Көктемнің шуаққа толы алғашқы аптасында ақын, журналист Ғазиза Әбілданың «Сезім – серуен» атты жыр жинағы қалың оқырманға жол тартты. Осы кезге дейін жыр сүйер қауымға «Таңсәрі» кітабын ұсынған ақынның кезекті туындысына бұрын-соңды жарияланбаған жаңа өлеңдері енген. Осы орайда өмірін өлеңмен өрнектеген сыршыл ақынмен тілдестік.

− Шығармашылық еңбек деген оңай дүние емес. Жүрегін жарып шыққан әрбір туынды −  ақынның жан дүниесіндегі ерек толқыныстың көрінісі. Ұйқысыз түндердің, шабытты шақтардың жемісі.

Өзіміз бала күннен бері кітапты зор құндылық деп санаймыз. Іздегенімізді содан табамыз. Сондықтан жиған-терген дүниеміздің кітап болып шыққаны ерекше қуаныш! Қазақ әдебиетінің алтын қорында қалады, − дейді ақын.

Лирикалық жырлар жинақталған туынды Алматы қаласындағы «Арыс» баспасында басылған. «Сезім – серуен», Көңіл – керуен» атты екі бөлім арқылы берілген ақын өлеңдерінде шынайы өмір, тап-таза махаббат бар. Себебі ақын жырларын табиғаттан шабыт алып жазғанын айтады.

− Тау-тасты, өзен-көлді, орман-тоғайды аралағанда керемет әсер аламын. Көркем жаратылысқа көзім тоймай, сүйсінемін, тамсанамын! Осындай сезімдерден соң өз-өзінен жыр шумақтары төгіледі. Демек, ақынның жан дүниесі тым әсершіл болады деген сөз. Жас баладай сәл нәрсеге өкпелейді де, сәл нәрсеге шаттанады.

Ақынның түйсінуінде махаббат − ең биік сезім! Бұл жайында Абай хакімнің өзі  “Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар” айтты емес пе? – дейді Ғ.Қозыбекқызы.

«Сезім ‒ серуен» жайлы пікір білдірген Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы: «Ғазиза ертегімен өмір сүрмейді, өлеңі – оның жүйрік қиялы, жауһар ойы. Ол өзі айтқандай, «сөзі мен ісі лайық» күрескер ақын. Қиындыққа төзгіш, қисынсызға көнбіс кезі де аз емес. Бірақ рухы мықты, жүрегі сәулелі. Аяқталмаған сөйлемге нүкте қойып, ал, болдым демейді, алға ұмтылып, ақ сапардың соны соқпақтарын іздеумен келеді. Мен мұны өмірге де, өлеңге де қатысты айтып отырмын. «Осылай нұрға бөлеп өмірімді, нүктені айналдырам леп белгіге» деп мұны ақынның өзі де айтады. Мен «Сезім ‒ серуенді» қазақ өлеңінің қазынасына қосылған бір олжа деп санаймын» деп жазыпты. Алдыңғы аға буын осылай бағалаған жыр жинағының жастар үшін де берері көп екеніне сенеміз.

Г.Нұртайқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!