Ахметулла Шарапатов – Қызылорда медициналық жоғары кол­леджін­де 40 жылдан астам үздіксіз еңбек еткен ардагер ұстаз, Қазақстан Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Ол өзінің білімділігімен, адамгершілік қасиетімен, ұжым мен шәкірттерінің алдында үлкен құрметке ие болды.

Ахметулла Шарапатұлы ойлы сөздерімен бүкіл шәкірттерін тек ізгі қасиетке, жақсы бастамаларға жетелейтін. Мен осы колледжге 2002 жылы тарих пәнінің мұғалімі болып қабылдандым. Оқу орнына алғаш келген күннен бастап тарихшы болған соң Ахметулла ағаймен әріптес болып, үлгі-өнегесін бойыма сіңірдім. Осындағы оқытушылардың ішінен ең алғаш рет ұстаздық мол тәжірибені Ахметулла Шарапатұлынан алдым десем қателеспегенім.
Ол кезде оқытушылар құрамы да, топтар құрамы да аз болатын. Сол кездегі колледж басшысы Райса Әбдешқызының бастамасымен облыстағы және республикадағы мәдени іс-шаралардың бәріне студенттерімізді алып баратынбыз. Ахметулла Шарапатұлы әлеуметтік-экономикалық пәндер бірлестігінің цикл жетекшісі еді. Мұғалімнің жұмысы қағаз-құжатсыз болмайтыны белгілі. Барлығы бұрынғыдай қолмен жазылатын, компьютерді енді меңгеріп жатқан кез. Болашақ медицина мамандарына тарих пәнінен сабақ берудің технологиясы мені өте қызықтырған болатын.
Осы мақсатпен ең алғаш Ахметулла Шарапатұлының сабағына кірдім. Ағайдың дәріс беруі өзгеше, сабаққа деген студенттердің қызығушылығы өте жоғары екен, бірінен соң бірі сабақ айтуға таласып жатыр. Маған сабақ беру тәсілі өте ұнады. Сабақтан тыс іс-шаралар ұйымдастыруда ұстаз бұл астарға қандай тәрбие, бағыт-бағдар беретініне көз жеткізіп, содан соң барып тиянақты орындалуына назар аударатын.
1998 жылдан бастап А.Шарапатұлы Қызылорда медициналық училищесінің мұражай жұмысының негізін салды. Шәкірттерімізге білім мен тәрбие беруде мұражайдың алатын орны зор, өйткені мұражайда оқу орнының бүкіл тарихы көрсетілген. Ол оқу орны мұражайын 1978 жылы ашқанда ескі ғимараттардың бірінде орналасқан еді. Осыдан он бір жыл бұрын күрделі жөндеуден кейін бас корпусқа көшкен. Қазір оннан астам экспозиция бар.
Ахметулла Шарапатұлы оқу орнындағы барлық оқытушылар үшін еліміздегі саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени жаңалықтар жөнінде «саяси сағаттарын» өткізіп отыратын. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президентінің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларын колледж студенттері мен ұжымының арасында түсіндіру мен насихаттау жұмыстарын белсенді ұйымдастыратын.
Әрбір жас оқытушыны қолдап, қанаттандырып отыратын. Барлығымызға өз ақылын айтып, жанашырлықпен ақылшымыз бола білді. Жас ұстаздарды еңбектенуге, ізденушілікке ынталандыра жүріп, республикамыздың барлық колледж студенттеріне арнап «Қазақстан тарихы» оқу құралын жазып шығарды. Бұған қоса, 2017 жылы колледж жанынан ашылған «Рухани дамыту» орталығының меңгерушісі болды. Сондай-ақ, «100 тұлға» жобасы шеңберінде «Мақтан тұтар түлегіміз – 100 есім» атты кітап жинағын жасады. Медициналық колледждің әр жылдардағы атақты түлектері туралы баяндайтын алты суретті кітап дайындалды.
Осындай игі істерімен, тағылымды тәжіри­бесімен, өнегелі тәрбиесі­мен Ахме­тулла Шара­патұлы жастарға бүгінгі және бола­шаққа бағ­дар­лану­ға көмектесетін баға жетпес мұра қалдырды.
Өмірде осындай парасатты адаммен араласып, үлгі-өнегесін көріп, жақсы жандардың жанында жүргенімді тағдырымның үлкен сыйы деп қабылдадым. Ағайдың өмірден озғанына бір жыл өтті. Қазақта «Жақсының аты өшпейді» деген сөз бар, Ахметулла ағайдың адамгершілігі, әр­бір іске деген тия­нақ­тылығы, өзгелерге жасаған қамқорлығы туған-туыс­тары мен ұрпақ­тарына, әріптес­теріне бүгінге дейін үлгі-өнеге.
«Жақ­сы адам – Алланың нұры» дейді. Ұстаз жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты студент бойына дарыта білетін. Өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаз ретінде есімі жүрегімізде ұзақ сақталады.

Эльмира НҰРПЕЙІСОВА,
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің оқытушысы,
педагогика ғылымдары магистрі