‒ Әлемдегі пандемиялық ахуал барлық салаға өзгеріс енгізді. Бұл жағдай шекарашыларға қандай жаңа міндеттер жүктеді?

‒ Иә, пандемияның кері әсері ұзаққа созылғаны рас. Алайда еліміздің шекарасын, оның ішінде Сыр елінің шекара шебін қорғап жүрген шекарашылар өз қызметтерін тұрақты түрде жүргізіп, міндетін адал атқаруда. Шекарашылардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында күнделікті санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуына көңіл бөлініп, сақтық шаралары күшейтілді.

‒ Шекара қызметінің  жауапкершілігі жоғары екенін білеміз. Бұл салаға сіз қалай келдіңіз?

‒ Мен шекара қызметіне 2006 жылы мерзімді әскери қызметімді өтеп келгеннен кейін келдім. Сол уақытта Қызылорда қаласында орналасқан ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты 2019 әскери бөліміне әскери қызметке шақырылдым. Арада өткен он бес жылдан бері еліміздің бірнеше аумағында әртүрлі бағыттар бойынша әскери қызмет атқарып келемін.

Әр адам өз ісінің кәсіби маманы болуға тиіс, оның ішінде әскери қызметкерлерден өте үлкен жауапкершілік талап етіліп, ел шекарасын күндіз-түні қорғау тапсырылады. Басшылық сенім артып тапсырған лауазымды атқаруда өзіңнің біліктілігіңді көрсетіп, адал қызмет етуге міндеттісің деп ойлаймын.

‒ Өзіңіз айтқандай, қандай сала болсын кәсібилікті талап етеді. Шекарашы болғысы келетін жастар үшін айтып өтіңізші, шекарашыға қандай талаптар қойылады?

‒ Шекарашы болу үшін әрбір азаматтың ынтасы мен жігері болу керек. 18 жасқа толған әрбір ҚР азаматы білімді әрі физикалық тұрғыдан мығым, темірдей тәртіпке төзімді болғаны жөн.

‒ Қызмет барысында қауіпті жағдайлар да орын алуы мүмкін. Өз тәжірибеңізде кездескен тосын оқиғалар жайлы айтып беріңізші…

‒ Шекарашы болғаннан кейін қызмет барысында, контрабандалық деректердің жолын кесуде көптеген қиын да, қызықты тосын жағдайлар болып тұрады. Шекарашылар әркез өздерінің физикалық дайындықтарын жоғары деңгейде ұстайды, үнемі қоян-қолтық ұрыс кезінде қаруды қолдану жаттығуларын жасап, біліктілігін шыңдап отырады. Сол себепті шекарашылар тосын жағдайға дайын жүреді.

‒ Жаңа дәуірді технология заманы деп атаймыз. Осы орайда шекарашылардың уақытын үнемдеуге көмектесетін қандай да бір техникалар қолданысқа енді ме?     

‒ Шекара қызметінде заман талабына сай ауқымды реформа, қайта құру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік шекараны мүлтіксіз күзету мақсатында кадрлық құрамды нығайту, заманауи арнайы техникалық құралдармен жабдықтау, шекара бөлімшелеріндегі жеке құрамның қолайлы тұрмыстық жағдайларын жасау мен жақсарту сияқты кешенді шаралар біртіндеп жүзеге асуда.

‒ Әңгімеңізге рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!