− Айбек, сіздің күнделікті спортпен айна­лысатыныңыздан хабардармыз. Спорт­шы болу бала күнгі арманыңыз ба әлде денсаулығыңыз үшін мән бересіз бе? Жал­пы жаттығу жасап, саламатты өмір сал­тын ұстануды қашаннан бері дағдыға айнал­дыр­дыңыз?

− Спорт бала кезгі арманым десем жалған бо­лар. Балалық шақта тек футбол ойнауға ден қойдым. Қазақтың “ Ден саудың − жаны сау» деген сөзін жақсы білесіздер. Менің де өмір­лік ұстанымым осы. Сол үшін күнделікті жүгі­ремін. Белтемірде жаттығу жасаймын. Мұндай белсенділікті қазіргі қызметім де талап етеді. ҚР Қарулы күштерінде әскери қызметші болған соң спортпен айналысуды дұрыс деп санаймын.

− Спортқа тұрақты көңіл бөлу үшін уа­қыт­ты қалай жоспарлайсыз?

− Күнделікті кешке уақытымды жаттығуға арнаймын. Ал демалыс күндері таза ауада таңғы салқынмен жүгіремін. Ұзақ қашықтыққа вело­сипед тебемін. Белгілі бір қашықтыққа жү­гіруді меже етіп, сол мақсатқа жетуге тал­пы­намын.

− Спорттың адам денсаулығына пайдасы көп. Бірақ кейде шамадан тыс дайындықтың немесе оған ара-тұра көңіл бөлудің кері салдары бар екені  айтылады. Осы орайда арнайы мамандардан кеңес алдыңыз ба?

− Иә, кейде артық жүгіруден соң денеге шамадан тыс ауырлық түсетінін байқаймын. Бірақ алға қойған мақсатқа жетуге ештеңе кедергі емес деп ойлаймын. Арнайы маман­дардан да кеңес алған емеспін. Себебі же­ңіл атлетикаға маман көмегінің қажеті жоқ. Қазір ғаламтор арқылы іздегеніңізді табуға болады. Әмбебап спортшылардың түсірген бейне­жаз­басын қарап, сол кісілердің жасағанын қайта­лауға тырысамын. Мықтылардың межесіне, мақ­сатына жету арманым десем  де болады.

− Спортпен айналысқалы қандай оң нәтижелер байқадыңыз?

− Спортпен жиі айналысатын адамда әрқа­шан жеңілдік сезімі болады. Денең қатаяды. Он екі мүшеңнің жақсарғанын сезінесің. Аурумен жақсы күресесің. Бұл бір мақсатқа жетудегі нәтиже деп түсінемін. Әрқашан көңіл күйің-көтеріңкі болады, өмірге деген көзқарасың да өзгереді. Үнемі спортпен айналысатын жан саламатты өмір салтын ұстанады деп ойлаймын.

− Қанша күннен бері халық әлемдік до­даны бақылады. Ал сіз спорттың қай түріне жанкүйерсіз?

− Мен спорттың street workout түріне, бокс, және ережесіз жекпе-жек түріне жанкүйермін. Қазақстанның осы спорт түрлерінде жүрген спортшыларының жетістіктерін үзбей қарай­мын.

− Халықаралық спорт күнінің қарса­ңында оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?

− Жастарға үнемі денсаулығын күтіп, сала­матты өмір  салтын ұстануға кеңес беремін. Қыс-жаз мезгіліне  қарамастан, жұмысты қалай алып жүресіздер, спортты да солай өміріміздің бір бөлшегі санау керек деп ойлаймын. Өйткені қазір жастар  ұялы телефонды, компьютерді көп қарайды. Бірақ оның пайдасына қарағанда зияны көп. Халықтың саны артып, дені сау ұрпақ көбейсін десек, кезіндегі ата-бабаларымыз секілді қымыз, шұбат ішіп, дұрыс тамақтанып, спортпен айналысу қажет дегім келеді.

− Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА