Гүлнәр ЖАҚСЫЛЫҚОВА, Назарбаев зияткерлік мектебінде педагогикалық шеберлік орталығының тренері:

‒  Гүлнәр Тәңірбергенқызы, білім беру саласындағы соңғы өзгерістерге қатысты қандай жаңаша ой, тың идеямен бөлісер едіңіз?

‒ Иә, білім саласы заман талабына сай өзгерістер мен дамуды талап етеді. Сол талаптар ішінде мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін дамыту аса маңызды. Оның жолдары көп, мәселен әдістемелік, шығармашылық бірлестіктердегі жұмыс, кәсіби конкурстарға, шеберлік сыныптарына, форумдарға, фестивальдарға қатысу, инновациялық қызметпен айналысу, зерттеу қызметін белсенді жүргізу. Былтырдан бастап «осы құзыреттілігіміздің деңгейі қаншалықты жоғары, өз  тәжірибемізге қандай өзгеріс енгізу керек» деген ой туындады. Осы тұрғыда мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс жасап, кәсіби дамуы үшін жан-жақты әдістемелік қолдау қажет. Бүгінде білім шекаралары кеңейіп, білім беру онлайн форматта қолжетімді болды. Ендеше тың идея, жаңа серпіліске ынталанып, оқушыларға терең білім беріп, адами құндылықтарды дәріптейтін онлайн алаңның болуы заңды. Осы бағытта «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының facebook парақшасында  «Шамшырақ» онлайн-алаңы ашылды. Бүгінде осы алаңға 35000 педагог тіркеліп, тәжірибе алмасуда. Кәсіби қоғамдастықтар кез-келген өзгеріс пен  жаңа бастамаларды іске асыруда таптырмас құрал екенін білесіздер. Сондықтан  мектеп мұғалімдеріне қолдау көрсету және онлайн-алаңды танымал ету ‒ біздің мақсатымыз. Осы орайда, «Мектеп тренері» парақшасы да жұмыс істейді. Бұл парақша ҚР мектептерінің әдістемелік активі мүшелерінің және оқу ұйымның өзекті мәселелері бойынша тәжірибесін тарату және диалогты ұйымдастыруға арналған.

‒  «Шамшырақ» онлайн-алаңы кәсіби дамуға қалай ықпал етеді? Бұл қаншалықты пайдалы деп есептейсіз?

‒  Қазақтың тұңғыш педагогі, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған алаң мектеп тәжірибесін дамыту үшін жаңа білім іздеушілерге интерактивті тәсілдерді, тұшымды ойларды ұсынады. Педагогикалық тәжірибені тарату «Қазақ зиялыларының ағартушылық қызметтері», «Сабақты қалай ұмытылмастай өткізу керек?», «Мұғалімнің цифрлық зертханасы», «Мектептегі зерттеу: біздің тәжірибеміз – біздің нәтижеміз», «Білім беру жобалары: digital-ұрпақтың жүрегіне жол табу», «Ата-аналармен диалог» сынды өзекті тақырыптарды қамтиды. Жалпы парақшада сабақтардың бейнежазбалары, шеберлік-сыныптар, шағын дәрісті және авторларымен жүргізген сұхбаттарды көруге болады. Сондай-ақ “Дала қоңырауы” подкастымен тақырыптық сұхбаттарды тыңдауға мүмкіндік бар. Мысалы,  Серғали Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері Шолпан Сүйеуова парақшада өз тәжірибесімен бөлісіп, бейнежазбасын ұсынды. «Геометриялық оптика заңдарын қолданып есеп шығару жолдарын үйрету» тақырыбындағы  шеберлік сыныбында Шолпан физика пәнін оқытудағы белсенді оқыту тәсілдерінің тиімділігін практикамен ұштастыра отырып,  ұтымды жеткізді.

‒  Интернетте мұндай сайттар көп. “Шамшырақтың” артықшылығы неде?

‒ Мұғалімдер өзіне қажетті өзекті тақырыптар төңірегінде бейнежазбалар мен посттарды көру арқылы көкейіндегі сұрақтарға жауап алып, өз пікірін білдіре алады. Кез-келген тың идеяны жариялап, жаңаша инновациялық әдіс-тәсілдермен танысу, өз тәжірибеңізде пайдалану мүмкіндігі бар. Жаңа идея немесе инновациясы бар мұғалімдер өз сұхбаттарын ПШО-ның Youtube-арнасында немесе филиалдардың FB-беттерінде, баспа БАҚ-та жариялауына болады.

‒ Келешекте осы жұмысты жандандыру мақсатында қандай жоспарларыңыз бар?

‒ «Шамшырақ»  парақшасында облыстың үздік мұғалімдері өз тәжірибесімен бөліседі. Сонымен қатар алаңда  кәсіби жобалармен танысып, үздік шеберлік сыныптар, ашық сабақтар мен дәрістерді тыңдауға болады.  Ted-мұғалімдердің сөйлеуін ПШО-ның Youtube-арнасында, филиалдардың FB-беттерінде жариялап,  жазылушылар арасында «Үздік хабарлама», «Үздік пікір», «Ең белсенді абонент» конкурстар өткізуді жоспарлап отырмыз.

‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА