Қызылорда қаласындағы А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада 6 шілде – Астана күніне орай «Астана – алты алаштың рухани темірқазығы» атты оқырмандар сағаты өтті. Жиынға аймаққа белгілі зиялы қауым өкілдері, сәулетшілер, тарихшылар қатысты.

Жиын Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының «Рухани жаңғыру» орталығы және кітапхана ұжымы ұйымдастырды.

Іс-шараның модераторы облыстық ішкі саясат басқармасының «Рухани жаңғыру» орталығы  коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Сәулет Сахиев елорданың күн өткен сайын асқақтап, ғылым мен мәдениет, еңбек және спорт саласында жеткен жетістіктерімен мәртебесі биіктей түскендігін, Астана – күллі Қазақстандықтардың мақтанышы, егемендігіміздің келбеті мен айғағы екендігі тұрғысында сөз қозғап жиынды бастап берді.

Шара барысында философия ғылымдарының докторы, Қорқыт  Ата атындағы Қызылорда университетінің философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Баймырза Қожамберлиев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үш тараудан  тұратын «Еуразия жүрегінде» атты кітабы жайлы, сәні мен сәулеті келіскен Астананың айшықты келбетін сөзге  тиек етті.

Сондай-ақ «Сәулет» қала құрылысын дамыту және маниторинг бөлімінің басшысы Алмат Берікұлы Елбасының қажырлы күш-жігерінің арқасында  қанатын кеңге жайып бара жатқан Елорданың кешегі мен бүгінгі асқақтаған сәулеті тұрғысында Шүкір Шахайдың – «Астана жан жүрегім» және «Архитектура Астаны» атты кітаптарының ерекшеліктеріне тоқталып өтті.                                                          

Жиында тарих ғылымдарының докторы, Қорқыт  Ата атындағы Қызылорда университетінің Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының профессоры Тастанбек Сәтбай сөз сөйлеп, Елбасының «Сындарлы он жыл» атты кітабынан кітапхананың жас буын өкілдеріне аз уақыт ішінде Астана Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразиялық кеңістіктің саяси-экономикалық және мәдени өмірінің ошағына айналғандығын мақтанышпен айтып берді.

Жиын соңында «Рухани жаңғыру» орталығы директорының орынбасары Сәулет Сахиев бүгінгі шараның негізгі мақсаты ұлт руханиятын ғасырлар биігіне көтеретін «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғам арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру екендігін айтты. Сонымен бірге  аға буын өкілдері,  өскелең ұрпақ, ел тізгінін ұстар жастар қауымының саналы, білімді ұрпақ болып қалыптасуының негізін қалап, қажырлы жұмыс жасап жатқандығын да атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!