Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектепте ардагер ұстаз Жұмаш Сәметқызы Балғожаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің қалалық олимпиадасы қорытындыланды.

Олимпиаданың ашылу салтанатына облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов, Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Ермағамбетова, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханананың директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас, білім саласы қызметкерлерінің қалалық кәсіподағының төрайымы Орынша Алимбетова, облыстық оқу орталығының басшысы Сырым Асқаров қатысып, мұғалімдерге сәттілік тіледі.

Ұстаздық қызметке деген халық арасындағы құрметті арттырып, педагогтардың шығармашылық мүмкіндіктерін қолдау мақсатында өткізілген олимпиадаға қала мектептерінен 40-қа жуық мұғалім қатысып, бақ сынады.

Білім бәсекесінің І кезеңінде ұстаздар белгіленген тақырыптар аясында эссе жазса, ІІ кезеңде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша мектеп бағдарламасына негізделіп дайындалған тест сұрақтарына жауап берді.

Байқаудың нәтижесі бойынша І орынды №101 мектеп-лицейінің мұғалімі Жадыра Жуынтаева иеленіп, оған 100 000 теңге сыйақы табысталса, ІІ орынды №3 ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі Аймағамбетова Гүлайна иемденіп, 70 000 теңге сыйақы алды. Ал, №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтаева Зәуре жүлделі ІІІ орынға ие болып, 50 000 теңге сыйақымен марапатталды.

Олимпиадаға Қорқыт Ата атындағы ҚУ профессор Ұлжан Жанбершиева, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының тренері Мәрия Орманова, «Orda» колледжінің оқытушысы Гүлназ Бекмағамбетова қазылық етті.

Айта кетейік, Жұмаш Сәметқызы – өз еңбек жолында өнегелі із тастап, білім беру мен тәрбие үрдісін ұйымдастыруда ұзақ жылғы ізденіс пен ерен еңбегін білім саласына арнай білген ұстаз. №222 орта мектепте 2018 жылдан бастап Жұмаш Балғожаева атындағы қазақ тілі мен әдебиет кабинеті жұмыс жасап келеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!