9 ақпан – ұлт танымы мен әдебиетіне мәңгілік із қалдырған тұлғаның күні. Ол мөлдір махаббат, шалқыған шаттық, риясыз сезімді жырлады, көңілді қозғаған мұң-қайғының тінін өлеңмен өрді. Тұрмыс болмысы ішкі әлемін көмескілеуіне жол бермей, адуын күшпен алға ұмтылды. Еңбегінің зая кетпесін, өлеңінің өміршең боларын күнібұрын сезіп, «келер заманның құрдасымын» деп асқақ үн қата білген еді. Иә, 9 ақпан қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Биыл да оқырман қауым қаламгер шығармашылығын еске түсіріп, сүйікті ақынның сезімге толы жырын жатқа оқуға асықты.

Поэзия əлеміне ерен қуат, биік талғаммен қосылған Мұқағали Мақатаев саналы ғұмырын өмір қатпарын өлең өрнегімен кескіндеуге арнаған талант. Сол себепті әрбір оқырман қаламгер шығармашылығынан өзін, қоғам бейнесін жиі ұшыратады. Ақынның «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтаруға» талпынған ұмтылысын, межелі мақсатқа жетуінің сырын осыдан-ақ аңғаруға болатындай.

Мұзбалақ ақын буырқанған мінезі өмір арнасынан асып, көңіл кемерінен тасыған шақта да өлеңнен пана іздеді. Шынайылықты биік қойып, оқырманы келер ғасырда екеніне сенгені де сондықтан шығар. Тіпті, барын жырға төгіп, қарым-қабілетін өлеңге берген жанкештілік те бір бойынан табылды. Содан болар «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» деп өмірлік миссиясының сырын жасырмаған. Жаралы жанның ішкі сырын білдірген мұңды әуез ақынның сүйген жарына арнаған өлеңінен ерек сезіледі.

«Тағдырыма тура келген серігім,

Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?!

Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың,

Басқалардың барлығынан жерідім.

Ауырлықтың көтердің-ау көбін сен,

Сенен келіп қуат алдым жеңілсем.

Сен жер болдың, нөсер болып төгілсем.

Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем», – дейді қаламгер.

Ақынның жанын жете түсінген абыз жазушы Әбіш Кекілбаев та Мұқағали Мақатаевтың бітімі бөлек болмыс екенін дәлме-дәл тауып, қадір-қасиетін жете түсіне білген. Ақын туралы кезекті естелігінде:

«Мақатаев жырларындағы майда қоңыр саз бен жарқ-жұрқ көзге ұрмайтын жұмсақ нұрдың өзі де оның терең тебіреністі гуманистік мәнін айқындай түседі. Жас ақын зор адамгершілікті, биік гуманизмді елден ерек төтен ерліктерден емес, адамдардың бір-біріне деген мейір-пейілінен іздейді. Оның өлеңіндегі адамдар – шетінен жүзі игі, жүрегі жұмсақ жандар. Бірақ ақын өмірді май тозғысыз идиллия қылып суреттеуден аулақ. Ол әрекетшіл, мейірімді, өзгенің бақыты мен қуанышына тек тілектес қана болып қоймай, сол үшін бел буып күресетін белсенді, қайырымды адам туралы жырлайды», – дейді әдебиет абызы.

Өлеңге ақын қойған өлшем  де өміршең. «Махаббатпен басталып, парасатқа ұласқан» жыр жолдары Мұқағали поэзиясының бағыт-бағдарын, даму ерекшелігін айқындай түскен секілді. Сол арқылы өзгеден ерек мазмұн-сипаттағы туынды дүниеге келген. Қаламгер шығармашылығынан тек қазаққа тән қара өлеңнің «лебімен» қатар әлемдік классикалық туындылардың бояуы анық көрінеді. Сондықтан ақынды жалғыз қазақи танымдағы талант деп қабылдау қате болар. Мұқағали – төл әдебиетті өзге таным деңгейіне көтерген тылсым тұлға.

Ерген Якудаев

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!