Тәуелсіздік тұрасың жыр басында,

Көңілдің мөлдіреген тұнбасында.

Мәңгілік ел символы секілденіп

Ұласа бер мәңгілік мың ғасырға.

Қазақ сенің жолыңа бәрін берді,

Жастары жанын қиып, қанын берді.

Қадірің қаншалықты құнды екенін,

Жұртыңа жеткілікті мәлімделді.

Менің қайсар көңілім жасымаған,

Тәуелсіздік тойын тағатсыз тосып алам.

Желтоқсан айы далама келген сайын

Алматының алаңын есіме алам.

Егемендік екінші анам едің,

Кіндігімнен байланған балаң едім.

Сексен алтыда сәби боп тудым-дағы,

Алашыма азаттық ала келдім.

Сен маған сый боп келдің ақын еттің,

Жігерімді жаныдың батыр еттің.

Өшкен үміт оттарын қайта жақтың,

Сәкен, Тұрар, Міржақып, Ахметтің.

Күн сүйеді арманым айдынымды,

Бақытым деп білемін байлығымды.

Шашуыңды шаш, кәне, шартарапқа

Қазағым құтты болсын той бүгінгі!

Тұрар Бекмырзаев

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!