Қазіргі таңда жас өскіндердің бойына қазақылықты сіңіруге, жанымызға жақын ұлттық болмысымызға тәрбиелеуге байланысты сыни пікір өте көп. Мұның барлығы айналып келгенде аталған салада үңірейіп көзге көрініп тұрған олқы­ықтардың кең ауқымын көрсетсе керек. Бүгінгі балалар әдебиетінің ахуалы мәз емес екенін білеміз әрі оған түсіністікпен қараймыз. Бірақ жағдай осылай екен деп өзге тілде жазылған шығармаларға ессіз беріліп кетпей, өзіміздің көрнекті жазушыларымыздың еңбектері мен ауыз әдебиетінің озық нұсқаларына иек арту қажет. Өйткені ұрпақ тәрбиесіндегі балалар әдебиетінің рөлі қашанда маңызды. Мұны облыстық мәслихатдепутаты Аманжол Оңғарбаевтың қоғамдық қабылдауында да көтердім.

Балалардың психологиясын зерттеу, дүниетанымын дамытатын шығармалар жазу, мұғалімдер мен ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты әдістемелік құралдар дайындау секілді жұмыстарды қолға алар кез жетті.

 Осы мақсатта 2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы аясында облыс орталығында балаларға арналған ғылыми орталық ашылса деген тілегім бар. Балалардың ойлау деңгейіне лайық, сана-сезімін жетілдіретін шығармалар басып шығаруға қолдау маңызды. Аманжол Сақыпұлы аталған ұсынысқа байланысты өз пікірін білдіріп, «Сыр медиа» серіктестігінде бұл бағытта қолға алынған бастамаларды атап, көңіліміз бірленді. Маңызды мәселенің күн тәртібінде екенін білу мен үшін қуаныш. Халық қалаулыларының, бас партияның ел болашағының рухани бай болып өсуіне үлес қосып жатқаны сенімді еселейді.

Рахат НАУРЫЗБАЕВА,

қала тұрғыны