Тауықтан бұрын оянатын Нұрғали ағамның «мұрынды» авто­бусын кей-кейде сағынамын. Жазда күн шықпай гүрілдеп ауыл ішін айнала жүретін осы автобусқа біздің Жаңақұрылыста мінбеген адам жоқ шығар. Бұның қыстағы бейнеті бір бөлек еді ғой. Су ысытып, астына от жағып, моторына өзінше «қан жүгіртіп» оталдыратын.

Жаңақұрылыс жұрты ішіп-жер азық-түлігін, үстіне ілер қыс-жаздық киімін де Қазалыдан артады. Тіпті, ауыл Аралға қараса да солай. Ол жаққа үйдің құжаты мен төрт баланың «пасобиясын» реттейтіндер болмаса, көбісі аттап басуға құлықсыз. Өз басым Арал дегенде алғаш рет мектеп жіберген олимпиада мен военкоматқа барғанда ғана көрдім. Оған дейін атын ғана естідік. Біз үшін Қазалыдан артық шәһар бұл әлемде жоқ болғаны рас.

Елдегі екі автобус Нұрғали мен Сереке ағамызда ғана. Кезектесіп жүреді. Кейде төрт адаммен кетіп барады. Кейде лық толы. Бірақ қайтар жолда автобусың бәрібір ыңыранып зорға жетер. Манағы кеткен төрт адамнан бөлек, қырық бес адамның базарға деген қоспасы бұл автобус шіркіннің «өкпесін өшіреді».

Есіңізде болар, алдымен артына қап-қап ұн, картоп-жуа, малға берер жемге дейін артылатын. Арасында қағаз қалтадағы әк пен цемент те бұрқырап жатады. Үй соғып жатқандарға жетпей қалған үш-төрт «паталоктың» ағашы да оралып тиелген бұл шіркінге. Оны қоя беріңіз, әнебір жылы бір апамыз ұзатар қызының дүниесіне қосар кіржуғыш машинасын, сандық-жәшігі, кесе-шәйнегімен артқаны бар. Мұндайлар төбесіне дейін тиелген соң бос орындарға жұмыртқа, помидор, пешенай секілді әлсіз заттар қойылатын. Езіліп не жарылмас үшін оларға сондай жұмсақ жер бұйырады. Алма бастаған, өрік қоштаған, бананы мен баклажан да бөлек-бөлек жайғасқан. Тағы не ұмыттық?! Әә, әлгі орындық астынан шыны-пынылардың даусы шығатын. Бұл ауылдағы «төшкілердің» қоспасы. Екі шофер ағамыз да елдегі саудагерлердің көңілін жыққан емес, кішкене пұлын берсе, базардан әкеле береді.

Кейде Қазалы базарынан адам да, зат та мол қайтар кез болады. Ондайда үлкен жеңгелердің заттарын абайлап аттап, жоғарыға шыға бересің. Ал бастың ба, онда біттің.

– Қараң қалғыр-ау, көстеңдеп қайда барасың, ана сөмкеде езілетін зат бар еді ғой…

– Қалбалақтаған қара қасқа-ай, сонша ебедейсіз бе ең. Кет, анда қаптардың үстінде отыр. Киімің үйге барғасын жуылар…

Базаршыл жеңгеңнің бақырғанынан құтылу үшін автобус артына сіресе тиелген ұн не жемнің үстіне амалсыз секіресің. Қаптың үстіне қарғаша жарбиып талай Жаңақұрылыс жігіттері отырды. Өтірік десе, жаны шықсын.

Бір қызығы, Қазалыдан шыға бере Нұрғали көкем ылғи термелерді қосып қоятын. Арал мен Қазалының мақамын тәуір көретін. «Бегім ана» жыры төгіледі автобус ішінде. Ал Сереке ағамда ылғи Тоқтар Серіков айтар «Сыған серенадасы» ойнап тұратын. Бұған әлгі бұйрабас әнші айтатын «Өмір түгілі өзімді де білмеймін» деген қайырмасы зарлы музыка да қосылады. Кассета ғой. Бүгінгідей микрофлешка жоқ. Ұнамаса ауыстыру туралы ойыңа да кірмес. Қалай кассета салынды, солай 30 минут ән салады. Лента біткен соң келесі бетіне суырып қайта салсаң басқа ән шырқалары анық. Сенесіз бе, кейбір кассета екі-үш жыл жүріп, ішіндегі барлық әнді жаттап алған кездер де болған. Тыңдай-тыңдай құлаққа сіңіп кеткен.

Ауылға дейін екі сағат жолдың арасында ақша жиналады. Билеттің пұлын бересің. Кейбіреуі қарызға мініп түседі. Ал елге жеткен соң екі ағам да әр үйге кезек-кезек барып, заттарын есік алдына түсіретін. Әлі де солай ғой. Аялдама болмады. Оны кейін біз, 1988 жылы туған түлектер салып бердік. Оған дейін бұл ел әкімшіліктің алдына таңғы бесте жинала қоятын.

Бала кезімізде мұрынды автобус та, Сереке ағаның «Кубаны» да Жаңақұрылыс пен жаһанды байланыстырып тұрғандай көрінетін. Рас қой. Қалаға қатынар автобустан бөтен нең бар?! Жеке көлігі барлар аз. Оның өзі «Уазик» еді. «Лөккөбай» машинасы барлардың қоқырайып жүргенін талай көргенбіз.

Иә, ауылдағы көп ата-анаға оқудағы һәм әскердегі баласын қауыштырған осылар еді ғой. Сонау Ақтөбе не Қызылордада оқитын ұл-қызымен осы екі автобус табыстыратын. Екі автобустың да Қазалыға дейін баратынын есепке алмайды, ар жағында пойыз не Икарус жүрерін қаперіне алса болады ғой. Жоқ, олар үшін балаларын көрген жеріне жеткізген осы көліктер қымбат. Әрі өте қымбат көрінгенін несіне жасырамыз?!

Осы автобус біз секілді арман қуған көп жастың жанына жалау болғаны өтірік емес. Талай жігіт пен қыз алдына арман мен мақсат қойып, осы автобуспен аттанған қалаға. Сол үшін көзге ып-ыстық еді…

Қазірде Нұрғали ағам баласы Сағадат қалаға автобуспен қатынайды. Бұрынғы мұрынды автобустың қаңқасы ғана қалды. Бұл жолы Пазикпен барамыз. Оған қоса Өмірсерік жездем мен Асылбек ағам кезектесе Арал мен Қазалыны айналады.

Ауылға барар автобус аман болсыншы…

Ержан ҚОЖАС