ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған облыс музейлері экспозициясы бойынша «Үш он жылдық белес» атты экскурсиялар шеруі өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұршат Наурызбаева мәлімдеді.

Жалпы облыста 14 музей бар. Облыс музейінің қоры палеолит дәуірінен бастап қазірге дейінгі өлкенің тарихынан, экономикасы мен мәдениетінен, әдебиеті мен өнерінен, флорасы мен фаунасынан сыр шертетін тарихи құндылықтарға толы. Жәдігер саны – 146 923.

– Облыс музейлерінде 2306 экскурсия, 229 лекция, 161 көрме, 10 шеберлік сағаты, 18 тарихи-танымдық видео ұйымдастырылды. «Музеолог» бағдарламасына 770 экспонат, облыстық музейге 200 экспонат ендірілді, – деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев.

Қазіргі таңда Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейіне жер телімі беріліп, жаңа ғимарат салу жоспарлануда. Сондай-ақ Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылысы жаңадан салынып, экспозициясын жасақтау басталды.

– Облыста Халықаралық музейлер күніне орай ауқымды шаралар ұйымдастырылады. Атап айтсақ, «Менің музейім» атты ашық есік күні жарияланды. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған облыс музейлері экспозициялары бойынша «Үш он жылдық белес» атты экскурсиялар шеруі өтеді. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 экспонат» атты ашық аспан астындағы музейге сый акциясы және «Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Аманкелді Кененбаевтың қатысуымен «Өзіңді суретші сезін» атты перформансы ұйымдастырылады, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұршат Наурызбаева.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!