Биыл Қазақстан АҚШ-та өткен Global Student Entrepreneur Awards халықаралық сыйлығының финалына алғаш рет қатысты. Байқаудың 37 жылдық тарихы бар. Онда ел намысын 19 жастағы студент Аружан Аманбаева қорғады. Қазақ қызының бизнес-жобасы The Social Impact Award 2021 сыйлығын жеңді.

«Суицид жасау туралы ойлайтын балалармен жұмыс істедім» 


Аружан Аманбаева Қазақ-Британ техникалық университетінде Энергетика және газ факультетінің 2-курсын бітірді. Ол жоғарыда атаған халықаралық жарыста ең жас қатысушы болған. Өзінің айтуынша, 18 жасында Қазақстандағы ең алғашқы сертификатталған құм терапеві атанды. 

«11-сынып оқып жүргенімде Таиландтан келген мұғалімнен құммен сурет салу терапиясын үйрендім. Сөйтіп, Қазақстандағы ең алғашқы сертификатталған құм терапеві болдым. Сертификат алған соң психикалық, физикалық ауытқуы бар, күйзеліске ұшыраған, суицид жасау туралы ойлайтын балалармен жұмыс істей бастадым. Олармен мұқият жұмыс істесеңіз, жақсы нәтиже алуға болады. Оны әлеуметтік желілерде бөлістім. Көптеген ата-ана «Менің балама да үйретіңіз», «Коррекция жасаңыз» деп жаза бастады», – дейді ол.

Аружанның айтуынша, Қазақстанда бұған дейін құм тек арт-терапиясы ретінде қолданылды. Қазақстанда ДЦП, аутизмге шалдыққан, жалпы инклюзив балалар өте көп. Олармен дұрыс сырласып, сөйлесіп, тиімді жұмыс істеу әдісін табу қажет. Ал ол үшін құм терапиясын пайдалануға болады.

«Жаңа әдістемеміз бір жылда 1300 балаға көмектесті» 


«Біз алғаш рет психолог, медицина мамандарымен бірге құм терапиясы арқылы емдейтін жаңа әдістеме құрастырдық. Терапия аппарат арқылы өткізіледі. Аппаратта арнайы құм қойылған, ол денсаулыққа зақым келтірмейді, балалардың моторикасын дамытады, бактерия қабылдмайды және өткізбейді. Ондағы жарық көзге зақым келтірмейді, стандарттан өткен.  Терапиядан толық өткеннен кейін кей бала сөйлей бастады, кейбірі өз күшімен жүре бастады, кейбірінің ата-анасымен қарым-қатынасы жақсарды. Кей баланың анасының қуаныштан жылап, қоңырау шалған кезі болды. Нәтиженің бәрін әлеуметтік желіге салып отырдым. Сөйтіп 11-сынып оқып жүргенімде отбасымызбен астанада шағын орталық аштық. Құм терапиясы ҰБТ-ға дайындалып жүрген маған да көп пайдасын тигізді. Біз бір жылда 1300 балаға көмектестік. Бірақ пандемия басталып, орталықты жабуға тура келді», – дейді Аружан Аманбаева.

Аружан сол кезеңде өзінің де ауруханаға түсіп, ауыр операцияны басынан өткізгенін айтты.

«Сол кезде Алматыға көштім, ауруханаға түсіп қалдым, операция жасалды, жүріп-тұруым қиындады. Ауруханада да ешкіммен байланыстырмады, тіпті ата-анамды да кіргізбеді. Сол кезде өзіммен өзім қалып, көп ойландым. «Мен кіммін, нені қалаймын, өмірдегі миссиям қандай, қоғамға қалай көмектесе аламын?» деген сұрақтарды қойып, жауабын іздедім» – дейді ол. 

«Қазақстанда ауытқуы бар бала саны ресми деректегіден көп»


2017-2018 жылғы статистика бойынша Қазақстанда 143 мыңнан астам психикалық, физиологиялық ауытқуы бар бала өмір сүреді. Аружан Аманбаеваның айтуынша, шындығында ондай балалардың саны ресми деректегіден де көп. Оның қатарына ДЦП, аутизм, Даун синдромына шалдыққан және психикалық дамуы кешіккен балалар да кіреді.

«Елде олардың саны әлі күнге дейін дұрыс есептелмейді. Бірақ оған дұрыс жүйенің болмауы ғана емес, ата-аналардың да әсері бар. Кейбірі баласына мұндай диагноз қойылғанын қаламайды. Сол үшін тіркеуге алғызбауы мүмкін. Байқауда нақты статистикамен сөйлеу қажет болды. Бірақ ескі деректі айтуға мәжбүр болдым, 2020 жылғы деректерді таба алмадым. Дұрыс статистиканың болуы елде инклюзив орта қалыптастыруға кедергі келтіреді. Себебі нақты дерек болмаса, зерттеулер нәтижесіз болады, ал зерттеу жасалмаса, мәселенің дұрыс шешу жолы да табылмайды», – дейді ол. 

Аружан Аманбаева командасымен Global Student Entrepreneur Awards байқауына қатысарда оқушылар арасында сауалнама жүргізген. Сауалнама қорытындысы бойынша, оқушылардың 98%-інде психологиялық мәселе бар екені анықталған. Оған буллинг, отбасындағы мәселелер, мұғалімдердің айтқан сөздері әсер етуі мүмкін. 

«Сауалнама аноним өткендіктен, оқушылар пікірін де жазды. Кей бала мектепте «Сенің қолыңнан келмейді», «Сен адам болмайсың» деген сөзді жиі еститінін жазған. Мұндай сөздерді балалар әртүрлі қабылдайды. Кей балада шын мәнінде психологиялық ауытқу бар, олармен психологтар жұмыс істеуі керек. «Өтінемін бізге психологпен сөйлесуге мүмкіндік беріңізші» деп жазғандар да болды. Бұл тек оқушылардың мәселесі, бірақ бізде мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленетін балалар, студенттер де бар. Қазір пандемия басталғалы бері экономика, медицина мәселелері жиі көтеріліп, балалардың құқығы тасада қалып қойды.  Онлайн сабақ, күні-бойы үйде отыруы, ата-анасының басына түскен қиындығы, жұмыссыз қалуы, отбасындағы барлық проблема балалардың психологиясына ауыр соққы болды. Осы мәселені халықаралық деңгейде көтердік. Байқауға 38 елден 18-29 жас арасындағы 1600 студент қатысты», – дейді Аружан Аманбаева.

Аружан негізін қалаған команданың халықаралық жарыста жүлде алуына бірнеше себеп болған.

«Жарысқа бір ай дайындалдық. Командамда ҚБТУ студенттері мен Стенфорд университетінің профессоры, дубайлық психолог менторымыз болды. Байқауда біз проблеманың нақты шешу жолын ұсынып әрі бизнес-жобаның жүйесін, стратегиясын, статистиканы, монетизация моделін көрсетіп, сендіре алдық. Global Student Entrepreneur Awards та – America’s Got Talent, Grammy, Oscar жүлделері сияқты бизнес саласындағы байқау», – дейді ол.

«Дублинде жұмыс істеуге шақырту алдым, бірақ бас тарттым»


Аружанның айтуынша, Қазақстанда мектептердің 70%-і инклюзив білім беруге дайын деген мәлімет бар. Бірақ шын мәнінде, оның көрсеткіші 5-10% көлемінде. Себебі бұл салада білікті кадрлар да, аппарат та, арнайы, стандартқа негізделген әдістеме де жоқ. 

«Маманданған кадрлар жүйесін құрғым келеді. Білікті мамансыз инклюзия дамымайды. Мұндай орталыққа мемлекет көмектессе ғана үлкен деңгейге жете аламыз. Инклюзив баланы да басқа дені сау балалардан бөліп-жармай дамытуға болады. ДЦП болса, қозғала аламайды, аутизм болса, түсінбейді деген стереотиптен құтылуымыз керек. Тіпті, аутист балалардың өзі үлкен жетістікке жетіп жатыр, маңыздысы – оған дұрыс коррекция жасау. Мемлекеттік стандарттан өткен біздің аппаратты мектептерге енгізсек, балаларға ғана емес, мұғалімдерді де ерекше балалармен жұмыс істеуді үйретуге болады. Қазір Қазақстанда менің әдістемемнен өткен 20 шақты мұғалім, психолог, логопед мамандар бар», – дейді ол. 

Аружан Аманбаеваны менторы Дублинде жұмыс істеуге шақырған. Оған барлық жағдайыңды жасаймын десе де, әуелгі мақсаты – бірінші Қазақстанда инклюзив орта қалыптастыру, кейін ғана басқа елдерге өту екенін есіне алған. «Сол үшін тиімді ұсыныстан бас тарттым», – дейді ол. 

«145 мың бала – бір қаланың халқы ғой. Бір қаланы елге кіргізбей қойғандай болып отырмыз. Ерекше балаларда ерекше көзқарас болады. Сондықтан олардың қоғамда өмір сүруін жеңілдетіп, олардың да дамуына мүмкіндік жасауымыз керек», – дейді Аружан Аманбаева.

5q.media/kz