жасайын» деп шештім. Бастыққа жұмыстан шығу туралы арыз жаздым. Ол жақтан кету мен үшін қиын болды. Жеті жыл жұмыс істеген жерім, әріптестеріме бауыр басып қалыппын.

– Қалай маникюр мастері болдыңыз?

– Әкімдіктегі жұмыс маған арналмағанын түсініп, өзіме жақын, жақсы көретін іспен айналысқым келді. Өзіме әдемі болып жүрген ұнайды. Апта сайын маникюр жасатушы едім. Солай қолым тие қалса, Instagram әлеуметтік желісінен маникюр түрлерін қарап, қызыға бастадым. Негізі мектеп кезінде сурет, сызу сабағын жақсы оқыдым. Соның әсері болар, маникюрге қатты қызықтым. Түрлі мастердің сабағын қарап, жаттай бастадым. Бір күні облысқа Алматыдан мықты мастер келеді дегенді естідім. Ол мастердің есімі – Сәния екен, өзім әлеуметтік желіден қарап жүрген мастер болып шықты. Ол кісінің жұмысы, тазалығы мені қатты қызықтырып, курсына жазылдым. Сонымен не керек, түскі үзіліс уақытында, қолым босаған уақытта тиіп-қашып, курсқа барып жүрдім. Курс он күн болды, менімен бірге тағы екі қыз оқыды. Ол курс орысша жүргізілді, бірақ мен орысша білмейтінмін. Ал қасымдағы екі қыз орысшаны жетік меңгерген. Бес күн теориямен жұмыс жасадық. Теорияда типсылармен жұмыс істеп, суреттер салатынбыз. Сол бес күнде мастерге ұсыныс жасап, «модель шақырып, практикамен жұмыс бастайық» деп өтініш айттық. Бірақ модель келген күні өзім қатты ауырып, мазам болмады. Соған қарамастан жауапкершілікті сезініп, модельмен жұмысымды бастағанда ауырғанымды ұмытып кеттім. Сол кезде мастер таңғалып: «бұл қалай, менің сабақты орысша жүргізгеніме қарамастан, әдемі қылып жасадыңыз? Өте керемет шыққан» деді. Шынында, орысша сөздеріне түсінбесем де, интернет арқылы бейнежазбаларды қарап дайындалатынмын. Содан бастап өзіме деген сенімділік арта бастады. Айлығымды үнемдеп жұмсап, ақша жинап маникюрге керек заттарды сатып ала бастадым. Сол алған азғантай заттармен тәтеме, көршілеріме маникюр жасап, қолымды үйреттім. Алайда олардан ақша алған емеспін. Осылайша маған келушілер көбейе бастады. Арада біршама уақыт өткен соң, жұмысым алға басып, табыс әкеле бастады.

– Сән салонын ашамын деген ойыңыз болды ма?

– Мен облыстық әкімдіктен шығамын деп ойламадым, тек қана қосымша табыс көзін істеймін дегенмін. Бірақ жылына бір рет берілетін кезекті демалысымда кәріс салонына бардым. Оны өзімнің мастерім ұсынған. Салонның иесіне уақытша ғана жұмыс жасай алатынымды айтып, сол жақта жұмысымды бастадым. Онда маған қиын болды. Себебі бірыңғай орыстар жұмыс жасайтын жер, клиенттер де орыстар, «қалай сөйлесем, айтқанына түсінбей қалсам не болады?» деген үрей болды. Өз кәсібін білген, жақсы көрген адамға еш нәрсе кедергі бола алмайды екен. Менің жұмыстарым бастықтың көңілінен шығып жүрді. «Жұмысыңыз керемет екен,  рақмет, бақытты бол» деген алғыс, баталарынан өзіме күш қуат алдым. Сол кезден қазірге дейін әрбір клиентке аса бір жауапкершілікпен, сыйластықпен қарап келемін. Салонның жұмысы ұнады және табысы жақсы болған соң, облыстық әкімдіктен шығамын деп шешім қабылдадым. Салонға жұмысқа барғанда да бәрі керемет бола қойған жоқ. Мені «қазақ» деп менсінбей, көре алмайтындар болды. Бірақ мен оларға назар аудармадым, тек өз жұмысыммен ғана айналыстым. Мен өз-өзімді дамыту үшін Тараз, Астана, Алматы қаласына барып, мастер-класстан өттім. Содан салон иесі де менің қалуымды өтінген соң әрі өзіме де ұнағандықтан сол жерде бір  жыл жұмыс жасадым. Салон иесі орталықты сатып, басқа жерге көшем дегенде сол салонды өзім алып қалайын деп бар күшімді салдым. Алланың қолдауымен салонды өзім алдым. Шүкір, үш жыл болды, қазір жұмысым табысты.

– Командаңызды қалай жинадыңыз? Қызметкерлердің қандай артықшылығын ескере отыра жұмысқа қабылдайсыз?

– Мастерлерді жұмысқа қабылдарда алдымен олармен сөйлесіп аламын. Басқа басшылар секілді «Нешедесің? Үйленгенсің бе? Балаларың бар ма?» деген сұрақ қоймаймын. «Қанша уақыт оқығансыз? Қай жерлерде жұмыс істедіңіз? Тренеріңіз кім?» деген тәрізді сұрақтар қоямын. Мен үшін осылар ғана маңызды.   Мастер маған өзінің жұмысын жақсы көрсете білу керек.  Сосын, ең бастысы, «өзіңіздің тұрақты тұтынушыңыз бар ма?» деп сұраймын. Себебі оның клиенттері болса, ол мастер өзін таныта алған деп есептеймін. Мен өзім мастер болғандықтан, жұмысқа мастерлер қабылдау қиын болмайды. Осы салонды ашқаныма үш жыл болды, қаншама мастерлер келіп, клиенттер жинап, басқа салонға кетіп қалды. Мастерде «мен істеп бердім, ақшасын алдым, болды» деген ой болмау қажет. Бір күндік ақшаны ойламау керек. Кейде бізге келушілердің қаржысы жеткіліксіз болуы мүмкін. Мен ол кезде өзі айтқан бағасына жасап беремін. Себебі маған олардың қаржысына қарағанда рақметі мен батасы маңызды.

– Сұлулық салонының басшысы болудың қиындығы бар ма?

– Қазіргі сұлулық салондарының 80 пайызы салонның негізін қалаушы директорымын деп санайды. Яғни тек статусына қарайды. Менің ешқашан салонның басшысымын деп арқа керген кезім болмапты. Себебі қарапайымдылықты, таңертеңнен кешке дейін клиенттермен жұмыс жасағанды жақсы көремін. Мен жұмыста жауапкершілік, әділдік, тазалық болғанын қалаймын. Кейбір салон басшылары салонға келіп, мастерлеріне тегін қызмет істеткізіп, ақшасын жинап қайтады. Клиенттермен де, мастерлермен де шаруасы болмайды. Ал мен керісінше, оларды түсінуге тырысамын. Сосын клиентте де, мастерде де әділдік болу қажет. Менің әрбір уақытым жоспарланған. Туысым, досым, жай ғана клиент болсын, маған бәрі бірдей. Танымайтын клиентім жазылып келіп тұрып, бір туысым келіп қалса, мен туысыма күте тұрыңыз деймін. Кейде таңғы 4-5-ке дейін жұмыс жасаған күндерім болды. Қазір салон директоры да, администраторы да, тазалықшысы да өзіммін.

– Кәсібіңізді дамыту үшін мемлекет тарапынан көмек берілді ме?

– Салонды ашуға ешкім қолдау көрсетпеді. Негізі адамдардан ешқандай көмек күтпеймін. Себебі әр адамның өз шаруасы бар. «Менің қолымнан келеді, мен барлығын жасай аламын» деп өзіме сенемін, бір істі бастасам аяғына дейін апарамын. Бұл менің үлкен жетістігім деп ойлаймын. Өзіңнің еңбегіңмен келген табысқа ешнәрсе жетпейді. Егер маған мемлекет тарапынан, ата-анам, туыстарым тарапынан  қолдау көрсететін болса, мен кәсіби маман болып шықпас едім. Кәсіби маман өз еңбегімен, білімімен ерекшеленеді. Негізі ешнәрсе оңайлықпен келмейді екен. Мен салонды алғанда барлығы дайын, жұмысымды бірден бастап кетем деп ойладым. Бірақ салон тұрған жерді көргенде таңғалдым. Қабырғаның көбі құлаған. Сондықтан жөндеу, жиһаздарға тапсырыс беру үлкен еңбекті, қаржыны қажет етті. Сонда да қорықпай, жоқтан бар жасап, жөндеп алдым.

– Сізді көбісі нэйл-тренер ретінде таниды. Өзіңіз өткізетін мастер-класстардың ерекшелігі неде?

– Қазіргі көптеген мастер шеберлік сағатын топпен жүргізеді. Он-он бес қызды жинап алып, екі-үш күн түсіндіреді де, қолына сертификат ұстата қояды. Ол қыздардың біреуі ғана бұл істі толық меңгеруі мүмкін, бірақ барлығы біліп шығады деп айта алмаймын. Негізінде мұндай сабақтар жеке өткізіліп, қатысушының әр жұмысы қадағалану керек. Мен шеберлік сағатын өткізгенде адамдарды бір апта бойы жеке оқытамын. Сол бір аптада емтихан аламын. Егерде емтихан тапсыра алмаса, бәрін қайтадан тегін үйретемін. Сосын тағы емтихан аламын. Содан кейін ғана сертификатын беремін.

Мен бірде 6 сынып оқитын оқушы қызды апта бойы емес, бір ай таңертеңнен кешке дейін оқыттым. Қазір, Аллаға шүкір, әке-шешесі маған алғысын айтып отыр. Өйткені мен ол қыздан нәтиже шығардым. Көбі кішкентай деп айтқанмен, ол қыздың қабілеті болды.

– Сән салондары арасындағы бәсекелестік туралы не айтасыз?

– Менің ойымша, бәсекелестік өз ісін толық білмейтін, өзіне сенбейтін адамдарда болуы мүмкін. Мен ешкіммен бәсекелеспеймін. Себебі өз ісімді толықтай білемін. Алайда кәсіпкер үшін бәсекелестік қажет, өйткені одан сапа арта түседі. 

– Әрі қарай да осы сала бойынша қызмет жасайсыз ба?

– Сән салонын жауып тастаймын деген ой мүлдем болмапты. Керісінше, оны күшейтіп, өзімнің жеке ғимаратымды сатып алып, дамытқым келеді. Алдағы уақытта тек облыс бойынша емес, республика көлемінде өз брендімді қалыптастырғым келеді.

– Өткен жыл ел үшін оңай болмағаны анық. Сіз үшін несімен есте қалды?

– Былтыр маған мәскеулік Анна Романова деген мастерден ұсыныс түсті. Сол жақтан оқып келіп, олардың аймақтағы серіктесі болуым керек еді. Менің арманым да Мәскеуде оқу болды. Сол мақсатыма жету үшін Мәскеудегі  мастерлердің онлайн курсына қатысып, білімімді жетілдірдім. Бірақ ешқашан ол тараптан ұсыныс түседі деп ойламаппын. Өткен жылы мамыр айында сол жақка барамын деп жоспарладым. Пандемия салдарынан бұл жоспар кейінге қалды. Бірақ болашақта баратыныма сенімдімін.

– Үнемі әдемі қалыпта, жарқырап жүргісі келетін қыз-келіншектерге берер кеңесіңіз?

– Сән салонына барып, сұлу боламын деу ‒ қате пікір. Адам үйде де сұлу болып жүре алады. Өйткені қазір заман дамыған, қымбат кремдерді, бояуларды алмай-ақ үйдегі қол жетімді заттармен бетке күтім жасауға болады. Мысалы, салонға барып, отыз-елу мың теңгеге шығындалуың мүмкін. Бірақ одан сұлу боп кете алмайсың. Ең бірінші адам өзін жақсы көру керек. Сол кезде ғана жарқырап, әдемі бола бастайды. Біз әйел болған соң барлығына үлгеруіміз керек. Ешнәрседен қорықпау керек. Мен жасаған дүниені сіз де жасай аласыз.

– Мотивацияны қайдан аласыз және өзгелердің ойын қалай қабылдайсыз?

– Мотивацияны өз-өзімнен, келушілерден аламын. Шын мәнінде, үлкен кісілерден алған бата мен тұтынушы алғысына ештеңе жетпейді. Мені біреудің өмірі, ойы алаңдатпайды.

Жансая ТІЛЕУ